Адам папиллома вирусы (АПВ) – тері мен шырышты қабаттардың эпителийіне әсер ететін өте кең таралған вирустар тобы. Оның 14 түрі онкогенді, яғни онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі. Көптеген адамдарды АПВ алаңдатпайды, бірақ кейбір папиллома вирустар сүйелдерге немесе қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Жатыр мойны обырының дамуы әйелдің адам папиллома вирусымен байланысты, бұл туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 95%-дан астам жағдайда жатыр мойны обырын (ЖМО) адам папиллома вирусы (АПВ) тудырады. Жатыр мойны обырының 70%-ы АПВ-ның екі түрлі вирус
штаммдарынан туындайды. АПВ бар әйелдерде жатыр мойны обырының даму ықтималдығы АПВ жоқ әйелдерге қарағанда 6 есе жоғары. Әлемде жыл сайын 600 мың әйелде ЖМО анықталады және одан 340 мың әйел қайтыс болады, ал Қазақстанда жатыр мойны обырының 1600-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан 500-ден астам әйел қайтыс болады. Қазақстанда жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейінгі әйелдерде онкологиялық аурулардың таралуы бойынша екінші орында тұр. Папиллома вирусы адамнан адамға тұрмыстық байланыс және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін. Қазақстанда 2024 жылдың 3 тоқсанынан бастап қыздарды вакцинациялау жоспарланып, қазіргі таңда екпе егу жұмыстары жүргізілуде. Адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы Вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді, вакцинация 11 жастағы қыздарға балаларды вакцинациялауға ата-анасының келісімін алғаннан кейін жүргізілуде. Бұл жас ДДҰ, онкологтардың ұсыныстарына сәйкес таңдалды. Себебі 11-14 жас аралығындағы иммундау ересек жасқа қарағанда тиімді, себебі тұрақты иммунитет қалыптасады.Әлемде бұл вакцинаға сұраныс өте жоғары. Бүгінгі таңда 125-тен астам ел ұлттық вакцинация күнтізбесіне осы вакцинацияны енгізді (соның ішінде Австралия, Бельгия, Канада, Германия, Жапония, Бразилия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Швеция, Испания, Швейцария, Ұлыбритания және АҚШ). Орталық Азия елдері бойынша, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан Республикасы, Түрікменстан АПВ қарсы вакцинацияны енгізген. Ең тиімді қорғану әдісі – вакцинация. Вакцинамен қорғануға болатын жалғыз қатерлі ісік түрі бұл – жатыр мойны обыры. Халықаралық тәжірибеде жүзден астам елде, соның ішінде ұлдар арасында АПВ вакцинасы енгізілген. Бұл мемлекеттерде жатыр мойны обыры 90%-ға төмендеген.
Рита Алтынбасова, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы. |