Өткен аптада ауданымызға келген Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Байгебаев ауданымыздағы бірнеше мекеме қызметкерлерімен жемқорлықтың алдын алу бойынша кездесу өткізді. Сарыкемер ауылындағы №7 орта мектепте ауданымыздағы білім беру мекемелерінің директорлары мен балабақша меңгерушілері, аудандық емханада денсаулық сақтау саласы қызметкерлері, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқу залында мәдениет саласының мамандары, ал «Байзақ-су» мекемесінде
квазимемлекеттік мекеме қызметкерлерімен болған кездесулерді аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков ашып, жүргізіп отырды. -Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанда бүгінгі күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіні күмәнсіз,- деді кездесулерді ашқан кіріспе сөзінде Дулат Бекбосынұлы. -Сыбайлас жемқорлық - кез келген елдің өркендеп-дамуына кері әсерін тигізетін негізгі факторлардың бірі. Мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заң үстемдігін теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі келтіреді. Ал оған қарсы іс-қимылды өз құзіреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті, - деген Қайрат Оразбекұлы кездесуге келгендегі мақсат-сыбайлас жемқорлыққа байланысты дәріс өткізіп, оның алдын алу жолдары туралы жан-жақты түсінік беру екендігіне тоқталды. -Заң қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігі институты; -мемлекеттік қызметкерлердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында шектеулер енгізу; -жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын шектеу енгізу; -жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі қабылданды; -мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің сыйлықтар алуына толық тыйым салынды; -сыбайлас жемқорлық субъектілерінің құрамы кеңейтілді және комплаенс-қызметтер институты енгізілді; - 2020 жылы пара беру мен парақорлыққа делдал болу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу дерегі үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында қабылданған нормаларға қол қойылды.
Лауазымды адамдарды параға сатып алумен әдейі айналысатын, не заңсыз сыйақы беру кезінде делдал болған адамдар елеулі қылмыстық жауаптылықта болады,- деген Қайрат Байгебаев параның көлеміне қарай салынатын айыппұлдың мөлшерінде атап өтті. «Айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылғанында айтты. Пара берушілерде, пара алушыларда қатаң жазаланатынын ескертті. Парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін бірнеше рет, не қылмыстық топпен немесе өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған адамдарға да қатаң шаралар қолданылады. Бас бостандығынан айыру мерзімдерінің ұлғаюынан басқа, пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны үшінде айыппұл мөлшері бірнеше есеге өскен. Айыппұл мөлшерінің өсуін әртүрлі мысалдар келтіре отырып түсіндірді. Сондай-ақ делдалдар үшін де айыппұлдың мөлшері 2 есеге ұлғайған. Кездесулердің барлығында да оған қатысушыларды заңсыз сыйақы төлеу арқылы мәселелерді шешуден бас тартуға шақырды. -Агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тағы бір топтамасын енгізу көзделуде; -заңсыз баю үшін жауапкершілікті енгізу; -сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын адамдарды қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру; -кәсіби сатылмаушылығына тестілеу енгізу; -сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу; -параны уәде еткені немесе ұсынғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу; -сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін ескіру мерзімін ұлғайту; -«ақшаны қадағала» қағидаты бойынша қаржылық тергеу институтын енгізу; -сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершіліктің құқықтық тетіктерін жетілдіру; -аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін бірнеше еселенген айыппұлдарды жою көзделеді. Жоғарыда баяндалған барлық заңнамалық нормалардың қабылдануы-жемқорлықпен күресті күшейтуге зор үлес қосып, оның деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады, - деген Қайрат Оразбекұлы кездесулерге қатысушыларды Қазақстан Республикасы жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасымен таныстырды. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың 6 міндеті мен 10 бағыты жеке-жеке айтылып, оның қоғамдық мониторингі мемлекеттік органдардың жобалық офистері, қоғамдық кеңестер және басқада тәуелсіз алаңдар арқылы жүзеге асырылатыны айтылды. Кездесулерге қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Қ.Байгебаев жұмыс сапары барысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Байзақ аудандық филиалында «Бизнеске жол» жобасы аясында ауданның бірнеше кәсіпкерін жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Онда бизнесті қорғауды күшейту контекстінде кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмеу мақсатында Қылмыстық кодекске жауапкершілікті күшейтетін түзетулер енгізілгенін айтты. Енді құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бизнеске араласқандары үшін 2 жылдың орнына 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қауіпі барлығы айтылды. Құқық қорғау органдары басшылығы мен судьялардыңда осындай әрекеттер жасауы қатаң жазаланатыны жеткізілді. Қабылдауда болған кәсіпкерлердің дені өз шаруаларын жүргізуге ешқандай кедергінің жоқтығы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы мен аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі тарапынан қолдау көрсетіліп тұратынын айтты. Ал Сарыкемер ауылының кәсіпкері Болат Төлепбергенов ұзақ жылдардан бері малы, техникасы бола тұра 15 гектар суармалы жер ала алмай жүргенін айтса, байзақтық «Сардара» шаруа қожалығының жетекшісі Абдрахман Қаһарманов өзінің шаруа қожалығын (фазенда), жайылымдық жерін сатқанымен оның қаржысын толықтай ала алмай жүргенін айтып, көмек сұрады. Аталған мәселелерді мұқият тыңдаған Қ.Байгебаев олардың сұрақтарына жауап беріп, аталған мәселелерді шешуді аудан әкімдігі жер қатынастары мен кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімдерінің басшыларына табыстады.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |