2011 жылдың 12 қарашасы жерлесіміз, Жамбыл облыстық жол полициясы жеке құрамының взвод командирі болған, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың Тараз қаласында қаруланған аса қауіпті қылмыскерді құрықтау кезінде бар болғаны 40 жасында ерлікпен қаза тапқан күні. Сондықтанда жерлестері оны жыл сайын осы күні еске алып, құрмет көрсетіп отырады. Өткен сейсенбі күні әдеттегідей аудан орталығындағы «Батырлар аллеясында» ел тағдырын өз тағдырынан бөліп қарамайтын «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың ескерткіші алдындағы алаңқайда еске алу шарасы өтті. Жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков, орынбасары Рүстем Қасымов, аудандық ардагерлер, қоғамдық, аналар кеңестерінің төраға, төрайымдары Серік Ермеков, Қыдырәлі Оралов, Шырын Қапарова, аудан әкімдігі бөлімдері
мен мекемелердің қызметкерлері, қиындық туғанда халық үшін басын бәйгеге тіккен асыл ердің ағайындары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, жастар қатысты. -Өжеттік өлімнен қорықпайды. Халық арасында жүрген өжет, хас батырымыз Ғ.Байтасовтың көзсіз ерлігі ескерусіз қалған емес. Тараз қаласында, өзі туып-өскен Түймекент ауылында да ескерткіш орнатылды. Ауылындағы мектепке, көшелерге есімі берілді. Мұның барлығы оған жасалған құрмет. Осындай батыр ұлдарымыздың арқасында елімізде тыныштық орнап, халық бейбіт өмір сүруде. Біз Ғ.Байтасовты мақтан тұтып қана қоймай, әрдайым еске алып отырамыз, - деді жиында алғашқы болып сөз алған аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев. -Ауданымыздың түлегі, облыстық жол полициясы жеке құрамының взвод командирі болған жерлесіміз Ғазиз Байтасов - елін сүйген азамат екендігін дәлелдеген тұлға. Ол ел Тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтаудың озық үлгісін көрсете білді. Оның елін сүю жолында істеген ісі бүгінгі жастарға үлгі болып, отансүйгіштікке тәрбиелейді. Ғазиздің ерлігі алдағы уақыттарда да насихаттала беретін болады, - деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков. Шараға қатысушылар ерлігі ұрпаққа ұран болған батыр бауырымызды бір минут үнсіздікпен еске алды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков бастаған шараға қатысушылар «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың ескерткіш тақтасы алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ. |