Жастар-мемлекет болашағы. Бүгінгі таңда жастар арасында діни экстремизм мен терроризм идеяларының алдын алу аса өзекті мәселе. Кейбір деректерге сүйенсек, дүниежүзі бойынша жастар халықтың шамамен 18%-ын құрайды, соның ішінде ғаламшардағы жастардың 85%-ы дамушы елдерде тұрады екен. БҰҰ берген деректер бойынша келесі ғасырдың аяғына қарай 30 жасқа дейінгі жастар жер шары тұрғындарының жартысын не одан көбін құрайтын болады деген болжам бар. Адамдар білім алу, мамандық таңдау және қоғамда әлеуметтену, негізгі араласатын ортасын құру, рухани қағидаттар мен бағдарын қалыптастыру секілді негізгі әлеуметтік және демографиялық өмірлік кезеңдерінен дәл осы жас кезінде өтеді. Әлеуметтік және азаматтық тұрғыдан есею шағында жастар көбіне біз үшін жат ықпалды күштердің алдында әлсіздік танытады. Әсіресе жастар
діни экстремизм мен терроризм субъектілері тарапынан жасалған идеологиялық шабуылдардың алдында қорғансыз болып келеді. Дәстүрлі емес діни ағымдар үкімет билігіне қол жеткізу және халық арасында өз діни ілімдерін таратып, үстемдік орнату мақсатында дәстүрлі діни білімі жоқ тұрғындарға, соның ішінде жастарға өз ықпалдарын тигізеді. Сондықтан мұндай ағымдар тәуелсіз мемлекет пен халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндігін естен шығармаған жөн. Бұрынғы кездегі біздің қазақ жерінде толеранттық пен дін еркіндігіне негізделген әртүрлі ұлыстардың, мәдениеттер мен діндердің өкілдері ғасырлар бойы татулықта тұрғанын ұмытпауымыз керек. Жастар дін мәселесіне байланысты ұстаз таңдауда сақ болып, қоғамда қалыптасқан іс-әрекеттері, жүріс-тұрыс және адамгершілік нормалар мен заңдылықтарын ұстанып, саналы әрекет етулері тиіс. Мұндай жағдайда кез келген адамның қателігі өзінің туған-туысқандарының өміріне әсерін тигізетінін түсінуі керек. Сол себептен де өз тарихын білу, тіл мен мәдениетті дамыту, өз халқының салт-дәстүрлерін дәріптеу, отбасы институтын сақтап қалу мен ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған мұрагерлігін нығайту жастар алдындағы басты міндеті болып табылады. Деструктивті діни ағымдардан сақтану үшін ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне мұқият назар аударған жөн: Біріншіден, дін саласына қатысты сауалдарды арнайы дін мамандарына ғана қойған жөн. Жамбыл облысы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығы қызмет атқарады. Бұл орталықта дінтанушы, исламтанушы, психолог мамандар жұмыс істейді. Орталықтың сенім телефоны 51-50 -20. Екіншіден, интернетте дін саласына қатысты ақпараттар алуда сақтық қажет. Себебі сайттарда, әлеуметтік желілерде деструктивті діни ағымдардың сайттары да кездесіп қалуы мүмкін. Үшіншіден, діни мазмұндағы кітаптар оқу барысында ҚР қоғамдық келісім комитетінің дінтанулық сараптамасының оң қорытындысы берілген яғни ғалымдар тарапынан сарапталған кітаптар болуына назар аударылу қажет. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: “Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі”, – деп ұлағатты сөз айтқан. Бұл жағдай адам, қоғам, мемлекет дамуының маңызды қырларын ашып көрсетеді. Сондықтан мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлуі өте маңызды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «…дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек»,-деп атап көрсетті. Әрбір жастың ұстанымы Шәкәрім айтқан өсиеттен бастау алса дейміз. «Адамдық борышың, Ақ жолдан айнымай. Ар сақта, оны біл! Талаптан да білім мен өнер үйрен, Халқыңа еңбек қыл. Білімсіз, өнерсіз, болады ақын тұл. Мақтанға салынба, Мансаптың тағы үшін. Нәпсіңе билетпе, Басыңның бағы үшін. Өміріңді сарып қыл өлгеніңше, Жоба тап, жол көрсет, келешек қамы үшін. Қайтадан қайырылып, қауымға келмейсің, Барыңды, нәріңді, тірлікте бергейсің. Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң. Шын бақыт – осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің!»,-деген екен. Қай заманда болмасын өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу-адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің бірі. Мемлекет жастарға жан-жақты жағдай жасап, үлкен мүмкіндіктер туғызып отырғандықтан, тәуелсіз елдің ұланы сол қамқорлықтарды тиімді пайдаланып, азаматтық жауапкершілікпен жарқын болашаққа қызмет етіп, жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуы керек.
Алмас Құлымбетов, гуманитарлық ғылымдар магистрі, дінтанушы, тарихшы. |