|

Ұлы Жеңістің 69 жылдығы мерекесіне орай аудан орталығындағы алаңға жиналған аудан басшылары, аудандық мәслихат аппаратының, аудан орталығындағы барлық мекемелердің қызметкерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл және еңбек ардагерлері, сондай-ақ, ауыл тұрғындары сап түзеп “ Батырлар аллеясына” бет алды. Алдымен Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан әкелеріміз бен аталарымызды еске алу үшін 1 минут үнсіздік
жарияланды. Аудан әкімі М.Шүкеев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Шәметовтер бастап “Қайғылы ана” ескерткішіне гүл дестелерін қойды. Гүл шоғын қою рәсімінен кейін аудан басшылығы бастаған қауым орталық саябақтағы Кеңестер Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ескерткішіне тағзым етті. Сахна төріне арамызда жүрген 13 майдангердің портреттері орналастырылыпты. Алаңға жиналған соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін, қалың жұртшылықты аудан әкімі Мұратхан Шүкеев құттықтап, Жеңістің маңызын, ержүрек ардагерлердің ерлігіне деген құрмет ешуақытта ортаймайтындығын айтты. Жеңіс күнін ұлықтаған шеруді ауған соғысының ардагерлері бастады. “Бейбіт күн ұландары” атты ұранмен сапта жүріп, ән айтудан жүлделі орындарды иеленген жас жол инспекторлары, Сарыкемер орта мектебінің, Ғ.Мұратбаев мектеп гимназиясының (ұлдар, қыздар), Қазақстанның 40 жылдығы атындағы және Ш.Уәлиханов орта мектептерінің жас сарбаздар құрамасы «Туған елім», «Жаса қазақ!» сынды патриоттық әндерді шырқап өтті.Қазақстанның 40 жылдығы мектебінің ұжымы әзірлеген “Мәңгілік тағзым саған, Жеңіс!” атты көрініс көпшіліктің жанарына жас алдырды, жүректерін тебірентті, адамзат үшін бейбіт күннің маңызын түйсініп, татулық пен бірлікті қадірлеу қажеттігін алдыға тартқандай болды. Аудан өнерпаздары жұртшылыққа ән мен тәтті күйден, биден шашу шашты.  Жеңісті әспеттеген шарада ардақты ардагерлердің құрметіне «Бағлан» мейрамханасында арнайы дастархан жайылып, солдат ботқасы берілді. Осылайша барлық елдімекендерде майдан даласында мерт болған жауынгерлер еске алынып, майдангерлерге құрмет көрсетілді. Сондай-ақ осы күні аудан басшысы М.Шүкеев аудандық ішкі істер бөлімінің бір топ қызметкерлеріне қызметтік шендерді салтанатты жағдайда тапсырды.
Өз тілшіміз. |