Жүктілік және босану-эндокриндік пен иммундық жүйенің өзгерістеріне ғана алып келмей, туберкулез ауруының пайда болуына ықпалын тигізеді және тәуекел факторлары болып табылады. Жүкті және босанғаннан кейінгі әйелдер арасында туберкулез ауруымен сырқаттанушылық жалпы әйелдер арасындағы туберкулезбен сырқаттанушылыққа қарағанда 1,5-2 есе жоғары келеді. Сондықтан, туберкулезді уақытында анықтау мақсатында босанғаннан кейінгі кезеңдегі барлық әйелдерге кеуде қуысының флюорографиялық тексеруін міндетті түрде жүргізеді. Туберкулез ауруы босанғаннан кейінгі немесе жүктілік кезінде пайда болуы мүмкін, бірақ әдетте, алғашқы 6 айдың ішінде
туындаған туберкулез ауыр түрде өтеді. Туберкулезді интоксикация ұрықтың дамуына теріс әсерін тигізуі мүмкін және түсіктің пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкін. Ал егерде жүктілік туберкулез фонында орын алса, онда аурудың асқынуы жүктіліктің алғашқы айларында орын алуы мүмкін. Бұл әйелдерде байқалатыны-жалпы шаршағыштық, әлсіздік, жөтел, салмақ жоғалту, субфебриальды дене қызбасы.Туберкулез ауруының қайта асқынуы жүктіліктің 5-7 және 9 айында пайда болуы мүмкін. Мұндай кезеңдерде ыдырау фазасы кезіндегі инфильтративтік туберкулез, диссеминирленген туберкулез, экссудативті плеврит сияқты түрлерінің жүруі үстем болады. Босану-ең қауіпті кезең болып табылады. Өйткені жүкті әйелдердің көпшілігінде туберкулездің асқынуы және кейбір жағдайларда босанудан кейінгі туберкулезді менингиттің дамуы ықтимал. Бұл кезде дене қызуы жоғарылап, жөтел, тәбеттің төмендеуі, әлсіздіктің пайда болуы, және осы кезде туберкулез қоздырғышының қақырықта табылуы әбден мүмкін. Жүкті әйелдерде туберкулездің диагностикасы болып: -Микобактерияларды қақырықта анықтау негізгі әдіс болып табылады; -Жүкті әйелдерге қолдануға болмайтын тексерулерге-рентген, флюорография, томография жатады. Жүктілік кезінде анықталған туберкулез салдарынан жүктілікті жалғастыру немесе жүктілікті тоқтату мәселесін дәрігер шешеді. Бірақ, туберкулезге қарсы препараттармен емдеу, жүктілікті тоқтатуға қарсы көрсеткіш емес. Жүкті әйелдер туберкулезбен ауырған кездерінде ауру нәрестенің ағзасына қандайда бір әсерін тигізбейді. Тек ауыр прогрессивті процестерде ғана салмағы төмен, денсаулығы нашар балалардың туылуына әкеп соғады. Перзентханада нәрестенің анасының болуымен және жазбаша келісімімен вакцинацияланбаудың салдары және мүмкін болатын реакциялармен иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер туралы түсіндіргеннен соң, туғаннан кейінгі алғашқы төрт күн ішінде егу кабинетінде жаңа туған нәрестелерге вакцинация анықталған тәртіппен жүргізіледі. Ал, егерде сәбидің анасы туберкулездің белсенді түріне шалдыққан болса, нәрестені үш ай бойы химиялық профилактика жүргізу үшін оқшаулайды, содан кейін Манту сынамасы теріс нәтижелі болса, БЦЖ вакцинасы егіліп, иммунитет түзілгенге дейін тағы 2 ай бойы анасынан оқшауланады. Туберкулездің алдын алу үшін ең жақсы және сенімді тәсілі - жан-жақты, үздіксіз емдеу болып табылады. Туберкулезге қарсы препараттар туберкулез микобактериясын қоршаған ортаға бөлуін, сау адамдарға жұқтыру жолдарының процесін үзеді. Аурудың дамуын болдырмау үшін келесі ережелерді сақтау қажет: 1. Туберкулезге қарсы егілуден бас тартпау, Манту сынамасын жасау, ересектерге жылына 1 рет флюорографиялық тексерулерден өту; 2. Дұрыс тамақтану, міндетті түрде ақуыздың қолданған ас мәзірінде болуын қадағалау; 3. Белсенді өмір сүру, спортпен шұғылдану, шынығу; 4. Еңбек және тынығу режімін сақтау, жаман әдеттерден арылу немесе барынша азайту; 5. Жеке бастың гигиенасын сақтау; 6. Бөлмеде үнемі ылғалды тазалау, желдету; 7. Егер туберкулез ауруына шалдыққан науқаспен қатынаста болса, міндетті түрде қорғаныс шараларын пайдалану, бетперде кию.
Рита Алтынбасова, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы. |