Ағымдағы жылдың 4-қазанында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезі өтті. Оған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйлеуі бұл іс-шараның маңыздылығы мен әлеуеттілігінің көрсеткіші деп айтар едім. Айтулы жиынға еліміздің барлық аймағынан келген судьялар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты. Президенттің айтуынша, әділ сот - мемлекеттің тірегі, сондықтан сот билігі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуға тиіс. - Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың
басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды,-деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің сот саласын кешенді реформалау ісіндегі қол жеткізген негізгі жетістіктеріне тоқталды. Расында да, қазіргі таңдағы сот жүйесіне едәуір оңтайлы өзгерістер орын алуда. Соттардың жеке дара дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті сот корпусының өзіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни, оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрлық жүйеге толық көшкен. Сондай-ақ Әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Тәжірибеге сүйенетін болсақ, бүгінде әкімшілік әділет аясындағы сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатыр. Бұл-оң үрдіс, жақсы көрсеткіш. 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот жұмыс істейтін болады. Негізінде, сот төрелігіне қол жеткізуде соттардың шешіміне кассациялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігін беру маңызды деп ойлаймын. Осы съезде Мемлекет басшысы соттардың қызметін одан әрі жетілдірудегі басым міндеттерге назар аударды. Президенттің пікірінше, келесі басымдықтарға назар аудару қажет: - саланы цифрландыруды жалғастыру; - әкімшілік істер бойынша да аумақаралық соттылық жүйесін енгізе отырып, сот ісін қашықтан жүргізуді қарастыру; - сот ісін жеңілдету мақсатында озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану. Расында да цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Сот отырыстарының онлайн көрсетілуі қалың жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл сот тарихында бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Сот мәжілісін осындай форматта өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар. Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгереді, сауаттылығы артады. Жалпы, сотты онлайн өткізу жұрттың құқықтық мәдениетін көтеруге оң әсер етуде. Осы съезд барысының маңызды бөлігі - судья әдебі кодексі қабылданды, оны Мемлекет басшысы қолдады. Жалпы, судьялар адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек. Сондықтан судьялардың этикалық нормаларды сақтауы ерекше маңызды. Жаңа өзгерістерге сай енді сот ісін қарау кезіндегі барлық өрескел қателікті қазылар қауымы тексереді. Бұл-соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа тәсіл болып отыр. Судьялардың жаңа Әдеп кодексі соттардың тәртібінде жоғары стандарттарды бекітіп, сот жүйесіне қоғамның сенімін нығайта түседі деп санаймын. Жиында Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEРEJ) президенті Франческо Депаскуале, Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA) президенті Луис Пальма сөз сөйледі.
Досжан Төленбеков, аудандық соттың төрағасы. |