Онлайн газет



ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ НАҒЫЗ ҚАЙРАТКЕРІ

«Жақсы адам-жұрттың ырысы», «Жақсы-ай мен күндей» дейді халқымыз. Ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан, бүгін көңіл төрінде азаматтық келбеті сақталған, жүрегімізде жылы жүзі мен ісі, сөзі жатталған, ағалық ақылын айтып, шапағатын тигізген жайсаң азаматтардың бірі – Әбдеш Анарқұлов.
Тонның ішкі бауындай біте  қайнасып, етене жақын жүргендер, қызметтік жолда әріптес болғандар оны аса қарапайым, кішіпейіл, көпшіл болған жан еді дейді. Жауапты жұмыс майданында шыңдалып, еселі еңбектің қазанын қайнатқан оның еңбек жолындағы табыстары оны биік баспалдақтарға көтерді. Абзал ағамыз  арамыздан мәңгіге алыстап кетпегенде, биыл 100 жасқа толар еді...
Әулетті отбасында дүние есігін ашқан ағайынды жігіттердің ортаншысы Әбдеш аға да қаржы саласын таңдайды. Ағасы Боранбай облысқа еңбегі сіңген белгілі қаржыгер болып, Жамбыл, Жуалы аудандарында жауапты қызмет атқарса, інісі Расылхан ұлағатты ұстаз атанған-ды.
Әбдеш ағаның өзі 1924 жылы Луговой ауданына (қазіргі Т. Рысқұлов) қарасты Ақыртөбе станциясында дүниеге келіп, 8 жылдық мектепті бітірген соң әскер қатарына алынады. Тылда жеңісті жақындату жолында сегіз жыл тер төккен ол 1950 жылы Семейдегі қаржы-салық техникумын бітірген соң, еңбек жолын Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық салық бөлімінде қаржы агенті болып бастаған екен. Аудандық қаржы бөлімінің сол кездегі салық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқара жүріп, жоғары оқу орнын бітірген ол табандылық, төзімділік, адалдық пен жауапкершіліктің арқасында құрмет пен беделге бөленіп, артына ізгілікті із қалдырады. Әбдеш Анарқұлұлы туған елінің гүлденуіне, отбасының берекесіне, балаларының өнегелі, парасатты болып өсуіне бүкіл саналы ғұмырын арнаған ардақты әке, білікті басшы, өз мамандығының білгірі бола білді.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсеңде өлмегенмен боласың тең,-деп Абай жырлағандай, азаматтығы биік, адамгершілігі зор азаматтың пейілі-берекелі күздей жомарт, ниеті наурыздың ақша қарындай таза болғандығы оның істеген жақсылықтарын жария етпей, игілікті істерін тіршіліктің қатардағы қажеттілігі санағандығынан анық аңғаруға болады.
33 жыл бойы қаржы саласында қажырлылықпен тер төгіп, әрдайым өзін-өзі қамшылап, білімдіден үйреніп, білгенін үйретуден жалықпаған Әбдеш Анарқұлұлы зейнетке шыққан кезінде де тұғырдан таймай, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында болып, маңызы зор қоғамдық істерге ұйытқы болған еді. Оның ел үшін, қоғам үшін атқарған жұмысы өзінің лайықты бағасын да алды. Қаржы саласының «жілігін шағып, майын ішкен» аға СССР қаржы министрлігінің «Үздік қаржыгер» төсбелгісімен, бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Асыл ағаның тәрбиелеген шәкірттері Ж. Құмғанбаев, Н. Дүйсенбекова, М. Сәбденбеков, К. Қосымов, Н. Есімов, Ш. Асанов, Ж. Шолтабаева,  К. Қасымовтармен мақтануға болады.
Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай ауылында құдай қосқан зайыбы Назира Бектенбайқызы екеуі бірнеше ұл мен қыз тәрбиеледі. Ардақты аға перзенттеріне: «Қарапайымдылық – әр адамды биікке жетелеп, өзіне-өзі әділ баға беретін айрықша қасиет. Сабыр мен ақылды тең ұстасаңдар, әрдайым биіктен көрініп, абыройлы боласыңдар. Мұны естен шығарушы болмаңдар», -  дейді екен. Шындығындада әке өсиетіне  адалдық танытқан перзенттерінің бірі мемлекеттік қызметкер, енді бірі ұстаз, кәсіпкер, банкир, ішкі істер қызметкері, яғни барлық саланың хас мамандары.
Биылғы жылдың 3 шілдесінде өмірден өткеніне  31 жыл толған ағаның  «Мен үнемі елім үшін шынайы беріліп, адал еңбек еттім. Оның нәтижесін, бағасын жұртшылықтың өзі береді. Жеткен жетістіктерім, шыққан биіктерім, алған асуым болса ол халқымның, әріптестерімнің бірлескен еңбегінің ортақ жемісі деп білемін», - деген сөздерін әрдайым жиі еске алатын әріптес, үзеңгілес болған адамдардың қатары сирегенімен оның көзін көрген кейінгі толқын інілері аз емес.

Тең келмейтін алтын да еш қолдағы,
Өзің едің, әке, үйдің зор бағы.
Жарық берер айымыздай көктегі,
Болушы едің жанымыздың қорғаны.

Жан әкешім, қызметте бапты ерім,
Елге сыйлы, абыройлы, даңқты едің.
Кеткеніңде келмейтін боп енді еш,
Сізді жоқтап, күңіреніп жатты елің.
Сіз кеткенде жанарлар да жылап тым,
Жігеріміз кетті сынып, сұлап мың.
Жан әкешім, жаның болғай әрқашан,
Ең ерекше, ақ төрінен жұмақтың.

Еңбегімен елінің құрметіне бөленген келешек ұрпақтарға тамаша тәрбие, өткен тарихтан қазыналы сыр, күнделікті тірлікте өнеге болған Аға әрдайым ел есінде қала беретін болады.

Өз тілшіміз.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін513
mod_vvisit_counterКеше1335
mod_vvisit_counterОсы аптада6781
mod_vvisit_counterӨткен аптада9628
mod_vvisit_counterОсы айда15065
mod_vvisit_counterӨткен айда45659
mod_vvisit_counterБәрі2942080

Серіктестер