Әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов су тасқыны кезінде көмекке барған әскери қызметшілерге құрмет көрсетті. -Биылғы көктемде Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланып, алапат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек беруге ел халқы біркісідей жұмылды. Соның ішінде аудан тұрғындары, кәсіпкерлер, жеке азаматтар да өздерінің үлестерін қосты. Осындай қиын кезде Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарының елді мекендерін тасқын судан қорғауға әскер қатарында жүрген сарбаздарымызда белсене атсалысты. Осындай ержүрек, отаншыл перзенттер тәрбиелеген ата-аналарға айтар алғысымыз
шексіз,-дей келе Рүстем Қалмұхамбетұлы су тасқынына қарсы күрес кезінде батылдық танытқан, запастағы жауынгерлер: сарыкемерлік Даниял Ағаділ, Руслан Қуаныш, мәдімарлық Нұрбол Көпжасар, бурылдық Максим Савриков, ботамойнақтық Ермахан Қалиқұл, Рамазан Теңізбаев, ақжарлық Арсен Нұрланұлы, Әлішер Аманғали, Аязбек Нұргелдіні Қорғаныс министрінің арнайы сыйлығымен марапаттап, ізгі тілегін білдірді. Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов шараға қатысып отырған Сарыкемер мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушыларына білім алу, алдыға мақсат қою, сол жолда талмай еңбектену қажеттігін, елге адал қызмет етудің маңыздылығын, еліміздің болашағы-өсіп келе жатқан жас толқын екендігін, оларға жүктелген міндеттің ауқымдылығын атап өтті. Қабылдауға аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, полковник Көпбосын Нурдинов, Қарулы Күштер ардагері Қанат Бошай және запастағы жауынгерлердің ата-аналары қатысып, марапат иелерін құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Өз тілшіміз. |