Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан прокуроры Ақберген Мүлкемановтың төрағалығымен «Қылмыстық ахуалдың жай-күйі, алдын алу шараларының тиімділігі және өңірлік жоспардың орындалуы» туралы мекемеаралық жиналыс болып өтті. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева, мекеме басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, құқық қорғау саласының қызметкерлері, мектеп директорлары мен мектепке дейінгі мекемелердің басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімінің міндетін атқарушы
Болат Сағынбеков баяндады. -Биылғы жылдың 9 айында аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 3 отырысы өткізілді. Онда 11 мәселе қаралып, аудандық полиция бөлімі, пробация қызметінің, басқада мекемелердің құқық бұзушылықтың алдын алу туралы есептері тыңдалды. Тиісті кезеңде «Жалпыға бірдей құқықтық оқуды ұйымдастыру туралы» мемлекеттік қызметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері бойынша 9 оқу сабақтары ұйымдастырылды. Аудан аумағында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 118 бейнебақылау камералары орнатылған. Олардың 14-і техникалық ақауға байланысты жөнделуде. Халық көп шоғырланған орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында тиісті 147 хабарландырулар мен 15 үгіт-насихат билбордтары орналастырылды. Аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты 12 мақала жарияланды. Ауданда интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында аудан әкімдігі, полиция бөлімі, білім, ішкі саясат, дене шынықтыру және спорт бөлімдері, «Жастар ресурстық орталығы» бірігіп, 9 ауылда халықпен кездесу өткізді. Онда тұрғындарды алаяқтықтардан сақтандыру, ұялы телефондағы қосымшаларды ұқыптылықпен пайдалану тәрізді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен жарық көрген «Алаяқтар» телехикаясы 18 ауыл және ауылдық округтерде, №3 Байзақ колледжінде көрсетіліп, сілтемесі ауылдық округ чаттарына таратылды,-деген Болат Мырзаханұлы адам саудасына, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес туралыда ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Аудан прокурорының орынбасары Сұңғат Байғотанов өз баяндамасында ауылдардағы орын алып жатқан қылмыстар, ішімдік ішіп көлік жүргізу, жастар арасындағы құқық бұзушылық, интернет-алаяқтар туралы айтты. Интернет-алаяқтардың алдануына көп жағдайда білім, медицина саласының қызметкерлері, зейнеткерлер түсіп жататынын жеткізді. Аудандық полиция бөлімі бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Мэлс Мүсірепбеков тиісті кезеңде ауданымызда құқық бұзушылықтың 209 дерегі тіркелгенін атап өтті. Ал бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 43 дерекке көбейгенін көрсетеді. Алаяқтық қылмыстар былтырғы жылмен салыстырғанда 7 дерекеке азайып, 36 болып отыр. Керісінше интернет-алаяқтық қылмыстардың тіркелуі 12-ге жеткені айтылып, оның үшеуі ашылған. -Ауданымыздың білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылында 22429 оқушы білім алуда. Білім беру ұйымдарында білім алушылардың қылмыстың алдын алу және құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында 424 іс-шара өткізіліп, оған 21 мыңға жуық оқушы қамтылды. Бүгінгі күнге 9 оқушы бақылау есебінде тұр. «Білім беру ұйымдарында мектепішілік есепке алуды жүргізу жөніндегі әдістемелік ұстанымдарды бекіту туралы» ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес құқықтық кеңестің шешіміне орай мектепішілік есепке 37 оқушы алынды. Есепке алынған оқушылардың ата-аналарына арнайы жазбаша хабарланды. Оларға құқықтық кеңес отырысының шешіміне сәйкес мектептен тәлімгерлер бекітіліп, бос уақыттары тиімді ұйымдастырылуда. Олардың үйлеріне рейдтер жасалып, ата-аналары, өздерімен кеңестер жүргізілді. «Қауіпсіз мектеп ортасы» тақырыбындағы акция аясында аудандағы 29 қауіпті аймақтар анықталып, ол аймақтан қатынайтын 1395 оқушының тізімі жасалынды. Аудандық полиция бөлімімен бірлесе аталған аймақтарға рейдтер ұйымдастырылды. Ата-аналармен жиналыстар өткізіліп, оқушылар арасындағы тәртіп мәселесі қозғалды. Білім беру мекемелерінің педагог-психологтары оқушылар арасында буллинг, кибербуллинг, бопсалау фактілерін анықтау мақсатында жасырын сауалнама жүргізуде. Сауалнама нәтижесі бойынша аудандық ішкі істер бөліміне ақпарат беріліп отырады,-деді аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев. Баяндамаларда ауданымызда жақсы жұмыстар атқарылып жатқанымен оның нәтижесі болмай отырғанын аудан прокуроры А.Мүлкеменов атап өтті. Баяндамашыларға сұрақтар қойып, жауап алды. Аудан прокуроры мектептердегі оқушылар арасындағы төбелес дер кезінде хабарлануы керектігі, бұрын сотты болған азаматтарды қатаң бақылауға алу, оларды жұмысқа тұрғызу, құмдағы есірткіні жоюды қадағалау қажеттігі айтылды. Ауданда қылмыс дерегі көп. Сондықтанда учаскелік полиция инспекторларына өз жұмыстарын күшейту керектігі тапсырылды. Олармен бірге әрбір ауылдарда орын алған қылмыстарға жергілікті жерлердегі ауыл, ауылдық округ әкімдеріде жауап беретіні баса айтылды. -Қылмысқа тосқауыл қою- бір адам емес, бәріміздің міндетіміз. Қажетті жағдайда бұл іске қоғам белсенділерін, депутаттарды да араластыру қажет, - деді аудан прокуроры Ақберген Жанысбекұлы өзінің қорытынды сөзінде.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |