Онлайн газет



ДИРЕКТОР. ДЕПУТАТ. ТӨРАЙЫМ

СӨЗ БАСЫ

Әркімнің жүрек қалауымен таңдаған мамандығының жаманы жоқ. Дегенмен олардың ішіндегі ең қасиетті, ең аяулы, қызығы мен қиындығы бірге жүретін  мамандық – ұстаздық деп санаймыз.
«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді...  Өмірге  ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды  да сондай ардақтауға міндеттіміз»,- деген еді ұлы майдангер қолбасшы Бауыржан Момышұлы.
Ұстаз – кісі баласын оқытумен қатар, оқушы бойына мәдениет пен әдептің, әдеттің, тәрбиенің  ең озығын сіңіріп, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнайды.  Сондай ұлағатты ұстаздардың бірі – біз сөз еткелі отырған  ауданымыздағы  №6 орта мектептің директоры  Үкібаева Құралай Сқаққызы.

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС...

Құралай Үкібаева 1976 жылы 18 қыркүйекте ауданымыздың қазіргі Бурыл  ауылында дүниеге келген. 1993 жылы ауылдағы Бурыл  орта мектебін, ал 1997 жылы Тараз мемлекеттік университетінің филология  факультетін  бітіріп, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шықты.
Өзінің алғашқы еңбек жолын 1998 жылы өзі оқыған Бурыл орта мектебінде өз мамандығы бойынша бастады.
-Менің ұстаздық мамандықты  таңдауыма бастауыш сыныпта оқып жүргенде дәріс берген ұстазым бүгінде Н.Киікбаев атындағы мектепте  еңбек етіп жүрген  Маегүл Рахимова апай себеп болды.  Маегүл апайдың сабақ беру әдісі, қимылы, мінез-құлқы ерекше жан.  Оның болмысына қызығып, меніңде осы апайдай  ұстаз болсам деген арманым болды. Мектеп бітіргеннен  кейін араға 25 жыл салып сол алғашқы ұстазыммен мұғалімдердің облыстық Тамыз кеңесінде қатар отырып, кездескенім бар. Ал биылғы жылы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні  мерекесі қарсаңында  «Amanat» партиясы аудандық  филиалы  бірнеше депутатқа тосын сый жасап, алғашқы ұстаздарымен дастархан басында қауыштырды.  Сонда бір ауданда тұрып, бір салада қызмет етіп жүрсекте бірнеше жылдан бері кездеспей  кеткен апайым Маегүл Өмірзаққызымен кездесіп, мәре-сәре болдық,- дейді Құралай Сқаққызы.
«Баланың бәрі жұлдыз, оларды жарқырата көрсету  ұстаздардың қолында»  демекші,  Құралай  алғашқы күннен талабын ұштап, танымын қалыптастыруда көп еңбектенді. Нәтижесінде өзі дәріс беретін сыныптарда озат оқушылар саны көбейді.  Ал Құралайды мектеп басшылығы 2004 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі  орынбасары  қызметіне  көтерді. Ол бұл жұмыстада өзінің ұйымдастырушылық  қабілетін көрсете білді.
Ұлы даладан шыққан әлемдік ғұлама Әбунасыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білім-адамзаттың қас жауы» дегенін өзіне темірқазық ретінде ұстады.  Сондықтанда  аталған қызметке тағайындалсымен  мектептегі  тәрбиелік мәні бар  жұмыстарды қолға алды.  Мектептегі қосымша сағаттар, әр түрлі үйірмелер, сынып жетекшілері жұмыстары үнемі бақылауында болды. Нәтижесінде мектеп оқушылары  аудандық, облыстық  байқаулар мен спорттық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрді.
2021 жылы жаңадан пайдалануға берілген үшқабатты  №6 орта мектепке директор тағайындау  кезінде таңдау бірден Құралай Сқаққызына түсті. Міне содан бері ол осы мектепте директор қызметін абыроймен атқарып келеді. Ол - бүгінде білікті басшы ғана емес, тәжірибесі толысқан маман.
Мектептегі 707 оқушыға, 75 мұғалім сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Олардың 8-і зерттеуші педагог, 22-ы зерттеуші, 20-ы педагог модератор, 12 мұғалімнің авторлық бағдарламасы бар.  Мектеп ұжымының қол жеткізген жетістіктеріде аз емес. Мектеп мұғалімдері  мен оқушылары аудан, облыс көлемінде айтарлықтай  жетістіктерге жетіп жүр. Жамбыл облыстық «Үздік шығармашылық жұмыс байқауында көркем еңбек пәні мұғалімі Мейірхан Канкиев III- орынды  иеленсе, аудандық «Педагогикалық идеялар» байқауында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Динара Әбітаева  І-орынды, ал Шынар Жексенбиева ІІІ-орынды жеңіп алды.
Облыстық «PRO ECO» байқауында 8-сынып оқушылары Сезімай Еркін, Нұрбала Тілеутай, Мадина Бейсеналилер жүлделі  үшінші орынды иеленді. Бұл жетістікке жетекшілері Айгерім Сұлтанбекова мен Айгүл Елгелдиеваның  қосқан үлестері мол.
Өткен оқу жылында мектепті 21 түлек бітірсе, олардың арасындағы Дана  Зарлыхан мен Нұрайым Қилыбай «Алтын белгіге», Аяулым Шүкірова «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Нұрайым Қилыбай биылғы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде 137 балл алды. Ал бұл облыс көлеміндегі ең үздік екі көрсеткіштің бірі болды.  Бұлардан басқа Бекарыс Оңталап, Нұрболат Тамабек, Назгүл Әбдіжәміл, Жадыра Қалымбек, Диара Жетпіс, Балжан Жамалбек тәрізді үздік оқушылар облыстық «Ауыл олимпиадасында» жүлделі орындардан көрініп, мектеп абыройын асқақтатты. Айта берсек мұндай жетістіктер мектепте көптеп саналады.

ХАЛЫҚ СЕНІМІН АРҚАЛАП...

Құралай өзі басқаратын мектеп қана емес көп ұлтты халық шоғырланған  Бурыл ауылында  да сыйлы, танымал жан. Себебі ол бір мектеппен ғана шектеліп қалмай  ауылдағы халықпен тығыз байланыс  жасап, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып отырады. Сондықтанда болса керек  2020 жылы жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауында оған  ауылдастары үлкен  сенім көрсетіп, жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты етіп сайлады. Ал 2022 жылғы сайлауда Құралайға тағыда сенім артылды.
Құралай сенім үдесінен шығу жолында өз сайлаушыларымен жиі кездесіп, олардың сұраныстарын шешуге күш салуда.  Әрбір  сессияда өз округі ғана емес аудандағы білім саласы, жастар тәрбиесі тәрізді өзекті мәселелерді көтеріп,  оның  оңды  шешім табуына  атсалысып  келе жатқан белсенді депутаттардың бірі. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында  көршілес Көктал ауылындағы көшелердің жөнделуі, жол қауіпсіздігінің  алдын алу мақсатында  қойылған жол белгілері, көше жарығының іске қосылуы, 600 орындық жаңа мектептің соғылуы,  мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өтуі тәрізді жұмыстарда халық қалаулысы Құралай Сқаққызының еңбегі көп.
-Бурыл ауылдық округіне Бурыл, Құмжота ауылдары, 7 тұрғын үй алқаптары  қарайды. Жаңадан қосылған алқаптарға жол, көше жарығы, тоқ қуаты, интернет мәселесі қажет. Міне бұл мәселелерді  аудандық мәслихаттың сессиясына қойып, оң шешімін тапты. Алқаптарға тоқ қуатын күшейту мақсатында  трансформаторлар орнатылды. Халық санының көбеюіне байланысты ауылда 300 орындық мектеп салуға 2,5 гектар  жер телімі дайындалды.  Көше жарығы, жол мәселесі ретке келтірілді. Ендігі мәселе - алқаптардағы ғаламтор желісінің жоқтығы болып отыр. Бұл туралы тиісті орындарға  депутаттық сауал жолдадым,-дейді  депутат Құралай Үкібаева.

БАСТАУЫШ ҰЙЫМ ҰЙЫТҚЫСЫ

2008 жылдың қараша айында өткен «Amanat» партиясы (ол кезде «Нұр Отан») аудандық филиалына  қарасты «Бурыл» бастауыш ұйымының кезекті есеп беру-сайлау жиналысында ұйым төрайымы болып Құралай Үкбаева бірауыздан  сайланды. Бұл аудандағы халқы да, партия мүшесі де көп ұйым. Сондықтанда оны басқаруды қолынан іс келетін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білімді ұстаз, жігерлі жас Құралайға  сеніп тапсыру  бекерден-бекер емес. Сегіз топқа бөлінген,  349 мүшесі бар бұл ұйымды да Құралай алғашқы  күннен-ақ ұршықша иіріп әкетті. Алдымен маңайына ауылдағы беделді, іскер, білімді азаматтарды топтастырды. Ауылдық округ әкімі, мекеме басшылары, қоғамдық ұйым төрағаларымен  бірлесе отырып, көп жетістікке қол жеткізді.
Партияның аудандық мәслихаттағы  депутаттық фракция мүшесі ретінде депутаттық міндеттерінің атқарылуы туралы есеп беріп, партия филиалында азаматтарды тікелей эфирде  қабылдап тұрады. Партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылау басты  назарында. Жақында ғана елімізде атом электр стансасын салуға байланысты өткен референдум қарсаңында аудандық  халқытық штабтың мүшесі ретінде АЭС-тің пайдасы туралы халыққа түсіндіру жұмыстарына қатысты. Азаматтарды тікелей эфирде қабылдау кезіндегі сұраныстары бойынша жасаған жақсылықтарыда аз емес.
Құралай басқаратын бастауыш ұйым республикалық «Үздік бастауыш партия ұйым» байқауына бірнеше рет қатысты. Соның біріндегі облыстық кезеңде 100-500 аралығындағы партия мүшесі бар санатта жүлделі 3 орынды иеленіп, дипломмен марапатталғанын айта кеткен орынды.

СӨЗ СОҢЫ

Құралаймен дидарласа қалсаң, таным көкжиегің кеңейіп, рухани жағынан байып, ерекше сезімге бөленесің. Тумысынан жақсылық жасауға бейім тұратын ол жаны таза,  жүрегі жомарт,  ізгілікке жаны құштар, пейілі адал жан деседе болады. Оны кісіге деген адалдығы, ісіне деген табандылығы  үшін ауылдастары құрметтейді, сыйлайды.
Құралай жолдасы, ұстаз Ғалымжан екеуі  еңбек ете жүріп, 3 қыз, 1 ұлды тәрбиелеп, өсірді. Олардан бүгінде 4 немере сүйіп отырған бақытты  жандар.
Бір өзі жауапкершілігі аса жоғары директор, депутат, төрайым болып халқына қызмет ету кім көрінгеннің  маңдайына жазыла бермейтін бақ,  үлкен құрмет. Осы қызметтерін  қатар атқаруға уақыт тауып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан Құралай Үкібаева әртүрлі деңгейдегі  марапаттарданда қалыс қалған жоқ.
«Amanat» партиясының Алғыс хаты, «Қарулы күштерінің  Ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің  төсбелгісі, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 және 30  жыл» төсбелгілері,  Жамбыл облысы әкімінің  Құрмет грамотасы, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының 2013, 2015 жылдардағы Алғыс хаттары, 2023 жылы  «Amanat» партиясының кезектен тыс XXV съезіне делегат  болып қатысуы адал еңбектің  жемісі. Ал бұған аудан әкімі мен аудандық мәслихат, облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің  марапаттарын қоссаңыз марапаттар саны бірнеше есе еселене түседі.
Өзінің бар болғаны 26 жылдық еңбек жолында осындай толағай табысқа  жеткен ұлағатты ұстаз  Құралай Сқаққызының алар асуы, шығар шыңы әлі алда деп білеміз.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Бурыл ауылы.

Обновлено 22.10.2024 10:43
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін549
mod_vvisit_counterКеше1335
mod_vvisit_counterОсы аптада6817
mod_vvisit_counterӨткен аптада9628
mod_vvisit_counterОсы айда15101
mod_vvisit_counterӨткен айда45659
mod_vvisit_counterБәрі2942116

Серіктестер