Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбековтің төрағалық етуімен аудандық аппараттық кеңес өтті. Оған аудан әкімінің орынбасарлары Дулат Жақыпбеков, Рүстем Қасымов, ауыл, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Кәсіпкерлік саласындағы іске асырылып жатқан инвестициялық
жобалардың орындалуы туралы» аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қанат Телеуов баяндама жасады. Баяндамашы 2024 жылға жоспарланған негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 49 млрд. 609,0 млн. теңге екендігін, бүгінгі таңда оның орындалу барысы 80 пайызды құрап отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі кейбір ауылдық округтерде көңіл көншітерлік емес, жыл қорытындысымен жоспар орындалмай қалу қаупі бар екенін жеткізді. -Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, халықты жұмыс орнымен қамтумен бағаланатынын атап айтқан болатын. Сондықтан ауылдық округтердің әкімдері аталған мәселеге жауапкершілікпен қарап, жыл соңына дейін межеден шығу үшін жұмыс жасаңыздар,-деді Болат Мырзаханұлы.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе - «Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған алқаптардың игерілуі туралы» аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Дархан Кенжебаевтың есебі тыңдалды. Баяндамашы 2019-2023 жылдары Қостөбе, Жетібай, Үлгілі, Аймантөбе, Мырзатай, Дихан-2, Базарбай елді мекендерінде жер кезегінде тұрған азаматтарға берілген жер телімдеріне үй салынғандығын, ал кейбірі мүлдем жұмыс жасамағаны, кей жерлерде жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы жан-жақты тоқталды. Кеңес соңында Болат Мырзаханұлы алда атқарылар жұмыстардың бағытына тоқталып, негізгі міндеттерді нақтылады. Сала басшылары мен ауылдық округтердің әкімдеріне аталған жұмыстарды қолға алып, кемшіліктерін қалыпқа келтіріп, орындалуы үшін нақты тапсырмалар берді. Бұдан бөлек күзгі әскерге шақыру науқанының барысы, қысқа дайындық, 2025 жылға басылымдарға жазылу, халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту мәселелер де қаралып, тиісті тапсырмалар жүктелді.
Гүлшахар Әбдіқұлова. |