|
Бүгінде Ұлттық бірыңғай тестілеу біздің өміріміздегі өз алдына бір маңызды оқиғаға айналды. Оның қорытындысы қылкөпірден өткендей, біреулер қуанып жатса, біреулер сүрініп, өкініп жатады. Ағымдағы жылдың сәуір айында Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы пысықталып, алғашқы сынақ тестілеуінің қорытындылары шығарылған болатын. Осыған орай, аудан әкімдігінің білім бөлімінен
алынған мәліметтерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Байзақ ауданы бойынша мектеп бітірушілерді ҰБТ-ге жаттықтыру мақсатында үстіміздегі жылдың 11 сәуірі күні ҰБТ ӨП-те ұйымдасқан түрде сынақ тестілеуге қатыстырылған. Биылғы оқу жылын аудан мектептерінің 636 түлегі аяқтайтын болса, солардың сынақ тестілеуге 475-і (74,7 пайызы) (өткен жылы ҰБТ-ге 70,6 пайызы) қатысқан. Сынақ тестілеуге қатысқандардың 456-ы, яғни 96 пайызы қазақ тілінде, 20-сы, яғни 4 пайызы орыс тілінде тапсырыпты. Сынақ тестілеудің қорытындысы бойынша орташа балл 67,5-ті құрап, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,42 балға жоғарылаған (2013 жылғы ҰБТ-ның орташа балы 67,08 құраған). Сынақ тестілеудің қорытындысы бойынша ең төмен орташа 51 балды Абай орта мектебі көрсетсе, өткен жылы орташа балы шекті деңгейден өтпеген орта мектептер қатарында Ақшолақ (46,38) пен С.Сейфуллин (45,6) орта мектептерін атауға болады. 2013 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша республикалық орташа балл 74,3, облыстық орташа бал көрсеткіші-75,02 болған. Сонымен қатар, ауданның 11 мектебінен «Алтын белгі» белгісіне 26 үміткер ұсынылып, олардан екі мектепте Н.Киікбаев орта мектебінде 4 үміткер, Ы.Алтынсарин орта мектебінде 1 үміткер дәлелдеген. Ал, қалған 9 мектептің ұсынған талапкерлері өз дәрежесіне жете алмаған. Биылғы жылғы сынақ тестілеу қорытындысы бойынша ауданның 10 орта мектебінен «Алтын белгі» белгісіне 16 үміткер, ал «Үздік аттестатқа» 3 үміткер ұсынылып отыр. Сынақ тестілеудің қорытындысында Ленин орта мектебінің үміткері - 119 балл, Көктал орта мектебінің үміткері - 110 балл, Ы.Алтынсарин орта мектебінің үміткері - 116 балл, С.Сейфуллин орта мектебінің үміткері - 106 балл жинап, өз білімдерін дәлелдесе, Н.Киікбаев орта мектебі ұсынып отырған 6 үміткерінің 3-еуі білімдерін көрсете алған, ал қалған үш үміткерге екі баллдан жетпей қалған. Сондай-ақ Ғ.Мұратбаев мектеп-гимназиясының оқушысы да екі балл, Бурыл орта мектебінің үміткері 7 балл жеткізе алмаған. Ал, М.Әуезов орта мектебінің оқушысы 89 балл жинаған. Сонымен бірге, «Үздік аттестатқа» ұсынылған үш оқушының (Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебінен) екеуі дәлелдесе, бір оқушыға 2 балл жетпей қалған. Аудан бойынша ҰБТ тапсырған 580 баланың 25 (4,3%) 100-ден жоғары балл жинаса, 218 (37,58%) оқушы шекті деңгейден төмен (орыс тілін санамағанда) немесе 50 пайызға да жетпеген. Енді шамалы күндерден соң мектеп бітірушілердің білімдерін сарапқа салар ҰБТ да келіп қалды. Жоғарыда келтірілген алғашқы сынақ нәтижелері көңілге аздап кірбің ұялатары анық. Десек те, келер күннен тек қана жақсылық күтіп, мектеп бітіруші түлектеріміздің өз білімдерін дәлелдеп шығарына сеніммен қарайық.
Өз тілшіміз. |