Онлайн газет



Ленинградты қорғаған жауынгер

А .Тышқанбаев,
ардагер ұстаз.

Бүгінде  Екінші  дүниежүзілік соғысына қатысқандардың  қатары сиреп бара жатыр. Ұлы Отан соғысы туралы тарихи құжаттар мен әдеби шығармалар, хроникальды және көркем фильмдер арқылы таныс болған кейінгі ұрпақ арамызда жүрген соғыс ардагеріне қандай құрмет көрсетсе де жарасымды.
«Қазақстанда құралған әскер бөлімшелерінің үштен бірі Ленинград түбінде соғысты. 1941 жылғы қыркүйектің ауыр күндерінде қазақтың халық ақыны Жамбыл лениноградтықтарға «Ленинградтық өренім» деген жырын арнап, онда көп ұлтты еліміздің бүкіл еңбекшілерінің алаңдаушылығын білдірді»-деп жазылған тарихи оқулықта.
Ленинград қорғанысы майданының жауынгері Мәдібек Мақұлбеков ақсақал бұл күнде тоқсанның екеуіне келіп, Ақжар ауылында үлкен жанұяның ақылшысы болып, Алланың осы күнге жеткізгеніне шүкіршілік етіп отырған жайы бар. Өмірде көргені көп, түйгені мол қарияның сыр сандығын ашып көруге тырысқан едік.
- Соғыстан бұрын өзіміздің Қызыл жұлдыз ауылында бастауыш сыныпты бітіріп 5-6-сыныптарды Дихан және Тегістік ауылдарында оқыдым. Ол кезде халықтың тұрмыс жағдайы төмен. Сондықтан 17 жасымнан ұжымда жұмыс істедім. Соғыстың алдында 1941 жылдың маусым айының басында күн тұтылды, халқымыз күннің тұтылуынан секем алады ғой, арада екі жұма өтер-өтпестен «соғыс» деген суық хабар ел ішін дүрліктіріп жіберді. Біздің үйден ағаларым Әшім, Әбдірембай, Әубәкір кетті. Ауылда қалған жастар мен жасы ұлғайған кісілер таңның атысы, күннің батысына дейін бір Алладан соғысқа кеткендердің амандығын тілеп, шаруашылықтың бар ауыртпалығын көтеріп, жүріп жатты,-деп әлдене ойына түскендей біраз үнсіздіктен кейін әңгімесін одан әрі жалғастырды.
-Мен соғысқа 1942 жылдың мамыр айында аттандым. Бізді жүк пойызымен 20 күндей алып жүріп, Орынбор қаласынан ары Жайық өзені жағасындағы Тотск станциясындағы айдалаға апарып, екі айдай әскери дайындықтан өткізді. Өз киімімізбен шала құрсақ жүрдік те, әскери киімді 1942 жылдың қыркүйек айында берді.
Әскери дайындықтан кейін пойызбен Ленинград қаласы маңына әкеліп, Ладога көлі арқылы пароходпен қалаға кіргізді. Мен 125-ші дивизияның 466-шы атқыштар полкі, батальонының пулемет ротасында болдым. Қаланың Оңтүстік батысындағы  Пушкин қаласында батальон штабы орналасты. Қала немістер қоршауында, біз қала ішіндегі қорғанысты қамтамасыз етеміз, қорғаныс үш шептен жасалған. Әр ұрыстан кейін жауынгерлер қатары сиреп қалады, артынша толықтыру болады. Тағы да ұрыс, тағы да сиреу, тағы да толықтыру.
Қиянкескі ұрыс бір толастамай жүріп жатты, азық-түлік, оқ-дәрі тапшы. Ленинград майданында 1942 жылдың қыркүйек айынан бастап, 11 ай болдым. Ұрыс өте ауыр болды, соғыстан аман қаламыз, елге ораламыз, бұл күнге жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Аллаға шүкір, дәм-тұзымыз таусылмаған екен. Жеңіс күнін көрдік. Елге келдік, шаңырақ көтердік, еңбек еттік, абыройсыз болғанымыз жоқ, бұл күнге де жеттік.  «Героическая оборона Ленинграда» медалімен марапатталдым.
Қаланы жау қоршауынан 1944 жылдың 14 қаңтары күні босаттық. Халықтың ондағы қуанғанын айтып жеткізу қиын. Мен сол күні ауыр жараланып 1012-ші госпитальға түсіп, үш айдан аса жатып, емделіп шықтым. Әскери комиссия соғысқа жарамсыз деп, КСРО ішкі істер министрлігіне қарасты 84-ші, кейін 79-шы полктарында қызмет еттім. Міндетіміз немістерден азат етілген қалалар мен темір жолдарда қалып қойған неміс жауынгерлерінің дұшпандық әрекеттеріне тойтарыс беру және оларды қарусыздандыру болды. Бұл бұйрықты қалтқысыз орындап отырдық. Соғыстың өзі жан күйзелістерінен тұрады, оны бастан кешіру, өліммен күнде бетпе-бет келу, қасындағы қарулас досыңнан әп-сәтте айырылу, қияметтің қамытын киіп жүру деп түсіну керек. Елден соғысқа  бірге аттанған жігіттер туған бауырлардай болып кеттік. Менімен Ленинград майданында алғы шепте бірге болған Молдақұл Шөкеев басына оқ тиіп, қаны тоқтамады, арқалап бес шақырым жердегі санбатқа апардым. Содан қайтып хабар болмады, өлі-тірісін біле алмадым. Соғыс аяқталған соң  елге келгенде қызы Баянға жолығып, не дерімді білмедім. Екінші оқиға, соғыста командирім, лейтенант Степанов жаудың бомбалауынан кейін мені топырақ астынан ес-түссіз жатқан жерімнен ашып алыпты. Егер ол тауып, аршып алмағанда не боларын бір Аллаға ғана аян еді. Осы оқиғалар есімнен шықпайды-дейді ақсақал.
-Соғысты Брянск облысында КСРО ішкі істер министрлігіне қарасты 79-шы полкта аяқтадым. Немістер шегініп бара жатып, халықты аяусыз қырып, жойып, рельстерге асып кеткен екен, соларды жерледік. 1946 жылы қыркүйек айында аяғымды сылтып басып елге келдім. Содан Жамбылдағы бір жылдық мал дәрігерлік оқуды аяқтап «Қызыл жұлдыз» ұжымдық шаруашылығында мамандығым бойынша жұмыс істедім. Ел әлі оңала қоймаған кез. 1950 жылы Үкіметтің ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру туралы қаулысы шығып, «Қызыл жұлдыз», «Қызылқұм» және «Ақжар» ұжымдық шаруашылықтары бірігіп «Жамбыл» ұжымдық шаруашылығы болып аталды, аталған шаруашылық 1959 жылы тағы да КСРО Үкіметінің уақ шаруашылықтарды ірілендіру туралы қаулысына орай, «Трудовой пахарь» ұжымдық шаруашылығына қосылды. 1964 жылы шаруашылықта жұмыс істей жүріп, Луговойдағы мал дәрігерлік техникумын сырттай оқып, бітірдім. Аталған шаруашылықта 40 жыл мал дәрігері болып еңбек еттім, жалпы 50 жылдан аса жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Бүгінде ұл-қыздарымнан тараған немере, шөберелердің қызығын көріп отырған  жайым бар, - деп әңгімесін түйіндеді ардагер бізбен қоштасарда.

Обновлено 30.04.2014 11:39
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін730
mod_vvisit_counterКеше1189
mod_vvisit_counterОсы аптада730
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда40920
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2248306

Серіктестер