Онлайн газет



Береке, бірлік – басты байлығымыз

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Біздер қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың  ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі. Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім» дей отырып, осы құндылықтардың арқасында жеңіске жеткенімізді, елімізді нығайтып, ұлы жетістіктерімізді еселегенімізді мақтанышпен жеткізді.
Бұл құжатта Нұрсұлтан Әбішұлы «Біз 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұратын елде ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтап, нығайттық. Біздің саясатымыз табысты болды» деген де болатын. Шындығында да татулықты ту еткен халқымыздың бекем бірлігінің арқасында талай қиыншылықтарды жеңіп, табысты елу елдің қатарына ендік. Түрі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір халықтар достастығы бүгінде туыстыққа ұласып, енді дамыған 30 елдің қатарына ену межесіне қарай қол ұстаса қадам басып барамыз.
Өткен жұма күні бас қаламыз – Астананың «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Қазақстан -2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ кезекті сессиясы өз жұмысын бастады. ҚХА мүшелері, Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері, саяси партиялар, діни конфессиялар, қоғамдық ұйым басшылары мен дипломатиялық миссия және шет елдерден келген арнайы қонақтар қатысқан сессияның ашылу салтанатында мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл Жабаевтың «Жігерлі болса ер болар, бірлікті болса ел болар» деген ұлағатты сөзін алға тартып, бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті - бірлікті ел болуымыздың кепілі екендігін ерекше атап өтті.
«Біздің қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де Заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар – бір туған жердің балалары. Біз бәріміз – біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады – бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір – біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз» деген Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның қарыштап дамуында Ассамблеяның алатын орнын сөз ете,  түрік бол, қазақ, орыс бол, өзбексің бе, жалпы түрлі этностағы қазақстандықтардың шағын және орта бизнесті дамытуға, ғылым, білім алуына, денсаулығын сақтап, спортқа белсенді араласуына, еңбек етуге барлық мүмкіншіліктер қарастырылғанын айтты.
Сессия барысында Елбасымыз елімізде этностық, тілдік, діни және әлеуметтік айырмашылығына қарамастан, бүкіл қазақстандықтардың тең құқылығы сақталатындығы, олардың мәдениеттерінің тең жағдайда дамуы туралы мәселе шешімін тапқанына да ерекше тоқталып, түрлі этносқа жататын біздің отандастарымыздың әлемдік өнерге, әдебиет пен спортқа қосқан үлестерінің артып келе жатқанын мақтанышпен жеткізді.
Ұлт Көшбасшысы «Қазақстан -2050» Стратегиясын сәтті жүзеге асыру жолында алда атқаратын ауқымды шаралар жайында да сөз етті. Толеранттылық пен келісімнің қазақстандық моделін одан әрі ілгерілету бойынша бірқатар жаңа шараларды қабылдау қажет деп көрсетті. Ол бойынша Мемлекет басшысы бірнеше мәселе төңірегінде тұшымды ой-пікірлерімен бөлісті. Үкіметке Ассамблеямен бірлесе жұмыс жасауды тапсырды. Атап айтар болсақ, 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялау, Ассамблея туы астында құрылған жергілікті жерлердегі Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлін күшейту, барлық облыстарда, Астана және Алматы қалаларында кіші ассамблеяларды дамыту тұжырымдамасын қабылдау, ҚХА қызметін  қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік мекеме, өңірлік мекемелер құрудың маңыздылығы, олардың мәртебесін жоғарылату, әсіресе «Жасыл ел» бағдарламасын одан әрі жандандыру  және т.б көкейкесті мәселелерді қамтыған Елбасы тапсырмалары - елімізде келісім мен бейбітшіліктің мәңгілік салтанат құруына септігін тигізетіндігі анық.
«Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте». Осылай деп сөзін түйіндеген Елбасы ортақ Отанымыз - Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік, түтінін түзу ұшыру жолында біріге еңбек етуге шақырды. Олай болса, кемел келешек үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара ұлы мақсаттарға жету ендігі жерде баршамыздың ортақ парызымыз бол-мақ.

Өз тілшіміз.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін383
mod_vvisit_counterКеше1609
mod_vvisit_counterОсы аптада9405
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда5312
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2256981

Серіктестер