Аудандық “Село жаңалығы” - “Сельская новь” аталатын, екі тілде екі бөлек шығатын газеттегі журналистік жолым жаңа басталған 1974 жылдың 24-ші тамызы болатын. А.Суханбаев атындағы ұжымшардың орталығы Фрунзе бөлімшесіне (қазіргі А.Суханбаев ауылдық округіне қарасты Жақаш ауылы) сол кезгі құдіретті Одақтың астанасы-Мәскеуден, Дондағы Ростов қаласынан Ақәділ батырдың қаруластары, Литва Республикасынан арнайы делегация, аудандық, облыстық, республикалық
қана емес, Одақтық басылымдардың тілшілері, Орталық телевидениенің операторлары келді. Құрметті қонақтар қатарында «Красная звезда» газетінің тілшісі В.Г.Безродный да болды. Ауылдың орталық көшесін бойлай ілінген алқызыл жалаушалар, қызыл матаға «Ақәділдің ерен ерлігі әрқашан да ел есінде», «Халқымыздың ардақты ұлы Ақәділ Суханбаев, сенің ерлігіңді біз мақтан етеміз» деген және басқа да жалынды сөздер жазылып, ілініп қойылған. Аудан көркемөнерпаздары ән шырқап, күй күмбірлетсе, күрестен, футболдан батыр атындағы жүлде үшін спорт жарыстары өткізіліп жатты. Сағат таңертеңгі 10-да ұжымшар кеңсесінің жанындағы алаңқайдағы батыр есерткішіне Литва КСР-інің Друскининкай қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Валентин Ануфриевич Мариненок, «Круминей» ұжымшары комсомол комитетінің хатшысы Зофия Зитмундовна Бучените, 31-ші Армияның ардагерлер кеңесінің мүшесі, отставкадағы подполковник И.В.Лебедев, Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Ш.Бектұрғанов, Жамбыл облысында тұратын Кеңес Одағының Батырлары Сәду Шәкіров пен Жәнібек Елеуісовтер, Орта Азия әскери округі мен облыстың аудандарынан келген қонақтар гүл шоқтарын қойды. Гүл қою рәсімінен кейін әскери шеру болды. Ақәділдің ерлігінің 30 жылдығына орай өткен салтанатты жиынды аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Ұзақбай Сыздықбаев сөз сөйлеп ашты. Батыр қаруластары, Мәскеуден, Литвадан келген құрметті қонақтар, ол кез арамызда аман-сау жүрген, Шу ауданындағы «Дружба» ұжымшары партия комитетінің хатшысы, Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров, және басқалар тебірене сөз сөйледі. Сонау Дондағы-Ростовтан келген, әскер қатарынан босағаннан кейін осы қаладағы университетте болашақ журналистерге дәріс оқып жүрген ұстаз, Ақәділ қызмет еткен 31-ші Армия ардагерлер кеңесінің мүшесі, соғыс кезінде майдандық «Жауға қарсы аттан» («На врага») газетінің редакторы болған, отставкадағы подполковник Илья Васильевич Лебедев сөзін тамаша батыр тәрбиелеп өсірген жамбылдықтарға алғыс айтудан бастады. Ақәділдің есімі мен ерлігі Ресейде, Белоруссияда, Литвада қадірленіп келе жатқаны жайлы сыр шертті. 31-ші Армия ардагерлері атынан батыр жерлестерін бүгінгі салтанат орайымен қызу құттықтап, мектепте жаңадан ұйымдастырылған мұражайына әскери құраманың жорық жолдарынан түсірілген суреттерден тұратын фотоальбомды мәңгі сақтауға тарту етті. Қазақ халқынының батыр ұлының ерлігін өз газетінде кеңінен насихаттағаны үшін «Ақәділдің майдандық әкесі» атанған Лебедев ендігі бір сәтте: Мына төсбелгіні тірі болғанда Ақәділ тағып жүруге тиіс еді. Амал не, енді оны туысқандарына табыс етемін,-деп 31-ші Армия ардагерінің төсбелгісін батырдың туған ағасы Нұралыбай Суханбаевтың шапанының өңіріне қадап, құшақтап, бетінен сүйді.(суретте). Жиынға қатысушыларды тебіренткен осынау сәтті «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің фототілшісі Орлик Ким қалт жібермей түсіріп алған еді. Кейін облыстық басылымға ауысқанымда талай іс-сапарларға бірге шықтық, сырлас болдық. Менің батырдың ауылдас інісі екенімді біліп, бірде осы суретті маған сыйлады. Содан бері жеке мұрағатымда қадірлеп сақтап келемін. Бүгін аудандық газетте алғаш жарияланып отыр. Тәуелсіздік жылдары Ақәділ Суханбаевтың ерлігі туралы қазақ, орыс, беларус, литван тілдерінде талай кітаптар шығарылды, деректі фильмдер түсірілді. Батырдың ерлік өнегесін насихаттауға өз үлесімді қосып келемін. Облыс делегациясы құрамында Ақәділ Суханбаевтың шайқасқан жерлерінде, Мәскеуде, Балтық бойы елдерінде болып қайтқанда жазылған, Жеңістің 60 жылдығы кеңінен аталып өткен 2005 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен шығарылған «Жай отындай жарқ еткен» деп аталатын кітабым Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының электронды катологына енген.
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі, ауданның Құрметті азаматы. |