Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин-қазақтың көрнекті жазушысы, ақыны, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Ол 1894 жылы 15 қарашада дүниеге келген. Туып-өскен жері-қазіргі Қостанай облысы, Таран ауданы. Ата-анасынан ерте айрылған ол жетімдік зардабын шегіп, байларға жалданып қызмет етеді. Бейімбет қаршадайынан өнерге құмартып, өлеңге әуестенеді. Алғаш ауыл молдасынан оқып, сауат ашқан. Тұрмыстық жағдайы оның оқуға, өнерге, білімге деген талпынысына кедергі келтіре алмады. Сөйтіп, 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы «Уәзифа» медресесінде, Қостанайдағы қазақша, орысша мектепте, Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде
оқып, білім алады. Медреседе оқып жүргенде татардың Ғалымжан Ибрагимов, Мәжит Ғафури сияқты белгілі жазушыларымен танысады.Бейімбет Жармағамбетұлының әдебиет әлеміне деген алғашқы қадамы медресе қабырғасынан басталды. Оның туған жері туралы «Он бес үй», «Жалшы» деген әңгімелері де бар. Осында шығып тұрған «Садақ» атты қолжазба журналға белсене атсалысып, өзінің алғашқы прозалық туындысы, «Шұғаның белгісі» әңгімесін жариялайды. Өлеңдері «Айқап» журналында басқада басылымдарда шыға бастайды. Денсаулығына байланысты медресені аяқтай алмай ауылда мұғалім болып, жазушылықпен шұғылдана бастайды. «Қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Садақ» журналдарына жазып тұрады. Б.Майлин «Еңбекші қазаққа» «Еңбек туы» болып тұрған кезде-ақ атсалыса бастаған. Алғаш мақалаларымен қатысқан ол әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, хатшысы және редакторлыққа дейін өскен. Содан кейін «Еңбекші қазақ» (қазіргі “Egemen Qazaqstan”) газетінде қызмет істеп, Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетін шығарады. Бейімбет аз өмірінде аса өнімді еңбек етіп, елуге тарта кітабын шығарды. Оның шығармаларында қазақ кедейінің мінез - құлқы, тұрмыс-тіршілігі, арман мүддесі жан-жақты суреттеледі. Төңкеріске дейінгі «Мұқтаждық», «Мал», «Байлыққа» өлеңдерінде ауылдың ауыр тұрмысы, әлеуметтік теңсіздік жырланады. Қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Ол он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Бейімбет Майлин-қазақ повесін жаңа биікке көтерген жазушы. “Шұғаның белгісі”, “Раушан-коммунист”, “Азамат Азаматович”, “Берен” секілді шығармалары, қазақ романының қалыптасуына “Қоңсылар”, “Қызыл жалау” шығармаларының алатын орны зор. Сонымен қатар Бейімбет Майлин-поэзия, проза, драматургия жанрларының негізін қалаушылардың бірі.“Бейімбет Майлин шығармаларында терең шындық бар. Жалаң қиялға дес бермей, асқақ романтикаға да еліктемей, қазақ жазушыларының ішінде реализмге, шындықты суреттеуге, шығарманың көркемдік құндылығына мән берді, өмір шындығын, адамдардың типтік бейнесін жасауда Бейімбеттей ешбір жазушы шынайы суреттей алған жоқ” деген еді Мұхтар Әуезов. Жүз шақты фельетон, жүзге тарта очерк пен көптеген мақалалар жазып, жиырма жылға жуық журналистік қызметте болған Бейімбет Майлин тек жазушы емес, әдебиеттегі шындық, әділдік, адамгершілік үшін күрестің символы. Оның шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады.
Мадина Манглигалиева. |