Биыл 15 қазанда қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушы, дарынды драматург және Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толды. Сәкен Сейфуллин 1894 жылы Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Ортау ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Сәдуақас. Бірақ әке-шешесі еркелетіп, «Сәкен» деп атап кеткен. Ақын жастайынан өнегелі әке мінезін, салиқалы ана тәлімін зердесіне түйіп, өнерін бойына дарытқан. Сарыарқаның сағым даласының лебі болашақ ел азаматын рухы биік қалам шебері етіп қалыптастырған. Қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы жырларына арқау болған өлкеде қазақ ауыз әдебиеті мен фольклорынан нәр алып жетілген.Оның 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы
жарияланды. Сәкен Сейфуллин-өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер ақын. Азаттықты көксеген ақын қаламынан жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағы, «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары, «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтары жарық көрген. Ақын газет-журнал ісімен де айналысты. 1922 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, Халық-ағарту комиссарының орынбасары болды. Қазақ АССР Кеңесінің 3 съезінде Халық комиссарлары кеңесінің Төрағасы болып сайланды. 1925 жылы 7 сәуірде Халық-ағарту комиссариаты жанындағы ғылым орталығының төрағасы, сол жылы 12 маусымда Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының (ҚазАПП) басшысы болып тағайындалды. 1926 жылы БК(б)П Өлкелік комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, 1927 жылы Қызылордадағы Халық ағарту институтының, Ташкеттегі қазақ педагогикалық институтының директоры болып жұмыс істеді. 1927 жылы шыққан «Жыл құсы» альманахына басшылық етті, ал 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналын ашуға атсалысты. Сәкен - жаңа дәуірді ерекше жырлаған жаңашыл ақын. Қазақ әдебиетіне бұрын болмаған образдар мен теңеулер, сөз оралымдарын әкелген шығармашылығымен жаңа бағыттағы әдеби дәстүрдің негізін салушы болды. Өз кезеңінің айнасы болған ақынның отты шығармалары Қазан төңкерісі тұсындағы аумалы-төкпелі кезең шежіресі іспетті. Бітімге соқпас күрес ақынды тез ширатып, оның шығарма жазуға қолын да тигізбей, әлеумет қайраткері, саяси күрескер етіп шығарды. Жазушы прозасының ең шоқтығы биігі- «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық романы. «Тар жол, тайғақ кешу» революция жылдары оқиғаларының қазақтың кең даласын бірте-бірте қамтып, ескіліктің көлеңкесінен жаңаша дамуға жолдың еркін де кең ашыла бастағанын оқырманға көркем түрде жеткізеді. Роман халықтың бақытты келешегі үшін күрескен ерлердің аққан тері мен төгілген қаны текке кетпейтініне, мұның өзі бүкіл адамзаттың жарқын болашағымен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Ақынның “Кел, жігіттер”, “Қамаудан”, “Асығып тез аттандық”, “Жас қазақ марсельезасы”, “Қызыл ат” тағы басқа әсерлі өлеңдері мен “Бақыт жолында” драмасы - дүрбелеңді заман мен ел жағдайының көрінісі. “Қызыл ат” дастанында 30 жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. 1937 жылы Сәкен Сейфуллин халық жауы ретінде тұтқындалып, 1938 жылы 26 ақпанда мерт болды. Қаламгердің шығармалары әлемнің көптеген тілінде жарық көрді. Ол-«Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған алғашқы қазақ жазушысы. Астанада белгілі қазақ ақынына арналған үлкен мұражай бар. Мұражайға Сәкен Сейфуллин көзі тірісінде пайдаланған заттары қойылған. Негізінен жазушының зайыбы мен туыстары тапсырған жеке заттары, кітаптар, фотосуреттер, мұрағаттық құжаттар, өмірі мен шығармашылығына арналған картиналар мен мүсіндер бар. Сәкентанушылардың айтуы бойынша, ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты фильм түсіру жоспарлануда. Мұндағы басты мақсат-жас ұрпаққа Сәкен Сейфуллинді жақыннан таныту әрі ақынның өмір жолынан хабардар болған жастарымыз бойында патриоттық рух билеп, отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады.
Айжамал УРОЗАЛИЕВА. |