Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбындағы Жолдауында ел экономикасының дамуы мен келешегі туралы айтылды. Сондай-ақ еліміздегі электр энергиясының тапшылығына байланысты елімізде референдум өткізу туралы айтылып, артынша 6 қазан референдум өтетін күн болып белгіленді. Онда атом электр стансасын (АЭС) салу, салмау туралы халықтың пікірі ескерілетін болады. Осыған байланысты жергілікті жерлерде атом электр стансасы туралы халыққа жан-жақты түсіндіру мақсатында
халықтық штаб құрылып, жұмыс істеуде. Кеше ауданымызға келген Жамбыл облыстық халықтық штабының мүшелері, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев пен еңбек және «Amanat» партиясының ардагері Аманкелді Кәрентаев, Байзақ аудандық халықтық штабының мүшелері, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, аудандық мәслихаттың депутаты Асылбек Жантаевтар Түймекент ауылындағы «Достық-99» шаруа қожалығы мен Сарыкемер ауылындағы «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшы қызметкерлері, аудан орталығында қоғамдық ұйым мүшелерімен кездесті. Кездесулерді АЭС салуды қолдау жөніндегі аудандық халықтық штабтың үйлестірушісі, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева ашып, жүргізіп отырды. -Біздің мақсатымыз-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы Жолдауындағы көтерілген мәселелер арасындағы ең өзектісі-елімізде атом электр стансасын салуға байланысты халыққа оның маңызы, қажеттігі туралы жан-жақты түсіндіру. Бұл мәселе республикамыздағы электр энергиясының тапшылығынан туындап отыр. Ал оның салынуын 6 қазан күні өтетін референдумда халық шешеді. Бұл шешім еліміздің экономикалық және технологиялық болашағын айқындайтын болады.
Электр энергиясының қажеттігін баспасөз беттерінен оқып, теледидардан естігеннен басқа өмірденде көріп келеміз. Бүгінде беріліп отырған энергияның 70 пайызы электр стансаларынан көмірді пайдалану арқылы берілуде. Ал оның құны қымбат, әрі табиғатқа тигізіп отырған зияны көп. Сатып алып жатқан энергиямызда бар. Өркениетті 31 ел АЭС-тің тиімділігін көріп отыр. Ал біз салсақ оған уранды пайдаланамыз. Елімізде уранның мол қоры бар. Мамандарымыз АЭС-тің халыққа қауіпсіздігі, табиғатқа зияны тимейтіні жайлы айтып отыр. Еліміз АЭС салуда жаңа техникалармен жетілген, қауіпсіздік деңгейі III+ реакторын қарастыруда. Себебі оның зиянсыздығы әбден зерттелген. Сондықтанда сіздерді 6 қазан күні референдумға ұйымшылдықпен қатысып, дұрыс таңдау жасауға шақырамын,- деді Абдалы Тоқбергенұлы. Облыстық, аудандық штабтың мүшелері А.Кәрентаев, Б.Ақбаев, С.Ермеков, А.Жантаевтарда қазіргі күні экономиканы алға қарай жылжыту үшін бар мәселе электр қуатына байланысты болып тұрғанына әлемнің көзі жеткендей болғанын айтты. Сондықтанда 31 елде 450-ге жуық реактор жұмыс істеп тұрсада, әліде АЭС салуды қолға алып жатқандары бар. АЭС еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажеттігіне тоқталды. Еліміздің болашағы үшін салынатын АЭС болашаққа салынар инветиция екенінде атап өтті. Сондай-ақ көптеген жұмыс орындары ашылатыныда айтылды. Аудан тұрғындарын референдумға біркісідей қатысуға шақырды. Кездесулерде «Рауан» ЖШС-нің директоры Лямзер Төлебаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Серік Балабеков елімізде атом электр стансасын салуды қолдайтындықтарын білдіріп, референдум күні оны жақтап дауыс беретіндіктерін айтты. Кездесулерде тұрғындар тарапынан АЭС-тің табиғатқа тигізер залалы, қауіпсіздігі, кадр мәселесі, соғылатын орны, қанша жылда соғылатыны, жұмсалатын қаржы көлемі тәрізді сұрақтар қойылып, оған жауап алынды. Еліміздің бүгіні мен болашағына бейжай қарамай, байыппен қарайық. Мұндай саяси науқанда әркімнің дауысы маңызды екенін естен шығаруға болмайды.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |