Кеше Үлгілі ауылындағы ең үлкен көрікті көшелердің бірі - Қожаберген Исмайлов көшесінің бас жағына Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Қожаберген Исақұлына арналып қойылған ескерткіш тақтаның ашылуы болды. Салтанатты шараға ауыл тұрғындарымен бірге ауылдық округтің әкімі Мейіржан Досмұратов пен аудандық мәслихаттың депутаты Ләйла Бесбаевада қатысты. Қожаберген Исмайлов 1918 жылы Үлгілі ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, техника тілін тез игерген жан. 1938 жылы әскерге аттанып, Ұлы Отан, фин және жапон басқыншыларына қарсы соғысқа қатысқан. Соғыста жүріп бірнеше марапаттарға ие болған ол елге 1946 жылы оралады. Соғыстан оралысымен «Үлгілі» кеңшары, кейінірек «Киров» колхозында механик, бас инженер қызметтерін абыроймен атқарып, ауданның
өсіп-өркендеуіне, халық тұрмысының жақсаруына көп үлес қосады. Зейнетке шыққаннан кейінде өндірістен қол үзбей, қоғамдық жұмыстарға, әсіресе ауыл халқының бірлігі, жастар арасындағы тәрбиеге мол еңбек сіңірді. Сондықтанда ауылдағы бір көшеге осыдан бірнеше жыл бұрын ардагердің есімі берілген болатын. Салтанатты шарада алдымен ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері Нағима Даусариева сөз алды. -Мен Қожабергенді жақсы білемін. Шаруашылықта 40 жылдай бірге қызмет еттік. Ол өте еңбекқор, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті мол азамат болатын. Оның кезінде шаруашылық техникалары тоқтаусыз жүріп тұрғанының куәсі болдық. Ал шаруашылық жұмысы техникасыз бітпейтіні белгілі. Техника тілін жақсы білетін, талай жастарды тәрбиеледі. Енді міне оның еңбегін бағалап, аудандық мәслихаттың депутаты, жиені Алтынбек Жәмішжанов мынадай ескерткіш тақта орнатып отыр. Алтынбек бұған дейін ауылға спорт алаңшасын соғып берсе, енді балабақша ашқалы жатыр. Ауылға кіреберіске үлкен қақпа орнатуда. Міне ауылдың азаматы осындай болуы керек. Алтынбекке алғыс айтамыз. Ауылымыз көркейе берсін,- деді Нағима апай. Бұдан кейін ауыл тұрғындары, ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Жанат Әлібекова, Қалмұрат Құдайбергенов, Кеңесбай Бақтияров, Қайыпкүл Жәмішжановалар Қожаберген ағай туралы жақсы естеліктер айтты. Ал ұлдары Ерғали мен Жұмағали Исмайлов шараға қатысушыларға алғыс айтып, аталған ескерткіш тақтаны тұрғызған Алтынбек Жәмішжановқа ризашылығын білдіріп, үстіне шапан жапты. Ескерткіш тақтаның ашылуына байланысты лентаны Нағима апай мен Қалмұрат ағай қиған бетте тақтаның ақ жамылғысы жерге сырғып түсті. Осы сәтте кеудесінде орден, медальдары жарқыраған аға портреті жарқ ете қалды. Ал ауыл апалары жағалай шашу шашып мәз-мейрам болып жатса, ағаның ағайындары мен ұл-қыздары ескерткіш алдын гүл шоғымен көмкерді. Суретке түсіп жатқандарда аз болмады. Міне осылайша ұйымшылдығы жарасқан үлгіліліктер Қожаберген Исмайловтың есімін ел жадында қалдыру үшін ұлықтап, ұрпаққа үлгі боларлықтай іс атқарды. Қожаберген ағаның қара шаңырағында дастархан жайылып, құран оқылды.
Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ. |