Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасының игі ісін ел ішінде қайта жандандырып мұқтаж кісілерге, жетім-жесірлерге, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға шарапаты тие бастағанына бес жыл болыпты. Бұл жылдар ішінде үйге қолы жетпей жүрген қаншама жандар үйлі болып, қоныс тойын тойлады десеңізші... Сол 2020 жылдан бастау алған асарлатып салынған үйді облысымызда алғашқы болып пайдалануға беріп, жалғыз басты анаға қуаныш сыйлаған ауданымыздағы ынтымағы жарасқан Ынтымақ ауылдық округінің Мәдімар ауылының тұрғындары екенін біреу білсе, біреу білмес. Енді міне биылғы жылы олар аудандағы 18 ауылдық округ арасында үшінші болып тағы бір үлкен жаңа үйді сапалы, өз мерзімінде
соғып, 7 ұл-қыз өсіріп отырған Нұржан мен Гүлжан Жақыпбаевтарға тапсырды. Ал бұл ауылдағы асарлатып салынған бесінші үй. Өткен сәрсенбі күні аталған үйдің кілтін салтанатты түрде тапсыруға байланысты жиын өтті. Үй маңы әсем безендіріліп, әртүрлі шарлармен көмкерілген екен. Жиынға ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Онда алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков көпбалалы отбасының иесі Нұржан Жақыпбаевты жаңа үйімен құттықтап, оған атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. -Бүгін біз жақсы бір істің басында тұрмыз. Асарлатып үй салу ата-бабаларымыздан қалған дәстүр. Сіздер осы дәстүрді сақтай отырып, жыл сайын өте мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап келесіздер. Бұл ауыл халқының ұйымшылдығын көрсетеді. Мына еңселі үй аудандағы асарлатып салынған үйлердің арасындағы биылғы жылға берілгелі отырған үшінші үй. Үй иелері Нұржан мен Гүлжанға қоныс тойларың құтты болсын дей отырып, осы отбасында тек қуаныш болуын тілеймін, - деді Болат Мырзаханұлы. -Мен осы ауылдың тумасымын. Алайда ауылда тұрмасамда жүрегім үнемі ауыл деп соғады. Сондықтанда ауылымның өсіп-өркендеуіне, халқының тұрмысы жақсаруына қолымнан келгенше көмегімді беріп келемін. Ауылдағы ағайындарда менің еңбегімді елеп, «Жыл адамы» деп арнайы шапандарын жауып жатыр. Бұл үшін ауыл, аудан басшыларына алғыс айтамын. Ал бүгінгі кілті табыс етілгелі отырған көпбалалы отбасыға да құралақан келгенім жоқ, - деген Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Алтай Райқұлов үй иелеріне микротолқынды пеш, шаңсорғыш, үлкен тоңазытқышты табыс етті. Аудандық мешіттің бас имамы Қанат Жұмағұлда үй иелерін жаңа баспаналарымен құттықтап, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының №798 сертификатын табыстады. Ауылдық мешіттің имамы Жақсылық Рахметовтың аталған үйге мол үлес қосқанында атай кетті. Ауыл ардагерлері атынан сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Дәулетовте 7 бала өсіріп отырған ауылдағы үлгілі отбасыны қуаныштарымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Аталған үйді соғып, пайдалануға беруде ұйымдастырушылық қабілеті жоғары округ әкімі Мейірбек Ноғаевтың еңбегі көп екенін жеткізді. Үй иесі Нұржан Жақыпбаев болса өз қуанышына ортақтасып келген аудан басшылары, басқада ағайындарға, үйін соғуға көмек қолын созған ауылдағы кәсіпкерлер мен шаруа қожалығының жетекшілеріне, ауыл халқына алғысын білдірді. Жаңа баспананың лентасын Б.Сағынбеков, Қ.Жұмағұл, Ж.Дәулетовтер қиған бетте жағалай шашу шашылды. Қонақтар үйге кіріп, барлық бөлмелерді аралап көрді. Бес бөлмелі үй соңғы үлгіде соғылғаны көрініп тұр. Көгілдір отынға қосылған, су кіргізіліп, жарық берілген. Үйдің іші жылы әрі жинақы көрінді. Келген қонақтар жайылған дастарханнан дәм татып, оқылған құранға қол жайды. Ауыл ақсақалы, ауданымыздың Құрметті азаматы Асан Әлмақашұлы бата берді.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |