Онлайн газет



БАТА БЕРУ

Ықылым заманнан-ақ ата-бабаларымыз батаға асқан жауапкершілікпен қараған. «Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер», «Бата-тілектің анасы» деп бекер айтылмаған.  Өйткені  батаның адам өміріне үлкен әсер ететіндігін жақсы білген. Сондықтан да қазақтар ежелден-ақ кеудесі алтын сандық, көкірегі ояу қариялардан, баһадүр батырлардан,  атақты билерден,  айтулы ақындардан бата алуға ұмтылған. Қазақта: «Өз ісінің шеберінен бата алса, соған тартып, батасын алған жас та шебер болады», деген сөз бар. Мәселен, белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» Құнанбайдың баласы Абай үшін Ахмет Риза хазіреттен бата сұратқанын айтуға болады. Төле бидің Қойгелді биге берген батасы, Шәукеннің Бөлтірік шешенге берген батасы, Соқыр Абыздың Жәнібек батырға, Қарасай батырдың балаларына, Кененнің келіндеріне, Б.Момышұлының берген баталарын халық бүгінгі күнге дейін  айтып отырады.
“Бата” сөзінің түп-төркіні-Құран Кәрімнің бірінші сүресі “Фатиханың” атауынан туған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде ең күшті дұға “Фатиха” сүресі дейді. Демек бата дегеніміз - ислам дініндегі дұға. Батаның басы- дұға. Дұға қаза мен тағдырды өзгертсе, бата адамға үміт беріп, ғұмырын ұзартады. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға бір сахаба келіп: «Дұға мен тілегім әрдайым қабыл болу үшін не істейін?» деп сұрағанда, «Жеп, ішер ас-суыңды тазала», депті.
Батаның маңыздылығы оның рухани күшінде жатыр. Ең алдымен бата адамның санасына, алдағы өміріне, болашағына  әсер етеді. Сондықтан бата беру сұраушыға жақсы тілек, риясыз ниетті білдіру болғандықтан, ақ бата адамға рухани күш-қуат, мұқалмас жігер сыйлайды. Сонымен қатар халқымызда теріс бата деген де бар. Теріс бата да фәтуа сияқты халықты жаман іс-әрекеттерден тыюға негізделген. Діни бата негізінен «Әуелі Алла оңдасын, Оң жағыңнан қолдасын» деп басталады. Бұл жерде батаның қабыл болуы  Раббымыздың қолында  деген ишараны білдіреді.
Бата-халқымыздың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Батаның түрлері өте көп. Атап айтқанда, нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, сапар бата, жастарға бата, сүндет той батасы, Наурыз батасы, Ораза айт батасы, жарапазан батасы. 
Қазіргі кезде бата орнына тілек айту белең алып келеді.  Бата беремін деп ұзақ сөйлеп, елді жалықтырып алатындар да ара-кідік кездеседі. Сондықтан үй иесі бата сұрағанда  беретін батаның қысқа, мағынасы терең, үйлесімді болғандығын назарда ұстаған жөн секілді. Өкінішке орай кейінгі кездері  дастархан басында «немерем бата береді» деп  5-6 жасар немересіне, немесе баласына бата бергізіп жататындар баршылық. Мұндай жерде үлкен қария тұрып, баланың бата бергені ерсілік емес пе деп те ойлайсың. Бала бата бергенде біреудің  батасын жаттап, айтып жататындығын естен шығармаған абзал. Негізінен ер адам отырған жерде әйел адам бата бермейтіндігін де естен шығармаған жөн секілді.
Өмір болған соң түрлі жағдайлар болып жатады. Жағдайға қарай бата беруде қариялар көп іздене бермейтіндігі байқалып қалады. Кейбір жетпістен асқан қарияларымыз «бата бере  алмаймын, сен берші» деп қасында отырған кісіге  жалтақтап жатқанының куәсі  де болдық. Сондықтан бата берерде мән-мағынасын ақыл таразысынан өткізіп барып, берген  дұрыс шығар. Әйтпесе бата орнына тілек айтып, батаның қадірін кетіріп аларымыз сөзсіз.

Рахымбек Абиров,
“Тілеш қажы” мешітінің бас  имамы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1942
mod_vvisit_counterКеше1658
mod_vvisit_counterОсы аптада1942
mod_vvisit_counterӨткен аптада13911
mod_vvisit_counterОсы айда29082
mod_vvisit_counterӨткен айда37584
mod_vvisit_counterБәрі2468264

Серіктестер