Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Байзақ ауданының білім бөліміне қарасты «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Бурыл орта мектебі базасында аудандық сапта жүріп ән айту байқауы болып өтті. «Ұранды ердің-ұрпағы қайсар» тақырыбында өткізілген аталмыш шара қазақтың қос Халық қаһармандары Рахымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағанбетовтің 100 жылдықтарына арналды. Сондықтанда еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі болған, әскери қайраткер, армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов пен Ұлы Отан соғысы кезінде Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен
Рақымжан Қошқарбаевтың өмірінен аздаған деректер айтылды. Іс-шараға қатысқан аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, подполковник Есжан Абдиманапов байқауға қатысушыларға келешекте өз елін, жерін, Отанын қорғайтын және оның дамуы үшін аянбай еңбек ететін патриот азаматтар болуларына тілек білдірді. Аталған байқаудағы үш кезеңненде сүрінбей өтіп, байқау жеңімпазы болуларына өз тілегін арнады. Сондай-ақ «Таулы Қарабах ардагерлері мен мүгедектерінің Республикалық одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Бегімхан Рахымбердиевте сөз алып, болашақ сарбаздарға арнап өзінің ізгі тілегін білдірді. Аталған шара өскелең ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді, ұлтжандылықты қалыптастыру, тарихтағы нар тұлғалардың өмірін және олардың ерліктерін насихаттау, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне деген сүйіспеншіліктерін ояту мақсатында өткізілді. Байқауға мектепішілік кезеңнен өткен он төрт жалпы білім беретін мектептің 14-17 жас аралығындағы оқушылары қатысып, өзара бақ сынасты. Байқау үш кезеңді, атап айтқанда, мектепішілік, аудандық, облыстық кезеңді қамтиды. Байқау қатысушылары саптардың және әндердің көрінісі бойынша командирге баяндау, взводпен сәлемдесу, түрлі пәрмендерді орындау, салтанатты шерумен жүріп өту, мемлекеттік немесе орыс тілінде әнмен сапта жүріп өту өнерлерін көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша барлық мектеп командаларына қарағанда ширақ қимылдап, әрбір көріністі өз дәрежесінде көрсете білген Көктал орта мектебінің «Көктал барыстары» командасы бірінші орынды иеленіп, облыстық байқауға берілетін жолдаманы жеңіп алды. Өз елдерінің өсіп-өркендеуі жолындағы перзенттік парызын сезіндіретін патриоттық тәрбие беру мақсатындағы мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да білім беру саласында өткізіле беретін болады. Ал бүгінгі іс-шарада облыстық байқауға деген жолдаманы жеңіп алып, аудан намысын қорғайтын Көктал орта мектебінің «Көктал барыстары» командасына ақ жол тілейміз.
Зәуреш Сатылғанова, аудандық білім бөлімінің әдіскері. |