
Кеше, “Amanat” партиясы аудандық филиалы ғимаратының фойесінде аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын мүгедектігі бар қарттар және балалармен әлеуметтік қызметкерлердің бірлесіп жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесі өткізілді. Астана қаласының 26 жылдығына арналған көрмеге ұлттық кәдесыйлар, моншақ пен түймеден, қағаздан жасалған сөмке, ыдыстар, себеттер, тоқыма
бұйымдары, салт-дәстүрімізді ұлықтайтын картиналар қойылды. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі Н.Куттимурадовтың тоқыма жіппен және әр түрлі дәндерден жасалған суреттері жиналғандарды тәнті етті. Ким Екатеринаның моншақтардан өрген ыдыстары мен қол сөмкесі, мүгедектігі бар қартымыз Г.Садықованың өз қолымен өрген себеті, 1-ші топтағы мүгедектігі бар бала Н.Қонысбайдың жасаған сырмағы, А.Алибаеваның анасының жасаған салт-дәстүрді әспеттейтін көркемдік мәні зор картинасы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Майлы бояумен салынған картинада табиғаттың таңғажайып көріністерімен әрбір адамның жақын байланыста екендігін ұғынуға болады. Елорда күніне арналған көрмені аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадина Сейтқазина аралап көріп, ойын-ою-өрнекпен, сезімін-суретпен жеткізе білгендердің ерен еңбегіне жоғары баға берді.
Динара Утепбергенова, үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету құрылымдық бөлімшесінің меңгерушісі. |
Обновлено 04.07.2024 21:26 |