
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы үш жыл ішінде барлық ауылдық елдімекендерді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажеттігін айтқан болатын. Осыған сәйкес, облыста, ауданымызда халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсару мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Астана күні қарсаңында, Диқан ауылында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында, жаңа заманауи үлгідегі
дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді. Жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуы - ауыл халқы үшін үлкен қуаныш болды. Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, “Amanat” партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева, Диқан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. Салтанатты шараға қатысушылар жаңа ашылған дәрігерлік амбулаторияны аралап көрді. Мұнда науқастар мен медициналық көмекке жүгінген азаматтарға сапалы амбулаториялық көмек көрсету үшін барлық қажеттіліктер қарастырылған. Олар өздерінің біршама уақыттан бергі сұраныстарының орындалғаны үшін ризашылықтарын білдіріп отыр. Енді бастары ауырып, балтырлары сыздай қалса ауданға қарай жүгірмей өз амбулаторияларында ем қабылдай беретін болады. |
Обновлено 04.07.2024 21:36 |