Түркістан қаласында орналасқан «OLYMPIC CENTER» спорт кешенінде Түркі мемлекеттерінің қатысуымен өткен дүбірлі жарыс өз мәресіне жетті. 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан өткізілген «WBC AMATEUR TURKSOY» халықаралық турниріне қатысып, 63 келі салмақта өнер көрсеткен байзақтық Оразалы Көбей мерейімізді үстем етті. Аталған турнирге бауырлас Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерінен келген спортшылар қатысып, іріктеуден өткен 15-16 жастағы өрендер 46, 52, 57, 63, 70, 75, 80+ келі салмақ дәрежелері бойынша сынға түсті. Нәтижесінде Мірсәбит Арман, Руслан Русланов, Оразалы Көбей (Қазақстан), Мұхаммедқадыр Абдуманнапов (Қырғызстан), Асылбек Абдусамадов, Ислом Салихов, Бобомурод Боймурзаевтар (Өзбекстан) турнир жеңімпазы атанды. Жеті салмақ дәрежесінде өткен халықаралық турнирде 3 қазақстандық боксшымыз турнир жеңімпазы атанса, солардың бірі-біздің жерлесіміз Құмжота ауылындағы
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушысы Оразалы Көбей. Әр салмақ дәрежесіндегі турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйақы мен арнайы белбеу иегері атанды. Чемпиондарға «WBC AMATEUR TURKSOY» белбеуі, медаль және ақшалай сыйақы берілсе, жүлдегерлерге медаль мен ақшалай сый табысталды. Ал, ел намысын қорғаған жерлесіміз Оразалы Көбейдің жаттықтырушысы Думан Қырғызалиев «Ең үздік бапкер WBC Amateur Turksoy 2024» атағына ие болды. Халықаралық турнир Түркі мемлекеттері арасында алғаш рет Қазақстанда, оның ішінде қасиетті Түркістанда ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен ұйымдастырылғанын айта кетейік.
«Ауыл жаңалығы» - ақпарат. |