Онлайн газет



КАССАЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

Кеше аудан  әкімдігінің мәжіліс залында аудандық соттың ұйымдастыруымен «Кассациялық соттардың құрылымы мен қызметінің бағыттары,  тиімділігі туралы» кеңейтілген  жиын өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Рүстем  Қасымов, Жамбыл облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті аудандық бөлімшесінің  бастығы  Сұлтан Демесинов,  аудандық полиция бөлімінің басшысы Дархан Нұралиев, аудандық ардагерлер, Қоғамдық, билер кеңестерінің төрағалары Серік Ермеков, Қыдырәлі Оралов, Исағали Сәлімбаевтар, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы  Индира Спаналиева, құқық қорғау органдарының  қызметкерлері, аудан әкімдігінің  бөлім басшылары,  аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиынды аудандық соттың төрағасы Досжан Төленбеков қысқаша сөз сөйлеп ашып, жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң  мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбындағы Жолдауы аясында өткізіліп отырғанын жеткізді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру» тақырыбында баяндама жасады.
-Елімізде саяси, экономикалық, мәдени игіліктерге қол жеткізу үшін  оның тұрақтылығына заңға негізделген тәртіп кепіл бола алады. Демократияныңда басты құндылығы-заң мен тәртіп.
Мемлекет басшысының биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында  қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын жан-жақты  бекіту қажеттігі айтылды. Міне осы бағыт бойынша мемлекетімізде көптеген тиісті шаралар жасалуда.
Азаматтардың қауіпсіздігі-ең басты мәселе. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету- мемлекет үшін  стратегиялық маңызы бар басымдық болып табылады,-деді Болат Мырзаханұлы.
Кассациялық соттардың маңыздылығы туралы аудан прокуроры Ақберген Мүлкеманов жан-жақты айтып өтті.
Жиында аудандық соттың төрағасы Досжан Төленбеков «Кассациялық сот: сот жүйесі дамуының кепілі» тақырыбында баяндады.
-Баршаға мәлім, бұған дейін елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті қазылар қауымының өзіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни, оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрлық жүйеге толық көшкен. Сондай-ақ Әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Бұл құрылым жеке адамдардың және кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бүгінде сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатыр. Бұл-жақсы үрдіс. Түптеп келгенде, мұның бәрі экономиканы өркендетуге және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға жол ашады.
Кассациялық соттың құрылуы бұл- Мемлекет басшысының тапсырмасы. Сот жұмысына, судьялар шығарған сот актілерінің сапасына арызданушылар аз емес. Әрине, сот отырысында екі тараптың мүддесі қозғалғандықтан, жеңілген тараптың өкпе-реніші болатына рас. Бірақ дауларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, сот актілерін түсіндіру, сот отырыстарын дыбыс-бейне таспаға жазу бойынша қолға алынған шаралар сот жұмысына деген наразылықты біршама төмендеткен еді. Жоғарғы Сот бұл нәтижемен тоқтап қалмай, төрелікке деген сенімді қалыптастыруға түрткі болатын тетіктерді жан-жақты қарастыруда. Осы ұсыныстың қатарында Кассациялық сот құру басты орында тұр.


Кассациялық сот-төменгі органдар  шығарған сот шешімдерін қадағалайтын және түзететін сот жүйесінің бір түрі. Істерді кассациялық сатыдағы сотта қарау белгілі бір негіздер бойынша ғана мүмкін болады. Кассациялық соттың негігі міндеті- сот шешімдерін қабылдау кезінде заңдардың дұрыс қолданылуы  мен түсіндірілуінің сақталуын қамтамасыз ету.
Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойды. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қадам Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтады. Енді жоғарғы сот органы сот практикасының бірыңғай болуын қамтамасыз ету жөніндегі міндетіне алаңсыз кірісе алады.
Кассациялық сот заң тәжірибесінде маңызды рөл атқарады және құқықтық жүйенің  дамуына ықпал етеді. Оның шешімдері жаңа прецеденттердің орын алуы үшін және қоғамдағы дауларды шешуде өте маңызды. Мұндай сот жалпы юрисдикциядағы соттар жүйесінде соңғы шешуші истанция ретінде әрекет етеді. Бұл істі кассациялық сотта қарағаннан кейін шешімге шағымдануға мүмкіндік жоқ деген сөз. Сондықтан кассациялық соттың шешімі түпкілікті және міндетті болып табылады.
Кассациялық сот шешімдерінің жалпы заң тәжірибесінің дамуында орны ерекше. Прецедентті шешімдерді пайдалана отырып, заңгерлер мен адвокаттар бұрынан қалыптасқан сот тәжірибесіне сүйеніп, өз клиенттерінің мүдделерін алдын ала болжай алады. Бұның өзі дауларды тиімдірек шешуге және сот ісін жүргізудің нәтижесін болжауға мүмкіндік береді.
Кассациялық сот - сот жүйесін заңсыз шешімдерден тазарту функциясында атқарады. Төменгі сатыдағы соттың шешімі заңсыз немесе негізсіз деп танылса, кассациялық сатыдағы сот оның күшін жойып, істі жаңадан сот талқылауына жіберуі немесе түпкілікті шешім қабылдауы мүмкін. Осылайша, кассациялық саты заң тәжірибесінде, прецеденттерді белгілеуде, құқықтық тәжірибені қалыптастыруда және дауларды шешуге ықпал етуде маңызды рөл атқарады. Оның шешімдері құқықтық жүйені одан әрі дамытудың негізі бола отырып, әділдік пен заңдылықтың үлгісіне айналуы тиіс.
Осы атап өткен оң өзгерістер сот жүйесінің дамуы мен адам мен азаматтың құқықтарының сақталуының мызғымас кепілі болып қалыптасады деген үміттеміз,-деді Досжан Қанатбекұлы өз баяндамасында.

Сүндетулла Әбілов.

Обновлено 22.10.2024 10:58
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1141
mod_vvisit_counterКеше1566
mod_vvisit_counterОсы аптада2707
mod_vvisit_counterӨткен аптада10442
mod_vvisit_counterОсы айда19116
mod_vvisit_counterӨткен айда47003
mod_vvisit_counterБәрі2855691

Серіктестер