Оқушыларымыз қазақ және орыс тілінде білім алып жатқан гимназияда 1 180 оқушы оқып жатса, олардың 113-і биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер. Оларға 132 мұғалім сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Мектеп алдындағы әсем безендірілген алаңқайдағы іс-шараға алдымен салтанатты жағдайда сынып жетекшілерімен бес бірінші, үш онбірінші сынып оқушылары шақырылды. Әсем сазды әуенмен ортаға Қазақстан Республикасының Туы енгізіліп, мемлекеттік Гимн орындалды. Іс-шараға қатысқан Жамбыл облыстық мәслихатының аппарат басшысы Дәурен Әбдіқасымов, ардагер-ұстаз, мектеп қамқоршылық кеңесінің мүшесі Шолпан Сыздықбаева, гимназия директоры
Арыстанбек Қайпұлдаевтар сөз алып, мектеп оқушылары мен ұстаздарды, ата-аналарды Білім күні, алғашқы оқу жылының басталуымен құттықтады. Жаңадан мектеп табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндерге білім жолында сәттілік, оқушыларға тәртіпті болып, сабақты жақсы оқуларына өз тілектерін жеткізді. Ұстаздар қауымының еңбегіне табыс тіледі. 1- сынып оқушылары өз тақпақтарын айтты. Алғашқы қоңырауды соғу құрметіне 11-сыныптың озат оқушысы Иса Нұрсұлтанұлы мен биыл бірінші сыныпқа қабылданып отырған Мерида Олжасқызы ие болды. Бірінші сыныптың оқушылары Нұржан Алистайр мен Айнұр Жақыпқа 11-сыныптың озат оқушылары Анастасия Деева мен Диас Қалмаханбетұлы мектептің білім кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Салтанатты шара барысында Алтынай Сағидулла мен Әмина Елемес орындаған «Алғашқы қоңырау», «Қоңырау» әндері мен мектеп бишілерінің мың бұрала билеген қазақ биі шараның шырайын кіргізді. Салтанатты жиыннан соң оқушылар мектептегі «Мектебім - мейірім мекені!» тақырыбында өткен сынып сағаттарына қатысты.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |
Обновлено 03.09.2024 10:41 |