Онлайн газет



БҰЛТ ІШІНДЕ ОЙНАҒАН НАЙЗАҒАЙДАЙ...

2021 жылдың 26 тамызында сағат 18.40- шамасында  Қайнар ауылындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жарылыс болғаны ел есінде. Алапат өртті ауыздықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан өрімдей жастардың бірі - сарыкемерлік Арнұр Темірболатов еді.
-Біраз уақыт перзент көтере алмай Алладан сұрап алған балам еді, Арнұрым. Дүниеге шыр етіп келген кезден бастап, аяғымен жүргенше қолымнан түсірмей, киіміне кір жуытпай, аялап өсірдім. Есейе келе жаныма жақын, ақылшым, қамқоршым бола білді. Жастайынан өте бауырмал, көпшіл, еңбекқор, артына ерген бауырларына ерекше қамқорлық танытып жүретін. Жас кезінен спортпен шұғылданды. Еті тірі, сөзі өтімді,  жүрегі кең болатын. Аулаға гүлдер мен бақша дақылдарын егуге бейім етін. Адамдарға жақсылық жасағанды, кішкентайлар мен қарттарды қуантқанды жақсы көретін. Ерекше жаратылған еді-ау, Арнұрым,-деп анасы Алинаның жанарынан жас төгіліп, біраз уақыт үнсіз отырды.
Арнұр Серікұлы 1992 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келген. Қазақстанның 40 жылдығы мектебінде оқып, кейіннен кәсіптік-техникалық училищеге түседі. Газ-электр дәнекерлеуші мамандығын алып шыққан ол еңбек жолын ГРЭС-те бастайды.  2016 жылдың желтоқсанынан бастап азаматтық қорғау органдарында, атап айтқанда Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып өмірінің соңына дейін қызмет етеді.
Жастығына қарамастан Арнұр талай рет өліммен бетпе-бет келіпті. 2018 жылдың 1 мамырында, сағат  09.12-де Жамбыл ауданының Түрксіб ауылындағы К.Асабаев көшесіндегі тұрғын үйдің бірінде орын алған өртті сөндіру үшін Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары жөнелтіледі. Тілсіз жауды сөндіру кезінде Арнұр шапшаң қимылдап, жанып жатқан үйдің есігін бұзып кіріп, қызыл жалын ішінен кәмелетке толмаған 2 баланы аман алып шығады.  Осындай тағы бір оқиға 2020 жылы 17 наурызда орын алған екен. Мұнда да жалындаған өртті сөндіруге жұмылдырылған өртке қарсы қызмет гарнизонының шығу кестесіне сәйкес, 4 техника мен 23 адамнан тұратын жеке құрам жұмыс атқарады. Оның арасында да Арнұр болып, өртті сөндіруге үлкен үлесін қосыпты.
Анасының аяулы құшағы мен жылуына бөленіп өскен Арнұр  өз кәсібіне  ерекше құрметпен  қараған, жүктелген міндетті асқан жауапкершілікпен атқарып отырған. Жүгіруден алдына жан салмаған, футбол ойнауды жаны сүйген.
...Ұмытпасам 2021 жылдың 26 тамызы күні сағат төртте балам хабарласты. Жарты сағат сөйлестік. Осы бір сәтте ұлыммен соңғы рет тілдескенімді білмеппін. Сосын  екі сағаттан соң жарылыс болғанын естідім.
Арнұрымның адамдармен қарым-қатынас жасау, түсінісу, құрмет көрсету, сыйласу тұрғысындағы  ізеті ерекше еді.  Достары өте көп болатын. Гүлдерді егіп, күтім жасаудан жалықпайтын. Өз қолымен аулаға  отырғызған  голландық раушан гүлдері жайқалып тұр. Бір жылдары есік алдындағы шағын жерге асқабақ дәнін біртіндеп егіп, күтіп-баптаудың арқасында алып асқабақтар жинадық.
Өмірге тым құштар  еді, Арнұрым! Артына ерген інісі Манасты оқытып, дипломын алып берді. Ол қазір Алматыда жұмыс жасайды. Одан кейінгі Бақкелдінің еңбекқор, Алдиярдың жақсы азамат болып өсуіне ерен еңбек сіңірді.
Қазір мұның бәрі ертегі секілді. Есік алдына шықсам Арнұрымның тірлік істеп жүргенін, жайқалып тұрған раушан гүлдерін көрсем ұлым елестейді. Оның жүрген жерлері, сөйлеген сөзі, күлкісі, «Жаным, анашым менің» деп құшақтап, бетімнен өбетін сәттері  көз алдымнан кетпейді дей  келе Алина Ноғайбаева,-алдағы уақытта мұндай тосын апаттар болмасын. Ешбір ана баласынан,  арулар  жұбайынан, сәбилер әкесінен айырылмасын,- деп сөзін түйіндеді.
Бұлт ішінде ойнаған найзағайдай,  жарқ етіп өте шыққан, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Арнұр Темірболатовтың бейбіт күндегі ерлігі ел есінде мәңгілік қалады. Жалындаған  өртті сөндіру кезінде қызметтік борышын мінсіз атқарған Арнұр Серікұлының көзсіз ерлігін жас ұрпаққа үлгі ету, ұлықтау,  рухына тағзым жасау баршамызға міндет.
...Даңқты батырдың артында анасы, туған бауырлары, халқы, жалғыз қызы Дәмелісі  қалды.

Өз тілшіміз.

Обновлено 18.10.2024 11:05
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін518
mod_vvisit_counterКеше1461
mod_vvisit_counterОсы аптада8247
mod_vvisit_counterӨткен аптада9628
mod_vvisit_counterОсы айда16531
mod_vvisit_counterӨткен айда45659
mod_vvisit_counterБәрі2943546

Серіктестер