Онлайн газет



ҚҰЛАҚ ҚҰРЫШЫН ҚАНДЫРҒАН ӨНЕР КЕШІ

Өткен аптада Сарыкемер ауылындағы әл-Фараби  атындағы аудандық мәдениет үйінде Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған «Шолпан» халық ән-би ансамблінің «Саз әлеміндегі сағыныш» атты есеп беру концерті өтті.
Концертке өнерсүйер қауым көп жиналды. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов бастаған көпшілік алдымен фойеге қойылған көрмемен танысты.
Өзінің жарты ғасырлық тарихында талай-талай жезтаңдай әншілер мен  дәулескер күйшілер, мың бұрала билейтін бишілерді қанат қақтырған ансамбль бүгінде жаңа өнер иелерімен толығып, дәстүрлі өнердің даңқын аспандатып келеді. Ансамбльдің атағы облыс ғана емес оданда тысқары жерлерге мәлім болып отыр. Ансамбльді сол кездегі аудандық партия комитетінің  бірінші хатшысы Ұзақбай Сыздықбаев аудандағы өнерлі жастардың басын қоса отырып, құруға ықпал еткені мәлім.
Айтулы концертке қатысқан өнерсүйер қауымның арасында «Шолпан» ансамблінің осы атауды иеленуіне себепкер болған бір кездегі бала Шолпан, бүгінде 80 жасты алқымдаған әже Шолпан Сыздықбаеваның қатысуы, концерттің мерейін асырды. Концерттің ашылуында ансамбльге есімі берілген Шолпан әжені көрермендерге таныстырып, өнер иелерінің  оған гүл сыйлауыда жарасымдық тапты.


Көрермендер арасындағы алдыңғы қатарда кимешек киіп, қаздай тізіліп отырған аналарымыз концерттің  сәнін келтірді.
Сахна шымылдығы Абай Құнанбаевтың «Торжорға» күйіне қойылған «Шолпан» халық ән-би ансамблі бишілерінің мың бұралған биімен ашылды.
«Шолпан» халық ән-би ансамблінің орындауындағы Ж.Хафизұлының «Бақтыбай», Тоғжан Жахиннің «Бабалар мекені Алтай», Кенен Әзірбаевтың «Құлақ», Рүслан Қойшыбаевтың «Қарахан баба» күйлері сәтті шықты. Бұл жерде ансамбльдің дирижері, Мәдениет саласының үздігі Дастан Көрегенніңде еңбегін айта кеткен орынды.
Облыстық, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттары Ж.Құрамысовтың «Жамбыл ата елі» әнін орындаған Дулат Жасұзақов, А.Зацепиннің «Көктем вальсі» әнін орындаған Марал Жанбаева, Ш.Қорғанбектің «Жамбыл жері» әнін орындаған Саламат Молдабаев, Н.Тілендиевтің «Күндер-ай» әнін орындаған Динара Диханбаевалардың әуелете шырқаған әндері көрермендердің құлақ құрышын қандырды.
Ал ансамбльдің сүйемелдеуіндегі Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында» әндерін залдағы көрермендер қосыла шырқады. Олардың арасында Шолпан Сыздықбаевада әнге өзінің құлаққа жағымды қоңыр салқын дауысымен қосылып отырды.
Жас әншілер Жоламан Жиенбаев, Ерлан Жақсылықов, Дамира Жұмабекова, Арай Құрымбетовалар шырқаған халық әні «Үкілі қыз», «Ахау керім», К.Әзірбаевтың «Туған жер» әндерінеде көрермендер дүркін-дүркін қол соғып, қошемет көрсетіп отырды.


Концерт республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттары, дәулескер күйшілер Дидар Басықараев, Жалғас Аруанов, Рауан Жексенбі, Ерболат Тауасаровтардың «Күй тартыс» күйін кезектесіп, бірлесе, әртүрлі жағдайда емін-еркін тартуымен  аяқталды. Күйшілердің өнеріне риза болған көрермендер орнынан тұрып, ұзақ уақыт қол шапалақтаумен болды. Ал бұл оларға көрсетілген үлкен құрмет еді. Концерт соңындағы от шашуда көпшілік көкейінен шықты.
Міне осылайша «Шолпан» халық ән-би ансамблі өздерінің  жарты ғасырлық есеп беру концертінде өз тыңдармандарына әсем ән, күмбірлеген күйлерімен шат-шадыман қуаныш сыйлады. Көптен бері мұндай әсем ән, күмбірлеген күй, мың бұралған биге сусындап қалған көрермендер бір шөлдерін басқандай болды.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.

Обновлено 19.11.2024 12:00
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін84
mod_vvisit_counterКеше1415
mod_vvisit_counterОсы аптада6725
mod_vvisit_counterӨткен аптада14779
mod_vvisit_counterОсы айда8919
mod_vvisit_counterӨткен айда64363
mod_vvisit_counterБәрі2624655

Серіктестер