Аудандық білім бөлімі мен аудандық аналар кеңесі арасындағы бекітілген жоспарға сәйкес аудан мектептері мен балабақшалар арасында «Әжемнің ертегілеріне саяхат» танымдық сағаттарын аптасына 1-2 рет өткізу жоспарланған болатын. Аталған шараға қатысатын әжелердің тізімі бекітіліп, олардың қатарына бұрын педагогика саласында еңбек еткендер мен бала тәрбиесінде тәжірибесі мол әжелер енген. Бізде сондай әжелердің қатарына енгенімізді мақтан етеміз. Міне сондай әжелердің бірі, Үлгілі ауылдық аналар алқасының мүшесі Әлимаш Теміржанова екеуіміз өткен аптада Үлгілі орта мектебі басшылығының шақыруымен бастауыш сынып оқушыларына
ертегі айтуға бардық. Мектептің сабақ өтетін бөлмелерін, спорт залын, асханасын, кітапханасын, әртүрлі мәдени іс-шара өтетін орындарын аралап көрдік. Бәрі жарқырап тұр, тап-таза, әдемі безендірілген, оқушылар қазақы нақышта оқу формасын киген. Бір қуантарлығы кітапхана түрлі ертегісі бар, балаларға арналған кітаптарға толы екен. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қуана қарсы алып, мектеп жетістіктерімен таныстырып, жаңа әдістемелік құрал-жабдықтар алғанын, жақында жаңа компьютерлік жүйелер орнатылатынын айтты. Сондай-ақ мектеп спорт залының шатырына күрделі жөндеу жүргізіліп жатқанын, бітуге таяу қалғанын да жеткізді. Мектептің кетігін жөндеп, кемін толтырып, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие алуына бар күш-жігерін аямайтын ұстаздарға, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Ниязбековаға алғысымызды білдіріп, ұстаздық еңбектері өрге баса берсін деген тілегімізді айттық. Бастауыш сыныптардың оқушыларына бірнеше ертегі айтып бердік. Балалар әжелерінің қолынан кәмпит жеп, ертегі тыңдап, мәз-майрам болып, бізді қуана қоршап алды. Сондай-ақ, тәртіпті болып, жақсы білім алыңдар, достықты қадірлеңдер, ата-аналарыңды сыйлаңдар, мұғалімдердің үйреткенін мұқият тыңдап, білімді, ақылды азамат болып өсіңдер деген әжелік ақыл- кеңесімізді айтып, Абай Құнанбаевтың "Желсіз түнде жарық ай "деген әнін айтып бердік. Біздің мақсатымыз - жас ұрпақ қазақ ертегілерін, мысал әңгімелерді, аңыздарды тыңдап, ән жырларымен сусындап өссін деген тілек. Сондай-ақ саналы азамат болып, Отанын сүйіп, елін қорғай алатын, ана тілін ардақ тұтатын патриот болып өсуіне өз үлесімізді қосу. Балалар бақшасындағы бүлдіршіндерге де үнемі барып, қазақтың аңыз әңгімелерін, мақал- мәтелдер айтамыз, түрлі ұлттық ойындар үйретеміз. Қолөнер бұйымдарын апарып, жасалу жолдарымен таныстырамыз. Киіз басу, жүн түту, ұршық иіру, тоқыма тоқу, ши тоқу деген сияқты еліміздің ұмытылып бара жатқан тірліктеріне көздерін үйретеміз. Сондай-ақ асықтар апарып, оны қалай ойнау түрлерін де көрсетіп жүрміз. Барған сайын құр қол бармаймыз, қалтамызға құрт, кәмпит сала барып сәбилерді қуантып кетеміз. Бақша қақпасынан кіргеніміз сол, алдымыздан әжелеп жүгіріп, қуана қарсы алады. Оған бізде жүрегіміз елжіреп, мейірленіп, марқайып қаламыз. «Нұрали» балалар бақшасының тәрбиешілері мен бақша меңгерушісі Гүлнар Шөкешова біздерді әрқашан құшақ жая қарсы алып, алғысын білдіріп, рахметін айтып, шығарып салады. Біз-балалар алаңсыз ойнап күліп өссе, жақсы білім алып, елін, жерін сүйетін, ана тілін жетік біліп, салт-дәстүрді танып өссе екен дейміз. Заманымыз тыныш, еліміз аман болып балалар бақытты өмір сүрсе екен деп тілейміз. Міне осылайша аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шырын Қапарованың басшылығымен мектептер мен балабақшаларда «Әжемнің ертегілеріне саяхат» танымдық сағаттарын өткізіп отыруды қолға алдық. Ал мұның бүгінгі өсіп келе жатқан жас жеткіншектерге тигізер пайдасы мол болатынына сенімдіміз.
Майра САТЫБАЛДИЕВА, аудандық аналар кеңесінің мүшесі. Үлгілі ауылы. |