Онлайн газет



Кәсіптің көзін тапқан, нәсіпке кенеледі

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Сәрсенбінің сәтін сала облыс әкімі К.Көкірекбаев Байзақ ауданына іссапармен келді. Жыл басынан бері осымен екінші рет өлкемізге ат басын бұрып отырған Кәрім Нәсбекұлы бірнеше  кәсіпорындар мен шаруашылықтарда болып, олардың

жұмыстарымен танысты.

Іссапар Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылындағы «Ағали» шаруа қожалығының шұжық өндіру цехынан басталды.  Мұнда облыстан келген басшыларды қарсы алған қожалықтың иесі Нәби Ағалиев 2013 жылдан бастап жұмыс істей бастаған шұжық өндіру цехы, жеткен жетістіктері мен болашақ жоспарлары жайлы айтып, өздері құрастырып жатқан - сиыр сауатын аппарат, оның мүмкіншіліктерін сөз етті. Мұнан кейін қонақтар «Туған жер» шұжығының дайын өнімімен танысты. Дәл осындай атпен тәулігіне 4 тонна шұжық өнімдерін шығаратын цехта 8 адам жұмыс жасайды екен. Жалақылары да тәп-тәуір Айына 40 мың теңге көлемінде.
Цех ауласында сонымен қатар, өндірісі өрге домалаған «Михайловский», «Ақ ниет» шаруа қожалықтарының шұжық және жеке кәсіпкер «Лесняктің» сүт өнімдерінің көрмесі қойылып,  облыс әкімі өндіріс басшыларымен жеке-жеке сұхбаттасты.
Кереуеннің келесі бағыты Байзақ ауылында жұмысын жаңадан бастағалы жатқан «ТаrаZ» ЖШС-і еді. Азық-түлік қаптамаларын шығаруды жоспарлап отырған жеке кәсіпкер Р.Меркібаевтың айтуына қарағанда жоба сәтті жүзеге асса 80 адам жұмыспен қамтылады. Бүгінгі таңда онда құрал-жабдықтар әкелініп, монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. «Әйтседе, істің ілгері жылжуына әлі де болса қаражат қажет», - дейді Рауан Бекмұратұлы. Мұндағы мән-жаймен таныс болған Кәрім Көкірекбаев бұл бастаманың оңды екенін ауызға алып, оның әрбір салаға қажеттілігі жайын сөз етті. Кәсіпкерге сәттілік тіледі.
Мұнан кейін облыс әкімі  осы аймаққа қарасты әрлеу кірпіштері мен құм блоктарын шығаратын «База-Servis» кірпіш зауытына және  шойын батареяларын шығаратын цех «Шойын темір» ЖШС-не табан тіреді.
Кіргеннен бастап «қыздың жиған жүгіндей» рет-ретімен жиылған кірпіштерді қолымен ұстап, олардың шығарылу технологиясын өз көзімен көрген Кәрім Нәсбекұлы өнімдердің сапасы, сұраныс көлемі жайында сұрап-білді. 2012 жылдан бастап іске қосылған зауыт былтыр 1 145 230 дана құм блогын, 18917 дана әрлеу кірпішін, 247115 дана қабырға блогын шығарған.
Зауытқа жақын орналасқан шойын темір цехында да бұл мезетте жұмыс қызу жүргізіліп жатыр екен. Қайнаған жұмыстың үстінен түскен қонақтар шойын батареяларын шығарып жатқан жұмысшылардың еңбегіне риза болысты. Деседе еңбектің еселене түсуіне бірнеше проблемалар кедергі келтіріп отыр екен. Атап айтқанда, су тапшылығы, газ өткізу және темір жол тұйығын соғуға көмектесуді сұраған мұндағыларға, облыс әкімі тиісті қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізді.
Голландиялық тәсілмен жылыжайларда  қияр мен қызанақты өсіріп, өнімін алып отырған «Манат» шаруа қожалығы 1997 жылы құрылған. Өңірімізден бөлек, облыс, тіпті өзге қалаларды қақаған қыс айының өзінде көкөніспен қарық қылып отырған шаруашылықтың жұмысы өзгелерге өнеге, үлгі. Бүгінде мұнда 20-ға жуық адам еңбек етсе, олар айына 35 мың теңге көлемінде жалақымен қамтылған. Жылыжайдағы игі істер К.Көкірекбаевтың көңілінен шығып «Жылыжайлардың жұмысын жандандыру – заман талабы. Ерте бастан өнімін беретін мұндай орындар көбейген сайын, көкөністерге деген нарықтағы баға саны да арзандай түседі. Сондықтан осы істі қолға алған барлық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан әрқашан көмек бола бермек»  деген облыс басшысы,  кәсіптің көзін тапқан, нәсіпке кенелетіндігін ауызға алды.
Бұл күні шаруашылық жұмысшылары тамшылатып суару алқабының 10 гектар жеріне қызанақтың көшеттерін отырығызып жатты. Күн райы қолайлы болса көшеттер ерте жайқалып-гүлдеп, ерте өнім береді. Айта кетерлік мәселе, сол көшеттерді өсіріп, дайындайтын арнайы орынның жоқтығы көп іске қолбайлау болып отыр екен. Және шаруашылық басшылығы 2 гектар жерге испан технологиясымен көкөніс өсіретін қосымша екі жылыжай соғу үшін 272 млн. теңге көлемінде қаражат көзін шешу туралы айтып жеткізді. Жылыжайлар санын арттыру туралы өз ойымен “Мауыт” шаруа қожалығының жетекшісі Мауыт Фазулов та бөлісті.
Облыстан келген делегация мұнан кейін «Ағали» шаруа қожалығының сиыр фермасын аралап көрді. Таза, талапқа сай келетін ферма жұмысына оң бағасын берген Кәрім Нәсбекұлына дәл осы жерде Байзақ ауданы ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалық мәселелері, шаруа қожалықтарын ірілендіру, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолының бойында сүт фермаларын ашуға ниеттенген шаруалар жөніндегі мәліметтер таныстырылды.
Басшылық барған келесі нысандар жылыжай іші гүлдермен жайқалған «Жасұлан-Флора» ЖШС-і, одан кейін Мырзатай ауылдық округіндегі «Әулие Ата Феникс» құс етін өндіру фабрикасында жалғасты. Жолай Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев Көктал орта мектебінің жай-жағдайымен де танысты.
Кешке жақын аудан әкімшілігінің мәжілістер залында аудан белсенділерімен бірге жиын өткізілді. Онда сөз сөйлеген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауданға келудегі басты мақсатты ауызға алып, бір күндік іссапар барысында көкейге түйген мәселелерді атап өтті. 
Өңір басшысы әсіресе, тазалыққа аса тиянақтылықпен қарау қажеттігі туралы, кәсіпкерлерге көмек көрсету, “Сыбаға”, “Агробизнес-2020”, “Жұмыспен қамту жол картасы -2020” және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі, олар жөнінде халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу жайында баса айтты. Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясына қатысып қайтқанын, ол жақтан алған әсерлерімен бөліскен Кәрім Нәсбекұлы «бірлік, береке – басты байлығымыз» дей отырып, халықтар достығын қалыпты ұстау қажеттілігі турасында әңгіме қозғады. Өзге көрші мемлекеттердегі келеңсіз жағдайларды тілге тиек етіп, ұлттар татулығын ұлық тұту – парыз екендігін сөз етті.
Айтпақшы, ауданды аралаған облыс әкімі сөз болған барлық проблемалық мәселелер бойынша өзімен бірге еріп келген орынбасары Мұратбай Жолдасбаевқа, Жамбыл облысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаевқа, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиевке және аудан әкімі Мұратхан Шүкеевке тиісті тапсырмалар берді.

 

Обновлено 28.04.2014 11:23
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін432
mod_vvisit_counterКеше1189
mod_vvisit_counterОсы аптада432
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда40622
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2248008

Серіктестер