Онлайн газет



ӘДЕМІ ҚАРТАЙҒАН ҚАРИЯ

Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты «қария» деп атайды. Қарияның әрбір сөзі мәнді, сәнді, мазмұнды, ұрпаққа берер тәрбиесі мол, алары бар, маңызды болуы тиіс. Міне мұндай ел құрметіне бөленіп жүрген қазыналы қариялар ауданымызда көптеп саналады. Солардың бірі – Сарыкемер ауылында тұратын, бүгінде 80 жасқа келіп отырған құқық қорғау саласының ардагері Аманкелді Оспанов.
Аманкелді Оспанұлы 1944 жылдың 5 желтоқсаны күні Қызылорда облысының Сырдария ауданында өмірге келген. 1963 жылы Қызылорда қаласындағы №410 орта мектепті, ал 1972 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, «құқықтану» мамандығын алып шықты.
Жастайынан сабақты жақсы оқып, өзіне құқық қорғау саласының қызметкері болуды мақсат етіп қойған Аманкелді ағаға жоғарғы оқу орнында оқып, мамандық алып шығу анау айтқандай қиын болған жоқ.
Кешегі Кеңестер Одағы кезінде жаңадан оқу бітірген жас мамандарды қажет еткен жаққа арнайы жолдамамен жіберетін тәртіп бар еді. Сол тәртіп бойынша Аманкелді ағада 1972 жылы облысымыздың Свердлов (қазіргі - Байзақ) аудандық ішкі істер бөлімінде алғашқы жұмысын тергеуші болып бастады. Бөтен аудан, бөтен жерге бар болғаны 28 жастағы жас жігіттің сіңісіп кетуі оңайға түскен жоқ. Алайда жастайынан үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсетіп өскен жас ауданға да, өзі алғашқы еңбек жолын бастаған аудандық ішкі істер бөліміне де көп ұзамай-ақ үйренісіп кетті. Қызмет барысында өзіне қамқор болып, қолдан келген көмектерін көрсеткен сол кездегі басшылары С.Рысбаев, Н.Егембердиевтерді әркез еске алып отырады.
Аталған бөлімде еңбек еткен 4 жылда талай қиыншылықтарды бастан кешірді. Облыс орталығына жақын аудан болғандықтан әртүрлі қылмыс жиі-жиі орын алып жататын. Ал оны ашып, қылмыскерлердің қылмысын мойындату жолында тергеушілерге артылар  жүкте жеңіл емес екені анық. Алайда ағамыз бұл міндетті мүлтіксіз орындай білді.
1977-1980 жылдар аралығында Жамбыл облыстық кәсіподақтар басқармасында құқықтық инспектор қызметін атқарғанда  талай еңбек адамдары құқының бұзылмауы жолында тер төкті. Алған алғыстары аз емес.
Ағамыз 1981 жылдан бері Жамбыл облыстық адвокаттар алқасының мүшесі-адвокат қызметін атқарып келеді.
Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңды басшылыққа алып жұмыс істеп келе жатқан Аманкелді Оспанов бұл қызметте де абыройсыз емес. Бір кездері қылмыс жасаған бұзақыларды өзі тергеп, қылмыс жасағандарын дәлелдесе, енді ондай жандарға заң аясында араша түсуде.
-Менің Аманкелді Оспанұлымен адвокатура саласында қызмет етіп келе жатқаныма 20 жылдай уақыт болды. Өте сауатты, адамгершілігі мол ағаны ұстаз санаймын. Алғашқы жұмысқа келгенімде бұл саланың қыр-сырын үйреткен болатын. Әліде кейбір қиын мәселелер туындағанда ағаның ақылы, тәжірибесіне жүгінеміз, - дейді шәкірті, Байзақ аудандық заң кеңесінің меңгерушісі Әбибулла Сәулебаев.
-1973 жылы Свердлов аудандық АХАЖ бөлімінде қызмет ететін Фатима Жұмабайқызымен  отбасын құрдым.  Бүгінде Еркін, Айгүл, Айнұр есімді ұл-қыздарымнан бірнеше немере сүйіп отырмын, - дейді Аманкелді аға.
Өкініштісі сол, өзі таңдап қосылған қосағы Фатима Оспанованың  2021 жылы науқастан өмірден өткені болып отыр.
Аманкелді ағаны байзақтықтар тәжірибесі толысқан, адамгершілігі мол азамат қана емес, спортты жанына серік еткен қария ретіндеде жақсы біледі.
-Жас кезімнен дойбы мен шахматқа әуес болып өстім.  Студент кезімде дойбыдан студенттер арасында Алматы қаласында барлық қарсыласымды ұтып, бірінші орынды иеленгенім бар. Ал шахматтан аудандық, облыстық жарыстарда  жүлделі орындардан көрініп, 1974 жылы Тараз қаласының чемпионы атандым. Сөйтіп, спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындадым, - дейді аға сөз арасында.
Иә, Аманкелді аға қазірде “ойлылардың ойыны” саналатын шахматты жақсы ойнайды. Бірнеше жыл ауданымыздағы ардагерлер арасында чемпион болса,  облыс ардагерлері арасындағы жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Ағамызды сегіз қырлы, бір сырлы азамат деуге болады. Спортпен бірге өнергеде бейімдігі бар. Кезінде мандолинде ойнап, ән шырқағанда кәсіби әншілерден кем түспеген көрінеді. 2008 жылы Жамбылға келген атақты әнші Робертино Лореттимен кездесіп, мандолинде оның «О мое солнце», «Вернись в Сорренто» әндерін орындағанда ол ризашылығын  білдіріп, қолтаңбасын қалдырған екен.
Адам құқығы мен бостандықтарын қорғау жолында жарты ғасырдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан қадірлі қария Аманкелді Оспановтың халқына әліде болса берері аз емес. Өз білгенін кейінгі жастарға үйретуден жалықпаған ағамыз, атқарған адал еңбегі арқасында ҚР Адвокаттар Одағының “Мінсіз қызметі үшін” төсбелгісі және басқа да әртүрлі деңгейдегі бірнеше марапатқа ие болды.
Ауданымыздағы әдемі қартаюдың үлгісін  көрсетіп келе жатқан құқық қорғау саласының ардагері, адвокат  Аманкелді Оспановты алдағы өзінің кәсіби мерекесі-адвокатура күнімен тұспа-тұс келетін 80 жастық мерейтойымен құттықтап, ұзақ жасай беріңіз деген тілек айтқымыз келеді.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.

Обновлено 03.12.2024 10:29
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1453
mod_vvisit_counterКеше1409
mod_vvisit_counterОсы аптада4509
mod_vvisit_counterӨткен аптада10842
mod_vvisit_counterОсы айда30202
mod_vvisit_counterӨткен айда32286
mod_vvisit_counterБәрі2680418

Серіктестер