
Биыл халқымыздың айбынды перзенті, алмас мінезді жерлесіміз, Отанды сүюдің хас үлгісін көрсеткен, Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ерлігіне 80 жыл толып отыр. Оның осынау ғаламат ерлігі қаншама уақыттар өткенімен ел санасында жаңғырып, тарих тақтасында жарқыраумен тұрғаны анық. Батыр ерлігін еске алу мақсатында Сарыкемер ауылындағы батыр атындағы орталық саябақта жиын өтті. Онда жиналғандар ерлігі ұрпаққа ұран болған Ақәділ Суханбаевты бір минут үнсіздікпен еске алып, батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ерлікке тағзым етті. Бұдан соң іс-шара Қосы батыр ауылындағы Ақәділ Суханбаевтың тұрған музей-үйінде
жалғасты. Өткен ғасырдың 30 жылдары іргетасы қаланған, екі бөлмелі қоржын үйдің айналасы шынымен қоршалған. Айта кететін жайт, 2018 жылы батырдың ұрпағы, жеке кәсіпкер Талғат Жүнісқадыров өз қаржысына батырдың әскер қатарына шақырылар алдында өзі тұрған үйін күрделі жөндеуден өткізіп, сыртын әйнекпен қоршатқан екен. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен үйдің төңірегі абаттандырылып, орындықтар қойылған. Аспалы шамдар орнатылған. Батырдың ұрпақтары: қоғам қайраткері, Жамбыл облысының, Байзақ, Шу және Мойынқұм аудандарының Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев, «Қосы батыр» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Болат Үсенбаев, ақпарат саласының ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Тұрсынхан Толқынбаев, Шу ауданынан келген Балықбай Көбжанов, Шу ауданы, Төле би ауылдық округінің әкімі Елнұр Рахымқұлов, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиевалар батырдың қарашаңырағында болды. «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл батырдың әруағына құран бағыштады.
 Бұдан кейін жиналғандар Жақаш ауылында кіші футболдан аудандық турнирдің ашылу салтанатына қатысты. Мұнда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков пен аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев сөз сөйлеп, жаужүрек батырдың ерлігін ұлықтау-бүгінгі ұрпақтың парызы екендігін, мұндай шаралар өскелең ұрпақты елін-жерін сүюге, патриотизмге тәрбиелейтіндігін жеткізді. Қатысушыларға сәттілік тіледі. Еліміздің Гимні орындалған соң, ойын басталып кетті. 18 ауылдық округтерден келген жиырма команда арасындағы ойын тартысты өтіп, топ жарған командаларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хатпен, сый-сияпаттар табысталды. Ерлік өлмейді, ер ұмытылмайды. Еліміздің басына күн туған сын сағатта елі үшін от болып жанып, оқ болып атылған Ақәділ ерен ерліктің қаһармандық үлгісін көрсетті. Халқымыз антына адал, сертіне берік, сұрапыл соғыста ерлігімен ел есінде қалған батырларды ұлықтау-ұрпақ парызы. Жақаш ауылындағы Ақәділ Суханбаев атындағы орта мектептің ауласындағы батыр ескерткішінің жанына жиналғандар қатары қалың болды. Батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. БАТЫР МУЗЕЙІНДЕ
Ей, балам, білемісің Ақәділді? Қазақтың сарбазы одан алады үлгі. Шайқаста Отан үшін елдің ері, Жүрегін бомба қылып жара білді. Арғынбай Бекбосын.
Аталған білім ошағының екінші қабатында батырға арналған мұражай бар. Мұражай А.Суханбаевтың ерлік жасағанына 30 жыл толғанда, яғни 1964 жылы ашылған. Биылғы жылы толығымен қайта жаңғыртылған музейде Ақәділдің балалық шағынан бастап, майдан даласындағы ерлік жолдары, туған ауылының тарихын баяндайтын суреттер ілініп, ақын-жазушылардың кітаптары, сарғайған газет қиындылары, батыр тұтынған бұйымдар қойылған. Сонымен бірге мұнда Суханбаев ауылдық округіне қарасты Жақаш, Қарасу, Көкөзек ауылдарынан Ұлы Отан соғысына аттанған азаматтардың тізімі қамтылған. Музейде суреттер «Бейбіт өмір үшін», «Өшпес ерлігіңді мақтан етеміз», «Батырға халық сыйы» деп топтастырылған. Келген қонақтар мен жиналғандарды тарих пәнінің мұғалімдері Ләйла Егешова мен Қуатжан Байгөбеков асыл ердің ерлігін ұлықтаған тың деректермен таныстырды. Келген қонақтар «Лебіз-пікір» кітабына өздерінің жүрекжарды лебіздерін, тілектерін жазып қалдырды.
ЕРЛІК ЕШУАҚЫТТА ЕСКІРМЕЙДІ
Мектептің мәжіліс залында Ақәділ Суханбаевтың ерлігінің 80 жылдығына арналған жиын батырдың ерлігі туралы деректі фильммен ашылды. «Ақәділ монологі» атты көрініс көрсетіліп, «Шахан» халық театрының режиссері Бақытжан Байкүшіков Ақәділдің ерлік жасаған сәтін шебер сомдай білді. Әрмен қарай Жамбыл облысының, Байзақ, Шу, Мойынқұм аудандарының Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев батырдың ерлігіне құрмет көрсету мақсатында алыс-жақыннан қонақтар келгендігін, ел басына күн туған шақта өшпес ерлік жасаған Ақәділдің ерлігі қазақ халқымен бірге мәңгі жасайтындығын айтты. Ерлікті ұлықтаған шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген аудан басшылары мен ауылдық округ әкімшілігіне алғысын білдірді. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың өміржолына тоқталды. Қосы батырдың ұрпағы Ақәділдің есімі, ерлігі тарих бетіне алтын әріппен жазылғандығын айтып, батырдың музей-үйін абаттандыруға жергілікті бюджеттен 5 млн. теңге бөлінгенін, ерлікке әрдайым құрмет көрсетіле беретіндігін жеткізді. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен даңқты батырдың ерлігін мәңгі есте сақтау-қасиетті борыш екендігін атап өтті. «Қосы батыр» қорының Шу аудандық филиалының төрағасы Балықбай Көбжанов ерлікті дәріптеп жатқан байзақтықтарға алғысын айтты.
 Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов Ақәділ Суханбаевтың мұражайын қайта жаңғыртуға үлес қосқан Сейтжан Желдікбаев пен Абдислам Қаспақовты аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. “Қосы батыр” қоры төрағасының орынбасары Болат Үсенов бірқатар азаматтарға құрмет көрсетті. «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева айтулы шараға еңбек сіңіргендерге партияның Алғыс хатын табыстады. Шу ауданының орталығы -Төле би ауылында Балуан Шолақ Баймырзаұлының туғанына 160 жылдығына орай, аталған көшеге Тараз және Байзақ ауданындағы ағайындар ескерткіш-тақта орнатқан азаматтарға Шу ауданы әкімінің және Төле би ауылы әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Батырдың немере келіні, 84 жастағы Науат апаның иығына орамал жабылып, зерлі камзол кигізілді. Іс-шара барысында А.Суханбаев атындағы орта мектептің оқушылары Арғынбай Бекбосынның сөзіне жазылған Айтқұл Мамытқұлұлының «Ақәділ маршы» әнін, Арғынбай Бекбосынның батырға арналған өлеңдер топтамасын мәнеріне келтіріп оқыды. Белгілі ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырдың «Тағзым» әні Айбар Сағынбектің орындауында әсерлі болды. Ескендір Хасанғалиевтің “Атамекен” әнін белгілі әнші Алмахан Исабаев әуелете шырқап, жұртшылықтың құрметіне бөленді. Жиын соңында батырдың рухына құран бағышталып, ас берілді. Бабалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Қазақтың ұланғайыр ұлы жерін қорғаған ерлер ерлігі ғасырлар бойы сан ұрпақты отаншылдық рухқа бөлеп келеді. Ел мен жер тұтастығын сақтап, жаудың бетін қайтарған Ақәділдей батырдың өршіл рухы мен тағылымды өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болып, аңыз бен ақиқат болып жаңғыра берері сөзсіз.
Гүлшахар ӘБДІҚҰЛОВА, Суреттерді түсірген Айдар Алдабергенов. |