Биылғы жыл егіс-дала жұмыстары үшін тиімді жылдардың бірі болды. Оның үстіне шаруалардың ала жаздай алқаптан шықпай еткен еңбектерінің арқасында қайсібір егістік алқабынан болсын өнім мол жиналуда. Қазір алқаптардағы өнім жинау жұмыстары аяқталып келе жатса, қант қызылшасын жинау енді басталды. Биыл аудан бойынша 3 010 гектар жерге тәтті түбір егілген еді. Ал бұл былтырғы жылға қарағанда 660 гектар қызылшаның артық егілгендігін
көрсетеді. Аудандағы 13 ауылдық округтердегі 67 шаруа қожалығы қант қызылшасын өсірумен айналысуда. Ауа райының көмегі, егістікті жаңбырлатып, тамшылатып суару арқылы суды үнемді пайдаланудың арқасында қызылшаның шығымы жақсы болды. Ендігі мақсат – аталған өнімді төкпей-шашпай жинап алып, тиісті қант зауыттарына өткізу болып отыр. Бұл жұмыстарға әзірге 9 комбайн қатыстырылуда. Осы аптаға дейін аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша ауылдық округтердегі 11 шаруа қожалығы тәтті түбірді жинауды бастап кетті. Ұйымшылдықпен жүргізілген жұмыстың арқасында 190 гектардың қызылшасы жиналып, оның әр гектарынан алынған өнім 780 центнерден айналды. Жиналған 14 791,1 тонна қызылшаның 14 660,4 тоннасы Меркі, ал 130,6 тоннасы Ақсу қант зауыттарына өткізілді.
Өз тілшіміз. |