
Кеше, түс қайта Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғани Кенжеахметов ауданымызға келіп, аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбековпен бірге Сарыкемер ауылындағы жаңадан ашылған, “Жайлы мектеп” жобасымен салынған №7 орта мектепте болды. Мектеп директоры Гүлмира Есентаева қонақтарға мектеп туралы толық мағлұмат берді - Биылғы оқу жылын осы жаңа жайлы мектепте бастадық. Мектеп түгелдей қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде мұндағы 618 оқушыға 58 мұғалім
сабақ береді. Оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуларына барлық жағдайлар жасалған,-деді Гүлмира Әуесбекқызы. Қонақтар мектеп ішін аралап көрді. Мектептің екі спорт залы, асханасы, мәжіліс залы, кітапхана, тігін шеберханасы, химия, информатика, робототехника, бастауыш сыныптардың кабинеттерінде болып, барлық сыныптардың қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталғанына көз жеткізді. Кітапханашыдан оқушылардың кітапты қалай алып, қай уақытта оқитындарын сұрап, білді. Сондай-ақ мектепте өтетін іс-шаралар туралы да сұрады. Мектептегі ендігі бір мәселе мектептің газға қосылуы болып отыр. Бұл мәселеніде тезірек шешуді құрылысты соққан “ТаразҚұрылыс дизайн” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Талап Тайшиповқа тапсырды. Мемлекеттік инспектор Ғани Кенжеахметов аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбековпен бірге Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай ауылына барды. Мұнда ол осындағы өткен жылы ашылған Нұрсұлу Сайлаубекова жетекшілік ететін “Али черепица” жабындысын шығаратын цехта болды. Жеке кәсіпкер Н.Сайлаубекова “Ауыл аманаты” пилоттық жобасы бойынша 2,5 пайызбен 6 миллион теңгені несиеге алып, алдымен арнайы станок сатып алған. -Біз халықтың сұранысына орай ауылдан металл жабындысын шығаратын цех ашуды ойластырдық. Бұл үшін жеңілдетілген пайызбен несиеге алған қаржыға жабынды шығаратын екі станок сатып алдық. Әріптесім Сұлтан Рахманов екеуміз осында жұмыс жасап жатырмыз. Станокта толық 3 сағат жұмыс істегенде 1000 шаршы метр металл жабындысын шығаруға болады. Егерде сұраныс көбейіп жатса, оданда көп өнім өндіреміз. Жабындыға қажетті шикізатты Алматы қаласынан әкелеміз,-деді кәсіпкер Ғанибек Жұмасаев. Ғанибек Темірболатұлы әңгіме арасында үлкен цехтың төбесін жабуға, басқада қажеттілікке байланысты қаржыдан көмек керектігінде айтып қалды. Егерде сұраныс көп болып жатса тағы 2-3 адамды жұмысқа тартуға мүмкіндігі барында жасырмады.
Сүндетулла Әбілов. |
Обновлено 15.10.2024 11:02 |