
Кеше аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы мәдениет сарайында 25 қазан – Республика күніне байланысты салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталды. Жиында алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков жиынға қатысушыларды Республика күні ұлттық мерекелерімен құттықтады. -Бұл күн – баршамыз ерекше ардақ тұтар мерейлі мереке. Өйткені ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа қол жеткізген күн. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің шешімімен 1990 жылы 25 қазан күні «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация
қабылданды. Ал бұл сол кезеңдегі еліміздің егемендігі үшін жасалған алғашқы қадам болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді ұсынды. Осылайша Республика күні қайта жаңғырып, Ұлттық мереке ретінде биыл үшінші жыл атап өтілуде. Бүгінде еліміз төрткүл әлемге танылған, экономикасы дамыған, бірлік пен татулықты нық ұстаған, дамыған мемлекетке айналды,- деген Болат Мырзаханұлы еліміздің қарыштап дамуына байзақтықтардың қосып отырған үлестері жайлы айтып өтті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлестері және 25 қазан-Республика күні мерекесіне орай аудандық орталық ауруханасының бактериолог дәрігері Фарида Аянбаева, аудан әкімі аппаратының басшысы Еркін Заурбеков, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Саққұлова, Сазтерек ауылдық округі «Абдуалы» шаруа қожалығының жетекшісі Әскербек Шүкірбаевтарға Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасын, ал «әл-Фараби атындағы мәдениет үйі», «Шолпан» халық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Сәуле Сүйеншібекова, аудандық электр жүйелерін тарату мекемесінің қосалқы станция жөндеу шебері Еркінбек Айтжанов, «Байзақ су» кәсіпорнының қызметкері Мақсат Мәмбетовтерге облыс әкімінің Алғыс хатын салтанатты жағдайда табыс етті.
 Аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Сағынбеков пен аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы А.Жәмішжанов зейнеткерлер Қабылбек Киікбаев, Ғайни Көшекбаева, Жомарт Мұхамбетжанов, Жасұзақ Аликулов, Еркін Қуанышовтарға «Байзақ ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісін тағып, куәліктерін табыс етті. Құрметті азаматтар атынан Түймекент ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мұхамбетжанов сөз алып, аудан тұрғындарын ел тарихындағы ерекше күн-Республика күнімен құттықтап, өзінің ізгі тілегін білдірді. Мерекеге орай ауданымыздың өсіп-өркендеуі мен әлеуметтік дамуы жолында талмай еңбек етіп келе жатқан бірнеше еңбек озаттары марапатталды. Олардың арасында «Байзақ ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісін, Байзақ ауданы әкімінің Грамотасы мен Алғыс хатына, «Amanat» партиясы Байзақ аудандық филиалының «Құрмет грамотасымен» марапатталғандар бар. Жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының шырқаған әуезді әндері, күмбірлеген күйлері, мың бұралған билерімен қорытындыланды.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |