
Жақында аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлерімен «Дәстүрлі емес діни ағымдардың зардаптарынан сақтану» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Оған аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері: аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің Дін істері бөлімінің басшысы Алмас Құлымбетов және Жастармен жұмыс жөніндегі маман теолог Сәуле Арғынбаева қатысты. Шара барысында деструктивті діни ағымдардың
зиянына шолу жасалынып, ата дініміздің мақсатын сөз етті. Дәстүрлі емес діни ағымдардың дінімізге ешқандай қатысы жоқтығын мысалдарға сүйене отырып, түсіндірілді. Мұнымен қатар, жастар арасындағы сенім, дінге қызығушылықта ақпарат көздерін дұрыс таңдауға көңіл бөлу керектігі де баса айтылды. Елімізде тыйым салынған ұйымдар жайлы кеңінен мәлімет беріліп, «Дәстүрлі емес діни ағымдардың зардаптарынан сақтану» атты тренингімен қорытындылады. Тәуелсіз елімізде бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау, жастардың діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтаудың өзектілігі де назардан тыс қалмады. Бұдан бөлек, аталған топтың мүшелері Сарыкемер, Үлгілі, Ынтымақ ауылдық округінде болып, дәстүрлі емес діни ағымдардың қауіптілігі жайында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Онда жат діни ағымдардың ішкі және сыртқы сипаттары, қоғам құндылықтарына кері әсері жайлы сөз өрбіді. Сондай-ақ, топ мүшелері бүгінгі таңда жас ұрпақтың тәрбиесіне баса көңіл бөлудің маңыздылығын айтып, олардың тура жол таңдауда жаңылыспауына ықпал ету керектігін жеткізді. Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылып, қойылған сұрақтарға мамандар тарапынан жауаптар берілді.
Гүлшахар ӘБДІҚҰЛОВА, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі. |
Обновлено 01.08.2024 19:33 |