Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы тоғыз басымдықтан тұрады. Солардың ішіндегі бесінші және тоғызыншы басымдықтарға ерекше тоқтала кеткенді жөн санап отырмын. Алдымен тоғызыншы басымдыққа тоқталайын. Себебі бұл «Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру» тақырыбымен ұштас тақырып болып отыр. Тоғызыншы басымдықта ел Президенті: «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет»,-деп атап көрсетті. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында мемлекетіміз құқықтық мемлекет деп жарияланған. Әлеуметтің құқықтық санасы мемлекеттік құрылымның
қазіргі талаптарына сәйкес келуі тиіс. Алайда, біздің әлеуметтік құқықтық білімінің көрінісі біздің ол деңгейге әлі жете қоймағанымызды көрсетіп отыр. Егер, мемлекеттің әрбір азаматы өз құқығын қорғауды, құқықтық мәселелер туындаған жағдайда қандай құрылымдарға жүгінуге болатынын білетін болса, демек ол қолданыстағы заңнама нормалары, заңдағы өзгерістер туралы біледі. Бұл қоғамдағы құқықтық мәдениеттің деңгейін білдіреді. Елдегі құқықтық мәдениет деңгейі қоғам дамуының көрсеткіші, құқықтық мемлекет құру үрдісінің нәтижесі болып табылады. Жалпы құқықтық мәдениет ұғымының мағынасы кең, соның ішінде жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті қазіргі қоғамның өзекті мәселесінің бірі. Құқықтық мәдениет құқықтық санадан туындайды. Құқықтық сана-адам құқығына белгілі бір көзқарас, құқық туралы білім, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мінез-құлыққа ие болу, тыйым салулар мен шектеулер туралы білу. Құқықтық санасы қалыптасқан азамат құқыққа құрметпен қарайды. Мұндай азаматтар құқықбұзушылыққа бармайды, өз құқығын біледі, басқа адамдардың құқықбұзушылығына төзімсіз болады. Жеке адамның құқықтық санасы күнделікті алуан түрлі байланыстар мен қатынастардың ықпалымен және өзінің білім деңгейі, мәдениетіне қарай қалыптасады. Қазақстанда қоғам үшін қауіпті дерт-жемқорлықтың дендеп кетуіне де құқықтық мәдениеттің төмендігі ықпал етуде. Статистикалық деректер бойынша жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі екен. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретін жемқорлықтың тамырына балта шауып, алдын алу жөніндегі іс-шаралардың арасында азаматтардың құқықтық санасы, көзқарасы дұрыс болуы қажет. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт. Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеуі керек. Әділет министрлігіне көпшіліктің жемқорлыққа қатысты құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Білім және ғылым министрлігі де балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қолға алған жөн»,-деген болатын. Сондықтан, мемлекет тарапынан халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Құқықтық білім беретін оқу орындарында да білікті маман даярлауға жіті көңіл бөлінуі тиіс. Сондай-ақ әрбір азамат өзінің құқықтық сауаттылығын көтеруге, туындаған мәселесін шешуге, өзінің мемлекет кепілдік берген мүдделері мен құқықтарын қорғауға ең алдымен өзі қызығуы керек. Қазір интернетте, дәстүрлі БАҚ-та құқықтық қорғау, көптеген мәселелерді шешу жайындағы пайдалы ақпарат өте көп. Сонда түрлі жағдаятта қандай әрекет ету керектігін әрбір азамат білетін болады және өзі жүгінген заңгерден де білікті көмекті талап етеді. Сот саласының құқықтық сауаттылықты дәріптеудің бір көрінісі ретінде биылғы жылы орын алған сот отырыстарының алғаш рет онлайн форматта көрсетіле бастауы деп айтар едім. Осындай тәсілмен екі сот процесі өтті. Сот істері миллиондаған адамның көз алдында мейлінше ашық жүргізілді. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Осындай жаңашылдықтардың нәтижесінде азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады. Мұның бәрі қоғамда кәсіби маман болу құндылығын дәріптеуге мүмкіндік береді. Жалпы, сотты онлайн өткізу жұрттың құқықтық мәдениетін көтеруге оң әсер етуде. Сотқа қатысушы тараптар ашық сот алаңында өз ойларын еркін жеткізе алады. Сотты онлайн өткізудің тағы бір ұтымды тұсы-елімізде заң мен тәртіп қағидатын орнықтыратын тиімді тәсіл.
Досжан Төленбеков, аудандық соттың төрағасы. |