Өткен аптаның бейсенбісінде Жамбыл облысының 85 жылдығына орай “Ауыл кеші көңілді” атты ауылдық округтердің мәдениет күндерінің қорытынды гала-концерті өтті. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен үш ай бойы, әр аптаның жұмасында аудан орталығындағы Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев атындағы саябақта өткен “Ауыл кеші көңілді” атты ауылдық округтердің мәдениет күндерінің қорытындысы шығарылып, топ жарған округтер
марапатталды. Айтулы шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков қатысып, облысымыздың құрылғанына 85 жылдығына орай өткерілген мәдениет күндерінің аудан тұрғындарына ұмытылмастай әсер сыйлағандығын, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, жас таланттардың топ жарып шыққандығын, әділқазылар алқасы әр округтің жетістігін бағалап, соңында қорытындысын шығарғандығын айтты. Бас жүлдені жеңіп алған Бәйтерек пен Ботамойнақ ауылдық округтерінің әкімдері Қуаныш Жұманов пен Ғазиз Абахановқа диплом, сертификат және статуэтка табыстады. Көктал және Бурыл ауылдық округтері - бірінші, Темірбек, Көптерек ауылдық округтері-екінші, Мырзатай, Жалғызтөбе ауылдық округтері-үшінші орындарға ие болды. Мәдениет күндеріне белсене қатысқан Сарыкемер, Үлгілі, Қостөбе, Қызыл жұлдыз ауылдық округтері Алғыс хаттармен, “Үздік дәстүр” аталымымен Түймекент, Дихан ауылдық округтері, «Үздік көрініс» номинациясымен Суханбаев, Жаңатұрмыс ауылдық округтері, «Үздік би» аталымымен Ынтымақ, Сазтерек ауылдық округтері марапатталды. Мәдениет күндерінің қорытынды гала-концерті белгілі әншілердің әуелете салған әнімен, мың бұрала билеген бишілердің өнерімен түйінделді.
Өз тілшіміз. |