Біздің тілшіміз Республика күні ұлттық мерекесіне орай аудандық соттың төрағасы Досжан Төленбековке жолығып, бірнеше сұрақ қойған еді.
-Досжан Қанатбекұлы сізді өз ұжымыңызбен бірге еліміздің ұлттық мерекесі күнімен құттықтаймын! -Рахмет!
- Еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қалай қабылданды? Декларацияда не айтылып, оның қандай мән-маңызы болды? -«Қазақ ССР-ның Мемлекеттік егемендігі туралы» декларация 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің
шешімімен қабылданды. Бұл еліміз үшін аса жауапты құжат. Аталған құжаттың қабылдануы оңайға түскен жоқ. Жоғарғы Кеңестің депутаттары арасында қызу талас-тартыс болғанында теледидардан тыңдап, баспасөз беттерінен оқығанбыз. Ал бұл ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа қарай жасалған алғашқы қадам деуге болады. Онда Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, халықтың мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескерілді. Басқада елімізге байланысты маңызды деген мәселелер қамтылды. Алайда декларацияның заңды күші болған жоқ. Дегенмен ол еліміздің алдағы бағытына бағдар берді. Соның өзі демократиялық бағыттағы азаматтарға, жалпы халыққа үлкен жігер бергенін айтуымыз керек. Бұл құжат біздің мемлекеттік егемендігімізді шегеледі, оны азаттыққа ұластырды. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ елінің дербестігі бекітілсе, 1991 жылы 16 желтоқсанда толық тәуелсіздігімізді жарияладық. Осы үлкен жолдың бастауында декларация тұрды. Демек, бұл құжат Тәуелсіздік алуымызға себепші болуымен құнды.
- Бұл мереке қанша жыл тойланды? Не себепті мерекелер тізімінен алынып тасталды? -Республика күні мерекесі 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде аталып өтілді. Алайда 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес, 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілуіне байланысты, 25 қазан - Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.
- Республика күні мерекесінің қайта тойлануы туралыда білсек? -Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын»,- деп атап өткені белгілі. Міне осылайша, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев оның ұлттық мереке мәртебесін қайтарып, елдің басты мерекесіне айналдырды. Ал бұл халықтың қалауы еді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ұлттық мереке қатарына ерекше тарихи маңызға ие және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен күндер енеді. Бұл мереке осынысыменде құнды. Демек аталған мерекені биыл үшінші жыл атап өткелі отырмыз. Ұлттық мерекенің мәртебесін асыру елдігімізді нығайтып, халықтың отаншылдық сезімін арттыратынында естен шығармағанымыз жөн. - Халық арасында Республика күні мен Тәуелсіздік күнін шатастыратындарда бар. Осы екі мерекенің аражігін ажыратып берсеңіз?
-Республика күні - өзіміз айтып отырған осыдан 34 жыл бұрын еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданған күн. Бұл күн ұлттық мереке ретінде аталады. Ал тәуелсіздік күні -1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданған күн. Ал бұл заң жоғарыда аталған декларацияның қағидалары негізінде әзірленгенін айта кеткен орынды. Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып саналады. Аталған екі мереке бірін-бірі толықтыратын, сабақтас мерекелер. Сондықтанда бұл мерекелерде ұлттық құндылықтарға басымдық беріліп, тарихымыз, салт-дәстүріміз кеңінен қамтылып жатса деп тілейміз. Жастарымызды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеуге тәрбиелеп, жас ұрпақтың санасына сіңіріп, елін қорғайтын азамат етіп тәрбиелеуге күш салуымыз керек.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Сүндетулла ӘБІЛОВ. |