Онлайн газет



БАБА РУХЫНА АРНАЛДЫ

Өткен аптада Ынтымақ ауылдық округінің Мәдімар ауылында  Райымбекұлы Мәдімар болыстың 160 жылдығына орай үлкен іс-шара өтті.
Іс-шараға Астана, Алматы, басқада қалалар мен аудандардан көптеген қонақтар қатысты.
Қойнауы тұнған тарих, таусылмас шежіре осы өңірде нелер болып, кімдер өтпеді. Бұл мекенде мақтан тұтар, бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар  оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Халқының  күшін тасытып, мәртебесін көтеріп, қазақ елін аса іргелі елге айналдыруға сүбелі үлес қосқан перзенттердің бірі - ел мүддесін бәрінен биік қойған, әділ би атанған Мәдімар Райымбекұлының туғанына 160 жыл толып отыр.
Іс-шараға жиналған көпшілік ауыл орталығындағы жан-жағы абаттандырылып, әсем безендірілген Мәдімар Райымбекұлының еңселі ескерткішіне гүл шоғын қойды.
Жан-жақтан жиналған қонақтар алдында алдымен Ынтымақ ауылдық округі Билер кеңесінің төрағасы, ауданымыздың Құрметті азаматы, ақын Асан Әлмахашұлы Мәдімар болыстың өміржолы мен Мәдімар ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы баяндама жасады.
-Осы өңірде дүниеге келіп, ой-өрісінің кеңдігімен замана ауанын сезініп, алысты болжай біліп, тарихи тұлға болып қалыптасқан Мәдімар болыс 1864 жылы дүниеге келіп, 19 жасында-ақ ел билігіне араласқан. Қазақтың қамын, халқының бағын ойлаған, жұртының жоғын жоқтаған бабамыз Әулиеата уезіне қарасты 12 болыстың ішінде уезд приставының мүшесі болғандығы тарихтан белгілі. Ұлт бірлігін нығайту, жүздер мен рулар аралығындағы өзара келіспеушіліктен туындайтын  дауларды шешіп, ХІХ ғасырдың өзінде-ақ елді өнерге, білімге, кәсіпке, отырықшылыққа үндеген жан. Елді егіншілікке жұмылдырып, мектеп, медресе ашып, кітапхана ұстаған. Салдырған ғимараттарының бірі-“Мәдімардың ақ тамы” деген ат алып, кейін мектеп үйіне айналды. Онда талай ұрпақ білім нәрімен сусындады. Кейін күрделі жөндеуден өтіп, мешітке айналып, бүгінде ел-жұртқа имандылық нұрын шашып тұр. Ауылымыздағы бабамыздың еңселі ескерткіші ел тыныштығы мен бірлігін күзетіп тұрғандай,-деген Асан ақсақал бүгінгі округтегі атқарылып жатқан игілікті  істерді де атап өтті.


Бұдан соң аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев пен “Бестерек” қоғамдық қорының Президенті Шойбек Досыбаевта жиынға қатысушыларды Мәдімар Райымбекұлының 160 жылдық мерейтойымен құттықтап, Мәдімар болыстың басқада өнерлерімен қатар сөз зергері, шешен әрі ақын болғанына тоқталды.
Қазақ халқы - үлкенді үлгі тұтып, қастерлей білетін, әруақ сыйлаған халық. Ұлтымыздың жарқын болашағына жол салған, тәуелсіз мемлекетіміздің ұрпақтарының өсіп-өнуіне негіз қалаған, әділ би атанған Мәдімар бабамыздың өсиеттеріне адал болып, ғасырлар бойы армандап, қол жеткізген Тәуелсіздік туын жоғары ұстау бәріміздің  парызымыз екенін баса айтты.
Жиын соңында ауылдың “Әжелер” ансамблі, “Тараз триосы” әуелете ән шырқаса, “Туған жер” әні айтылып, жергілікті ақын Асан Әлмахашұлының сөзіне жазылған “Ауылым менің- Мәдімар” әні концерттік қойылыммен түйінделді.
Іс-шара барысында ересектер арасында волейбол, шахмат, дойбыдан, ал жастар арасында кіші футболдан жарыс ұйымдастырылды. Жарыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар атынан Дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.


Бәйгеге 1 млн. теңге қойылған көкпар ойынына қатысушылар көп болды. Жаппай көкпар ойынын қызықтап, көкпаршыларға айқайға аттан қосып, демеушілік жасағандарға  риза болдық. Әр салым салғандарға тиісінше ақшалай жүлде тапсырылып отырды.
Баба рухына арналған іс-шараны өзі ақын, өзі әнші  Берік Жарымбетовтің өлеңдетіп жүргізген еңбегінде ерекше атап өткен жөн.
Мәдімар Райымбекұлының 160 жылдығына байланысты өткен іс-шара өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, жақсы жағдайда өтті. Ол оған қатысушылар есінде ұзақ сақталары анық.

Айдар Алдабергенов.

Обновлено 29.10.2024 10:56
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін155
mod_vvisit_counterКеше1640
mod_vvisit_counterОсы аптада3309
mod_vvisit_counterӨткен аптада10582
mod_vvisit_counterОсы айда33449
mod_vvisit_counterӨткен айда45108
mod_vvisit_counterБәрі2824655

Серіктестер