Өткен аптада аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков бекітілген кесте бойынша Диқан ауылдық округінің Аймантөбе елді мекені тұрғындарымен кездесті. Жиында алдымен ауылдық округ әкімі Жұман Абдуалиев ауылдың тұрмыс-тіршілігін баяндай келе, жол мәселесі реттеліп, көшеге түнгі жарық шамдары орнатылғанын жеткізді. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Болат Мырзаханұлы үстіміздегі жылы аудан көлемінде сала бойынша атқарылған жұмыстарға және алдағы уақытта атқарылатын
жұмыстарға тоқталды. Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан бала санының көбеюіне байланысты балабақша салу мәселесі көтерілді. Болат Сағынбеков бұл жоба ауылдық округтің 2025-2029 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілгенін айтты.
ТҰРҒЫНДАР СҰРАНЫСЫ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ
Бекітілген кесте бойынша есепті кездесу Түймекент ауылдық округінің Ақжар елді мекенінде өз жалғасын тапты. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Мырзаханұлы кездесу қатысушыларына ағымдағы жылы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, бүгінгі кездесу ауылдық округтегі өзекті мәселелерді ашық форматта, сұрақ-жауап алмасу арқылы өтетіндігін атап өтті.
Еркін форматта өткізілген кездесу барысында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жомарт Мұхамбетжанов егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуге көмек беруін сұранды. Ал, ауыл тұрғыны Роза Иманбаеваның көтерген қоғамдық көлік бағыты және аялдама орнату туралы мәселесіне Түймекент ауылдық округінің әкімі Қанат Смағұлов нақты жауап қайтарды. Сонымен қатар, кездесу қатысушылары тарапынан ауылдағы балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі жөнінде мәселе қозғалып, оған Болат Сағынбеков тиісті жауап қайтарды. Жиын соңында Болат Мырзаханұлы кездесу барысында көтерілген мәселе мен өтініштер кезең-кезеңімен орындалатынын жеткізді.
Айдар Алдабергенов. |
Обновлено 02.12.2024 15:43 |