
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Республика күні- халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке”, - деп атап айтты. Сәрсенбінің сәтті күнінде ауданымыздағы №1 мектеп-гимназиясында Республика күніне орай, Жамбыл облысы «Мұрагер» бейбітшілік шарты әскери күштері ардагерлерімен «Отанды сүю – әрбір азаматтың парызы» атты кездесу кеші болып өтті. Іс-шараға мектеп директоры Гүлпаш Жаманова, мектеп ұжымы және білім алушылар
қатысты. Кештің мақсаты-оқушыларды туған жерін, елін, халқын ардақтап өтуге үйрету. Бақытқа жетер даңғыл жолдың бірі-Отанды сүюден басталатынын түсіндіру болып табылады. Кездесуді кіріспе сөзбен мектеп директоры Гүлпаш Рамазанқызы ашты: «Ең алдымен баршаңызды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Барлығымызға белгілі, 1990 жылғы 25 қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылданды, еліміз тәуелсіздікке бет бұрды. Азат болудың алғышарты жасалды. Сондықтан біз үшін бұл күннің орны ерекше. Ал, болашақ ұрпақты Отанды сүюге тәрбиелеу-біздің басты міндетіміз. Бүгінгі ардагерлеріміз қатысқан іс-шара осы мақсатқа бағытталады».
 Салтанатты кеш Мемлекеттік Ту жоғарыға көтеріліп, Гимн шырқалуымен басталды. Оқушылар патриоттық рухта ән айтып, би биледі. Тәуелсіздік жайлы өлеңдер оқыды. Кеш қонақтары Жамбыл облысы «Мұрагер» бейбітшілік шарты әскери күштері төрағасы Саят Ділдабаев, ардагерлер Талғар Бұралхиев, Арыстанбек Құрымбетов, Асылхан Алдабергенов, Марат Қошқарбаев, Серік Дангилов және №28903 әскери бөлімшенің байланыс батальоны командирінің тәрбие-идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Алия Мұсабекова, сол бөлімшенің батальон сержанты, жауынгерлік дайындық және дене шынықтыру жөніндегі нұсқаушысы 3-ші сыныпты сержант Руслан Белтаевтар өз баяндамасын жасады. Олар жастарды отансүйгіштікке баулу, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында облыстағы мектеп, колледж, әскери кафедраларды аралап, насихаттау жұмыстарын жүргізетініне тоқталды. Әскери патриоттық бағытта атқарған жұмыстары білім алушылар тарапынан оң нәтижесін беріп жатқанын ризалықпен жеткізді. «Бұндай іс-шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табады»,- деді облыстық «Мұрагер» бейбітшілік шарты әскери күштері төрағасы Саят Ділдабаев. Оқушылар іс-шараға белсене қатыса отырып, ардагерлерден өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып үлгерді. Кездесу соңында мектеп ұжымы мен оқушылар іс-шара жоғары деңгейде өткендігін айта келіп, кеш қонақтарына алғыстарын білдірді.
Айдар АЛДАБЕРГЕНОВ. |