Онлайн газет



АТҚАРАР ЖҰМЫС АЗ ЕМЕС

Жуырда аудандық Қоғамдық келісім кеңесі ғимаратында аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы Билер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырысқа Билер кеңесінің мүшелері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков бастаған алқа мүшелері, ауыл, ауылдық округтердегі билер кеңестерінің төрағалары қатысты.
Отырыста аудандық Билер кеңесінің төрағасы Исағали Сәлімбаев «Аудандық және ауылдық округтердегі Билер кеңестерінің 2024 жылдың І жарты жылдығында атқарған жұмыстары және туындаған мәселелерді шешу жолдары туралы» баяндады.
-Сіздердің барлықтарыңыз бір-бір ауылдың қазыналы қарияларысыздар. Сіздерді елге тоқтау айтып, кеңес беретін абыз ақсақалдар деп білеміз. Бүгін сіздермен жақынырақ танысып, ортақ істі ортаға салу үшін бас қосып отырмыз. Елімізде болып жатқан ахуал, өз ауданымызда атқарылып жатқан игілікті істер туралы жақсы білесіздер. Міне осындай жақсы істерге жергілікті жерлердегі Билер кеңестерінің тигізер пайдасы мол болуы қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «Жаңа Қазақстан» құру бастамасын көтеріп, оның бір негізгі тармағы ретінде «Дала демократиясын», ұлтымыздың салт-дәстүрін жаңғырту арқылы ұмыт бола бастаған асыл қазыналарымызды ел игілігіне пайдалану мәселесін көтерді.
Оның негізгі қажеттігі еліміздің ұмыт бола бастаған мәдениетін, салт-дәстүрін қалпына келтіру және дамыту. КСРО кезінде «интернационализм» деген жалған ұранмен жаппай орыстандыру саясаты жүргізіліп, еліміздің көптеген асыл қазыналары «ескінің сарқыншағы» деген айдармен кейінге ысырылып, бүгінгі күнгі жастар қарияларды сыйламайтын, тыңдамайтын жағдайға жеттік. Оның үстіне ел басынан өткен қилы замандарда елдің көшіп-қонуының көбеюі арқасында халық әдейі сапырылыстырылып, бір ауылда бірнеше ата ұрпақтары орналасты және оларды ата-атаға бөліп, араларына от тасталып отырды. Ауылдардағы ықпалды азаматтарға қуғын-сүргін ұйымдастырылып, «Халық жауы» деген айдар тағылып, қамауға алып, елден шеттетілді. Халықты дәстүрлі басқарудан айырып, Кеңес өкіметінің ықпалына көндіру жұмысы тұрақты және жүйелі түрде жүргізіліп отырды. Түптеп келгенде бұл жұмыстың негізгі мақсаты қазақты ұлт ретінде жоюға бағытталғаны белгілі.
Біздің ендігі мақсатымыз және жұмысымыздың басты бағыты елімізге біздің «Қазақ» -деген бір атаның баласы екенімізді ұқтырып, ауылдағы Билер кеңесінің маңына топтастыру деп санаймын. Қазақ бүлінбей тұрғанда бір ауылды бір қария ауыл ақсақалдарымен ақылдаса отырып басқарып, ауылдағы барлық мәселені шешіп отырған (тұрғындарға қажетті жайылым, ағын су, ауыз су, көшіп-қону, дау-дамай, тағы басқада). Осы тұрғыда өз ауданымыздағы түрік ағайындардан үлгі алуға болатынын айта кеткім келеді.
Бүгінгі күні ауылдарда шешімін күтіп тұрған мәселелер өте көп. Соның біреуін айта кетейін. Мырзатай ауылдық округіне қарасты Сеңкібай ауылының тұрғындары жаңадан салынған бетон тоғаннан өте алмай, малдарын бірнеше шақырым жерге айдап, Абай ауылына қатынайтын автожолдағы көпір арқылы өткізіп жүргеніне бірнеше жыл болды. Үлкен жолдан өтерде малдарын көліктер қағып, шығынға ұшырап жатқандарыда жоқ емес. Сонымен қатар айдап барған малын суаратын суаттың жоқтығыда ауыл тұрғындарына қиындық туғызуда. Осындай мәселелер біраз ауылдарда бар.  Біз осы мәселелердің шешілуіне атсалыссақ елдің бізге деген сенімі арта түсер еді. Ал осы мәселені Билер кеңестері бастап, ауыл болып көтерсек, шешімі табылар деп ойлаймын.
Тағы бір өзекті мәселе, бүгінгі күні ел жастары арасында әлеуметтік желілер арқылы таратылуы кең ауқым алып бара жатқан, батыс елдерінде орын алып отырған жастардың ұлттық құндылықтардың, адами дамудың аяқасты етуі біздің елімізгеде кері әсерін тигізіп, қазақтың ұлт құндылықтарының, салт-дәстүріміздің сақталуына кері әсерін тигізуде. Сол себепті жастармен жиі кездесіп, жастар арасында тұрақты жұмыс істеп, өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізді ұдайы насихаттап отыруымыз қажет. 
Осы орайда біз-қаймағы бұзылмаған ауыл ардагерлері «Біз өз жұмысымызды атқарып қойғанбыз» демей, енді жастардың тәрбиесіне, еліміздің дамуына, болашағына мән беруіміз қажет деп ойлаймын,- деді Исағали Бошқайұлы.
Ол одан әрі әрбір ауылдардағы кездесіп жататын проблемалық мәселелерге де ерекше тоқталып өтті. Әсіресе, мал ұрлығы, жастар арасындағы ажырасу, көршілер арасындағы жанжал, балалар арасындағы майда-шүйде бұзақылықтарды сотқа сүйремей-ақ өз орталарында қарап, оңды шешім жасау билер кеңесінің қолынан келетінін атап өтті.
Көпті көрген көнекөз қариялардың ақыл-кеңестеріне тоқтайтын, үлкендерді де, кішіні де сыйлайтын жастарды тәрбиелеуге мол үлес қосу басты міндеттердің бірі екеніне айрықша тоқталды. Ауыл жастарын бұзақылықтан бөлек, спорт, мәдениетке жақын етіп тәрбиелеу керектігіне басымдық беруге ерекше тоқталды.
Отырыста аудандық Билер кеңесінің мүшесі Мейірбек Болатбеков «Бізде мемлекеттік тіл мәселесі әлі толық шешімін таппаған. Соның бір әсер етушісі ұялы телефондар толығымен орыс тілінде. Осы мәселені шешу керек» десе,  Мырзатай ауылдық округі Билер кеңесінің төрағасы Оразбай Дәрібаев «Халықтың аузы орыс тілінде қалыптасып қалған. Өйткені әліпбиіміз кириллица, соны пайдаланып жүрміз. Ел болып латын әліпбиіне көшуіміз қажет. Сонда көп мәселе шешімін табатын болады.
Тағы бір айтатын мәселе, мен бала тәрбиесінің бүгінгі  тәрбиелеу әдісіне қарсымын. Ата-аналарына «Баланы жұмсама, балаға қатты сөйлеме» деген сияқты шектеулер қойып отыр. Баланы жұмсамаса ол тіршілікті, балаға тыйым болмаса әлі қалыптаспаған бала тәртіпті қайдан үйренеді. Ол бала ойына келгенін істесе одан келешекте қандай жақсылық күтуге болады. Осы мәселені ортаға салып шешу қажет»-деді.
Жаңатұрмыс ауылдық округі Билер кеңесінің төрағасы Бисен Жүзгенбаев «Біз еліктегіш, сенгіш, жаңаға құмар халықпыз. Сол себептіде жастарымыз басқа елдердің тәртібіне көп еліктеуде. «Отан-отбасынан басталады» деген сөз бекер айтылмаған. Жастарға тоқтау салу, тәрбие беру ата-ананың басты міндеті. Отбасында тәрбиені күшейткен жөн» десе, Ынтымақ ауылдық округі Билер кеңесінің төрағасы Асан Әлмақашов «Біз қазақы дәстүрден күнен-күнге алыстап барамыз. Бала тәрбиесімен қатар адам қайтыс болғандағы ұстанымымызды әбден өзгертіп, тоздырып, адам шошитын жағдайға жеткіздік. Қаза болған үйде мал сойылып, дастархан жаюды тоқтату керек. Бұл ата-бабамызда болмаған нәрсе. Сонымен қатар қазір «бейшенбілік» деген сорақы тәртіптіде енгізіп алдық. Ол үйде қаза болып, адам шығып, ел аза тұтып отыр. Ал біз болсақ ол үйді одан бетер шығынға ұшыратып, әлеуметтік жағдайын нашарлатып отырмыз. Жалпы ел болып осы теріс, шариғаттада жоқ тәртіпті тоқтатуға атсалысайық»,-деді.
-Ауылдарда билердің атқарар жұмыстары көп. Баяндамада айтылғандай бала тәрбиесі, дау-дамайды шешу мәселелерімен қатар көп шығынды қажет етпейтін шаруашылық мәселелеріде туындап жатады. Осы мәселелерді шешуге ауыл тұрғындарын топтастырып, жұмылдырып шешіп отыру керек. Оған биліктегілерді қатыстырудың, олардан көмек сұраудың да қажеті шамалы,-деді аудандық Билер кеңесінің мүшесі Шаймерден Мырзалиев.
Отырысты аудандық Билер кеңесінің төрағасы И.Сәлімбаев қорытындылап, ауыл, ауылдық округ билер кеңестерінің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, тиісті шешім қабылданды.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.

Обновлено 11.06.2024 10:58
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін557
mod_vvisit_counterКеше1348
mod_vvisit_counterОсы аптада7775
mod_vvisit_counterӨткен аптада8176
mod_vvisit_counterОсы айда32121
mod_vvisit_counterӨткен айда62198
mod_vvisit_counterБәрі2396381

Серіктестер