Онлайн газет



ҚҰРБАНДЫҚ

Құрбан шалудың маңызы
Құрбан - араб тілінен алынған сөз. Араб тілінде «Удхия» сөзімен берілген. Құрбан «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Терминдік мағынасы: Алла Тағалаға жақындау үшін құрбандық шалу ниетімен белгілі бір уақытта сойылған арнайы жануардың атауы.
Құрбандық шалу да, зекет сияқты һижреттің екінші жылында бұйырылды. Құран Кәрімде құрбандық шалу жайлы: «Раббың үшін намаз оқы және құрбандық шал» деп, бұйырады. Кейбір тәпсіршілердің пікірінше, мұндағы намаз «Айт намазы», ал сою «Құрбан-Айт күндері сойылған құрбандықтарды білдіреді». Бұл аят құрбандық шалу және құрбандық шалу мерекесінде Айт намазын оқу уәжіп екендігінің дәлелі. Сондай-ақ, сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с)  құрбандық шалып, құрбандық шалуға кеңес берген.

Құрбандықтың қысқаша тарихы
Құрбандық оқиғасы - Ибраһим мен оның ұлы Исмайл және жұбайы Aжардан басталады. Ол Ажар мен ұлы Исмаилды Меккеге қоныстандырды. Ибраһим Шам қаласындағы үйінде ұйықтап жатқанда, түсінде ұлы Исмаилды құрбандыққа шалғанын көрген. Ибраһим дереу Меккеге барғанында Исмайл анасының жанында болды. Исмайлға ұлым арқан мен үлкен пышақты ал,- деді. Кейін алқапқа барып, үйдегілерге отын жинайық", - деді. Ол түсінде Раббысының оған бұйырғанын ұлына айтпады.
Әкесі мен баласы Ши'балқабына қарай бет алған кезде, шайтан адам кейпіне еніп, Ибраһимнің алдына өтіп Алланың бұйрығын орындаудан тайдыруға тырысты. Алайда оны алдай алмады. Ибраһим шайтанды қуып жіберді. Онымен қоймай Исмаил мен Ажарды Алланың бұйрығын орындаудан тайдыруға тырысты, бірақ бұл ісінен де ештеңе шықпады. Олардың барлығы Алланың әміріне бойұсынып, оны орындауда бірікті. Ибраһим ұлы Исмаилмен алқапта жалғыз қалғанда, оған: «балам, мен түсімде сені бауыздап жатқанымды көрдім!», деп өзіне бұйырылғандығын айтты. Сонда Исмаил: «әкем, бұйырылғанды орында», деді. Исмайл: «Әке мені құрбандыққа шалғың келсе, мені арқанмен жақсылап байла. Сонымен қатар, мені бауыздау үшін жатқызайын деп жатқанда, бетімді төмен түсіріп, маңдайымды жерге тигіземін. Өйткені менің бетіме қарасаң, жүрегің елжіреп, Алланың бұйырғанын орындауға кедергі келтіруі мүмкін деп қорқамын!»,- деді. Ибраһим «Ұлым маған Алланың бұйрығын орындауда үлкен көмек көрсеттің», - деп айтты да, өзі айтқандай мықтап байлады. Ибраһим пышағын Исмайлдың тамағына басқан кезде, пышақ мыс табақпен түйіскендей тамағын кескен жоқ. Ибраһим пышақты екі-үш рет қайрады да, тағы бауыздамақ болды. Бірақ пышақ өтпей, бауыздай алмады. Сол кезде оған Алла Тағала: «Уа, Ибраһим! Сен түсіңе адалдық таныттың, міне ұлыңның орнына құрбандыққа шалатын, соны құрбандыққа шал!», деп бұйырды.
Бұл тақырып қасиетті жазба Құранда анық түрде түсіндірілген. Міне, бұл құрбандықтың қысқаша тарихы.

Құрбандық шалу кімге міндет
Құрбан айтта Аллаға ұнамды амал жасайын деген әрбір ерікті мұсылман және ауқатты адамдар үшін құрбандық шалу уәжіп. Имам Ағзамның пікірінше, құрбандық шалу үшін балиғат жасына толу мен ақылды болу шарт емес. Балалардың атынан ата-аналары уәли болып құрбандық шала алады. Алайда, басқа көзқарас бойынша, ақыл мен балиғат жасына жету өте маңызды. Бай балаларға құрбандық шалудың қажеті жоқ. Таңдаулы көрініс соңғысы. Жолаушылар болып табылатындардың құрбан шалуы уәжіп емес. Өйткені жолаушы үшін құрбандық шалуда және оны бағалауда кейбір қиындықтар туындауы мүмкін. Бірнеше адамның серіктес болып шалатын құрбандықтарына барлығының құрбандық шалу ниеті болуы керек. Егер олардың біреуі ет үшін серіктес болса, онда бұл құрбандық жарамсыз болып саналады. Осыған байланысты бүгінгі күні алдымызда тұрған маңызды мәселе-құрбандық шалуға міндетті адамның байлығының өлшемі қандай, 90 грамм алтын немесе оның баламасы ақшамен зекет берудің шегі ретінде жазылған.
Алайда, қазіргі таңда мұсылман өзінің күнделікті қажеттіліктерінен тыс шығындарында оны қиын жағдайға душар ететін сәнді тауарларды қарызға алатынын ескерсек, бұл мәселе адамдардың ұждан есебінде қалады. Бірақ біз жоғарыда аталған мөлшерлеме бойынша қаржылық жинақтары бар кез келген жанға жоғарыда жазғанымыздай, құрбандық шалу уәжіп екенін еске саламыз.

Құрбандыққа шалынатын жануардың түрі
Жануарлардан қой, ешкі, түйе және ірі қара малды союға болады. Бұл жануарлардың еркегі мен ұрғашысы  құрбан шалуда тең. Дегенмен, қой түрінің аталығын құрбандыққа шалған абзал.
Қой мен ешкілердің жасы бір жастан асқан болуы немесе қойлар жеті-сегіз айлық болса да, бір жастағылар сияқты ірі денелі болуы керек.
Еті жеуге жарамды бұғы сияқты жабайы жануарлардан және тауық, әтеш, қаз сияқты үй жануарларынан құрбандық шалынбайды.
Жалғыз адам үшін қой немесе ешкі құрбандыққа шалынады. Түйені немесе ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін бірлесіп союға болады. Серіктестер шалынған құрбандықты өлшеу арқылы бөлуге болады.

Құрбандыққа шалынатын жануарлардың ерекшеліктері
Құрбандыққа шалынатын жануардың бойы аласа, ақсақ немесе жынды болса, мүйізі бар немесе мүйізі жоқ болса, құлағы тесілген немесе көлденеңінен кесілген болса, тістерінің біразы түсіп қалған болса, құрбандыққа жарамды.
Екі көзі немесе бір көзі соқыр, тістерінің көп бөлігі түсіп қалған немесе құлақтары толығымен кесілген, бір-екі мүйізі тамырынан үзілген, құлағының жартысынан көбі немесе құйрығы кесілген жануарды союға болмайды. Құрбандық ретінде шалынатын жануардың семіз болғаны жақсы. Сүйектерінде майы қалмайтындай әлсіз жануар құрбан болмайды.

Құрбандық қай уақытта сойылады
Құрбандық шалу уақыты - Құрбан айттың бірінші, екінші және үшінші күндері. Бірақ бірінші күні құрбандық шалу абзал.
Құрбандық қалалар мен Құрбан айт намазы оқылатын басқа жерлерде Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін сойылады. Үзірлі жағдайдағы адам Құрбан айт намазына бара алмаған жағдайда таң атқаннан кейін шамамен бір сағаттан кейін құрбандық шала алады.
Түнде құрбандық шалу-мәкрух. Өйткені түнде құрбандық шалу қиынға соғады.

Құрбандық қалай шалынады
Құрбандыққа шалынатын малды құбылаға қаратып, «Бисмиллаһи-Аллаһу Акбар» деп сояды. Құрбандықты мейлінше иесі шалғаны дұрыс. Егер бұл мүмкін болмаса, мал бауыздай алатын мұсылманға бауыздатып, өзі жауапты болуы керек. Сол сәтте: «Инна салати уа нусуки уа махяия уа мамати лиллахи раббиль-аламин ала шарикала» “Күмәнсіз менің намазым, құрбандығым және басқа да құлшылықтарым, өмірім мен өлімім әлемдердің Раббысы Алла үшін. Оның серіктесі жоқ.”
Егер біз құрбанды басқа біреуге сойғызып жатсақ, құрбандық иесіне тек «Бисмиллаһи-Аллаһу акбар» деп айту жеткіліксіз, құрбандық шалғалы тұрған адам да айтуы керек. Егер адам құрбандық шалу кезінде әдейі айтпай тастап кетсе, құрбандық етін жеуге болмайды.
Құрбандыққа шалынатын жануарды соқпай кесілетін жерге апаруы, пышақ өте өткір екеніне көз жеткізуі керек, жануар зардап шекпеуі тиіс.

Алмас Құлымбетов,
гуманитарлық ғылымдар магистрі, тарихшы-дінтанушы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін471
mod_vvisit_counterКеше1348
mod_vvisit_counterОсы аптада7689
mod_vvisit_counterӨткен аптада8176
mod_vvisit_counterОсы айда32035
mod_vvisit_counterӨткен айда62198
mod_vvisit_counterБәрі2396295

Серіктестер