Кешегі Кеңестер Одағы кезіндегі Целиноград қаласы ел Тәуелсіздігін алғаннан кейін Ақмола атанғанын білеміз. Ал 1998 жылы қалаға Астана атауы берілген болатын. Осы уақыттан бергі ширек ғасырдан астам уақытта ел болашағы жыл өткен сайын жарқын бола түсіп, Қазақстанды әлем тани бастады. Қашанда жаңашылдыққа бет алып, даму белсенділігі артып келе жатқан еліміздің ертеңі жарқын. Жыл сайын өсіп, өркендеп келе жатқан бас қаламыз – Астанамен бірге сол жылы өмірге келген қала құрдастары да жоғары оқу орындарын тамамдап, бүгінде әр салада абыройлы еңбек етіп келе жатқандарыда аз емес. Солардың бірі – ауданымыздың тумасы, Астананың құрдасы Жиеналиева Сымбат Арстанбекқызы. Сымбат 1998 жылдың 11 мамырында Сарыкемер ауылында дүниеге келген. Ол 2015 жылы Н.Киікбаев атындағы орта мектепті, ал 2020 жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық
зерттеу университетін бітіріп, «Агротехнолог» мамандығын алып шыққан. Алғашқы еңбек жолын 2020 жылы Түймекент ауылдық округі аппаратында «Жастар тәжірибесі» бойынша бастаған ол аталған округтегі жастар ісі жөніндегі аға-инспектор қызметінде абыройлы атқарды. Өткен жылдан бері аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыру, бақылау және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы қызметін тыңғылықты атқарып келеді. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жас бар болғаны бір жыл ішінде-ақ өз жұмысын жете игеріп, көптеген іс-шаралардың басында жүр. Сымбат үйдегі бес баланың екіншісі. Алдында ағасы, өзінен кейінгі екі інісі мен сіңлісіне үнемі қамқорлық көрсетіп, жастайыннан анасы Маяға қолғанат болып өсті. Енді міне өзі де 2018 жылы Бостан Абдуллаевқа тұрмысқа шығып, бүгінде отбасында 1 ұл, 1 қыздың анасы атанып отыр. Сымбат өзі еңбек еткен бар болғаны 4 жыл ішінде біршама жетістіктерге қол жеткізген жас. Ауданда өткізіліп жататын іс-шараларға белсене қатысып, әсіресе жастардың арасынан табылады. Әртүрлі аудандық ауқымды шараларды ұйымдастырып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Нәтижесінде аудан басшылығы тарапынан бірнеше мәрте Алғыс хатқа ие болды. -Мен еліміздің бас қаласы Астана болып аталудан бар болғаны екі айға жетер-жетпес уақытта өмірге келген екенмін. Содан бері Астана қаласы аз уақытта-ақ адам танымастай өзгерді. Есіл өзенінің жағалауына орналасқан қаламыз еліміздің бас қаласы болғанымен әлем таныған жас қалалардың бірі. Күн өткен сайын көркейіп келе жатқан қаламыздың құрдасы болғанымды әркез мақтан етемін. Мақтанып қана қоймай Астананың құрдасы болу маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл мені бәсекеге қабілеттілікке, жұмыста үздік болуға, кездескен қиындықтарды жеңе отырып табысқа жетуге шақырады. Сондықтанда мен өзіме тапсырылған жұмысты ойдағыдай атқарып, атыма кір келтірмей ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қоса беретін боламын,- дейді Сымбат Арстанбекқызы. Иә, бар болғаны 26 жылда-ақ дәулеті тасып, сәулеті асқан абыройлы Астана бүгінде өзінің көз сүйсінтерлік көрікті де, келбетті, әдеміде, әсем зәулім ғимараттарымен талайды таң қалдырып, тамсандыруда. Асқақтай бер, Астана!
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |