
Астана күні қарсаңында Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай ауылында 25 келушіге арналған Жетібай дәрігерлік амбулаториясы ашылды. Сметалық құны 267990,0 мың теңгелік жаңа нысанның ашылуына ауыл тұрғындары көп жиналды. Сондай-ақ аталған шараға аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадина Сейтқазина, аудандық мәслихаттың депутаты Ерлан Рыскелдіұлы қатысты. Жаңа ғимараттың ашылуына байланысты алғашқы құттықтау сөз «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиеваға берілді. - Құрметті ауыл тұрғындары, сіздерді дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен құттықтаймын! «Amanat» партиясының сайлауалды
бағдарламасы аясында ауданымызда көптеген құрылыстар жүргізілуде. Солардың бірі - күні кеше ғана Диқан ауылында осындай дәрігерлік амбулатория іске қосылса, бүгін ауылдарыңыздағы амбулатория халық игілігіне берілгелі отыр. Енді мұнда сапалы да, білікті мамандар еңбек етіп, халық денсаулығына қызмет етеді деп сенеміз, - деді Индира Абылханқызы. Бұдан кейін ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалмахан Бекмаханбетов, медицина саласының ардагері Шолпан Сатыбалдиевалар ауыл тұрғындарын жаңа амбулаторияның ашылуымен құттықтап, өздеріне осындай жағдай жасап отырған аудан басшыларына алғыстарын білдірді. Амбулаторияға ауырғандықтан ем іздеп қана келмей, аурудың алдын алу жолында ғана келіңіздер деген тілектерін жеткізді. Сондай-ақ жана амбулаторияға енді жаңа жедел жәрдем көлігі берілсе деген тілектерінде жасырмады. Шараға қатысқан ауыл тұрғындары амбулатория ішіне кірген бетте жағалай шашу шашып, әрбір бөлмелерді аралап көрді. Әр бөлме өздеріне қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ем іздеушілер күндіз ем қабылдағанда жататын арнайы төсек орны мен бөлмеде қарастырылған екен.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |
Обновлено 04.07.2024 21:34 |