Кеше аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Алдымен сахнаға «Көк тудың желбірегені» әнімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы шығарылып, Гимні орындалды. Салтанатты шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков жиналғандарды мерекемен құттықтады. -Қымбатты аудан тұрғындары! Баршаңызды еліміздің мәртебелі мерекесі – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Конституция-Заң үстемдігінің берік орнап, қоғамның ілгері дамуына
қызмет ететін айрықша маңызды құжат болып табылады. 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Конституцияны басшылыққа ала отырып, Тәуелсіздігіміз бен мемлекетімізді нығайту жолында ауқымды істер атқарылды. Тәуелсіз еліміз әлемге танылып, дамудың даңғыл жолына түсті. Халқы тату-тәтті, саясаты сарабдал елдің болашағы баянды болады. Ырыс- ынтымаққа жолығады, дәулет-бірлікпен толығады. Олай болса, татулық пен келісім Отанымызда мәңгі мекендеп, көкбайрағымыз ашық аспанымызда әрдайым желбірей берсін,- деген Болат Мырзаханұлы ауданымыз мерейлі мерекені мол табыстармен қарсы алып отырғаны жайлы айтып өтті. Әрбір салада қол жеткізген жетістіктерге тоқталды. Аудандық соттың төрағасы Досжан Төленбековте аудан тұрғындарын ұлық мерекемен құттықтап, жаңа құжат еліміздің жан-жақты дамуына жол ашқанын атап өтті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков аудан экономикасының дамуына, өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірнеше азаматты әртүрлі деңгейдегі марапаттармен марапаттады. Олардың қатарында мемлекеттік кірістер басқармасының салықты әкімшілендіру және өндіру бөлімінің басшысы Айбол Сыздықов пен Бурыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Саламат Сқақов Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, ал Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің жұмысшысы Болатбек Айтқұлов пен Сарыкемер ауылдық округі әкімі аппаратының құжаттама-құрылымдық бөлімшесінің басшысы Баян Дәулетбаева Алғыс хаты, ал Мырзатай орта мектебінің директоры Роза Жұмасаева мен Көктал орта мектебі директорының бағдарлы ісі жөніндегі орынбасары Әсел Есеева Жамбыл облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ бірнеше еңбек озаты аудан әкімінің Грамотасы мен Алғыс хатына, «Байзақ ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медаліне ие болды.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |
Обновлено 29.08.2024 20:57 |