Ілияс Жансүгіров-ақын, қоғам қайраткері, журналист, аудармашы және қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Алғашында өз әкесінен, ауыл молдасынан сауат ашады. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсына түседі. Осы уақыт аралығында «Aq jol» газетінде корректор болып жұмыс істеп, Ғани Мұратбаевтың ұйымдастыруымен «Жас Алаш» газетін шығаруға атсалысады. Сол жылдың күзінде ауыл мұғалімі болып, кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Алматыда Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады. Мәскеудегі Журналистика институтын бітірген соң «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарады. 1932-1934 жылдары-Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып
сайланды. Қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен алға басуына осы жылдары көп еңбек сіңіріп, одан кейінгі жылдарда Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. І.Жансүгіров өлең жазуды 1912 жылы бастаған. Оның «Балдырған», «Қызыл жалау» атты өлең дәптерлері кейін 1957 жылы Ұлттық кітапханадан табылды. «Сарыарқаға», «Тілек» атты өлеңдері І.Жансүгіровтің баспа бетін көрген алғашқы туындыларының бірі. «Сарыарқа», «Тілші», «Aq jol» газеттерінде өлеңдері жарияланып тұрды. Кейіннен І.Жансүгіров халқының алдында қаламы ұшталған, ойы терең, талантты ақын ретінде белгілі болды. Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығы көп қырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы өмір шындығы, тарихи оқиғалары арқау болған. Ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу-маржаны болып табылады. Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі - «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігі, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да еңбектеніп, А.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сонымен қатар М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Ол сонымен бірге қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендіріп, көріктендірген қайталанбас дарын иесі. І.Жансүгіров-поэзияның сан қырын меңгеріп, алуан түрлі тақырыптарға қалам тартқан жан-жақты ақын. Соның бір саласы-балаларға арналған өлеңдер. Осы әсем әлемнің әдебін айшықтап, кеңістігін кеңейте түсуге қазақ поэзиясының «Құлагері» - Ілияс Жансүгіровтың қосқан үлесі. І.Жансүгіровті қазақ балалар әдебиетінің ауыз әдебиетінен кейінгі негізін салушылардың бірі деп толықтай айта аламыз. 1929 жыл І.Жансүгіровтің балаларға арнап өндіре еңбек еткен кезеңі. Айналасы екі, үш жылдың ішінде «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық», «Малта», «Шәукеннің шәркейі», «Жұмбақ», «Одақ» деген бірнеше суретті кітапшаларын көпшілікке ұсынды.Ол балаларды ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуге күш салады және соған лайықты шынайы көркем туындылар жазады. Сәбилердің, жас жеткіншектердің рухани деңгейін көтеретін, қиялын шарықтататын жігерлі де жасампаз шығармаларды дүниеге әкелді. 1938 жылы қатыгез қоғамның кесірінен саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған. Еліміз тәуелсіздік алған соң Алаштың арыстары ақталып, олардың шығармалары бүгінгі таңда әр адамның жүрегіне жол табуда. Елімізде бірнеше мектепке, көшеге, елді мекенге, Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне І.Жансүгіровтің есімі берілді. 1994 жылы университеттің қарсы алдындағы алаңға ақынның қоладан құйылған ескерткіші орнатылды. Талдықорғанда ақынның өмірі мен шығармаларына арналған әдеби-мемориалдық мұражай жұмыс істейді.
Мадина ЕРКІНҚЫЗЫ. |